Петропавлда алаяқтар 93 жастағы әжейді алдап, оның жиған-терген 300 мың теңгесін алып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 шілде күні кешке қылмыскерлер 93 жастағы Петропавл тұрғынына хабарласқан. Алаяқтар әжейдің үй телефонына қоңырау шалып, «немересін полицейлер алып кетті, мәселені шешу үшін 5 мың доллар төлеу қажет» деп алдаған. Шошынған кейуана жинаған 300 мың теңгесі барлығын айтқан. Телефон арқылы сөйлескен адам, балконнан ақшаны бір адамға лақтыруын бұйырған. Зейнеткер олардыңайтқанын істеген. Артынан туыстарымен хабарласқаннан кейін ғана, алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын түсінген.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Бұл қылмысты жасағандарды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлер ұялы телефон болмаған жағдайда үй телефонына хабарласады. Бұған дейін телефон алаяқтары жоғалған еді. Алайда, соңғы күндері Петропавлда тіркелген бұл екінші оқиға.
Жуырда полицияға тағы бір зейнеткер жүгінді, оған да осылайша қоңырау шалған. Ол бірден туыстарымен хабарласып, алаяқтар айтқан адамының амандығына көз жеткізгеннен кейін, полицияға болған жағдай туралы хабарлаған», – дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы екінші полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Самат Тастан.
https://www.inform.kz/