Жексенбі күні Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет ауыл, ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтті. Өңірде дауыс берудің әділ әрі заң талаптарына сай ұйымдастырылуын 522 бақылаушы қадағалады. Жұртшылық саяси партиялар мен өзін-өзі ұсынған кандидаттардың арасынан қолынан іс келетін, өзіндік ой-пікірі бар ең лайықтыларын таңдауға мүдделілік танытты. Өйткені әкімдік қызметке өздері таңдау жасаған азамат келсе, ауылдың дамуына, тұрмыстың жақсаруына септігі тиеді деген үміт басым.
Демократиялық жаңғырудың батыл қадамы ретінде қабылданған сайлау барысымен танысу үшін Аққайың ауданына қарасты Астраханька ауылдық округінің орталығына келдік. Бізді мектепте орналасқан №97 сайлау учаскесінің төрайымы Ақбала Кулекина ізетпен қарсы алып, сұраған деректерімізді қолымызға ұстатты. Округ құрамына енетін Астраханька және Қаратомар елді мекендері бойынша 695 сайлаушы тіркелсе, біз келгенге дейін 250-і дауыс беріп үлгеріпті. Ерте келіп, тарихи таңдау жасағандардың бірі – Балқия Керебаева 1982 жылы Қаратомарға көшіп келгеннен бері бірде-бір сайлаудан қалып көрмепті. Көзі ашық зейнеткер ауыл-аймаққа беделді үміткер үшін дауыс бергенін, кім сайланса да тұрғындардың мұң-мұқтажы бірінші кезекте шешілсе екен деген ойын алға тартты. “Ауылда жетпіске тарта үй бар. Клуб жұмыс істейді. Ауызсу жеткізілген. Кей отбасылар үйлеріне дейін тартып алған. Көшелер жарықтандырылған. Жаңадан сайланатын әкімге жан-жақты қолдау көрсетсек, әлеуметтік жағдайымыз одан да жақсарады деген сенімдемін”, – дейді кейуана. Алайда әлі шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мәселен округ орталығы Астраханькада 300-ге жуық түтін болғанымен, әлі күнге дейін Мәдениет үйі, балабақша жоқ. Қаратомарға дейінгі жол жөндеуді қажет етеді.
Зоя Саренко, Ирина Симашко, Елена Радчинская сияқты ауылдың байырғы тұрғындары таңмен таласа тұрып, сайлау учаскесіне бет алса, олардан жастар да қалысар емес. “Үш кандидаттың біреуі – “Nur Otan” партиясының өкілі, қалған екеуі – өзін-өзін ұсынғандар. Қай-қайсысы да әкім болуға лайық. Сайлауалды бағдарламалары көңілімізден шықты. Бақ шаба ма, бап шаба ма – оны бүгінгі бәсеке көрсетеді”,– дейді сайлаушылар.
Облыстық партиялық емес байқау орталығының аудандағы өкілдерінің бірі Жібек Қабдолованың айтуынша, халықтың белсенділігі жақсы. “Nur Otan” партиясының атынан саяси науқанның өтуін қадағалаған Сәуле Қасымова ешқандай заң бұзушылық болмағанын айтты. Аудан бойынша сайлау 10 округте ұйымдастырылып, партиялардан 10 үміткер, өзін-өзі ұсынған 20 адам қатысты. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Қизат Құрманбаев берген мәліметтерге қарағанда, сайлаудың алғашқы қорытындылары бойынша 8142 сайлаушы өз таңдауларын жасаған, бұл – дауыс беру құқығы бар барлық тұрғындардың 89,77 пайызына тең.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.