“Тіршілікте адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс. Біріншісі жар таңдау болса, екіншісі – мамандақ таңдау” дейді дана халқымыз. Алғашқысын қайдам, ал мамандық таңдауға жастар әлі де аса мән беріп жүрген жоқ. Соның салдарынан жоғары оқу орнын бітірсе де жұмыс таппай, өмірде адасқан жандар қаншама?! Бұл орайда ата-ана баланың мамандық таңдауына араласуы керек пе? Осы мәселе жайында сауалнама жүргізген болатынбыз.
Кенжегүл АҒАТАЕВА,
педагог:
– Мамандық таңдап, балаға бағыт-бағдар беруде ата-ананың атқаратын рөлі зор. Кейбір ата-ана балалары экономика, қаржы, заңгерлік мамандықтар бойынша білім алғанын қалайды. Өкінішке қарай, баланың сол мамандықты меңгеруге құлқы бар ма, жоқ па, онымен санаспайтындар да бар. Кейде оқушылардан қандай оқу орнын таңдағанын сұрағанда “анам дәрігер боласың деді” деп жауап береді. Бала өз таңдауымен жүрегі қалаған мамандық бойынша білім алмаған соң, оқуға жүрдім-бардым қарайды. Әйтеуір зордың күшімен бітіреді. Содан кейін ақша тапса болды деген көзқараспен ата-анасы жүгіріп жүріп, баланы жұмысқа орналастырады. Сондықтан ата-аналар баланың қалауын ескеріп, ортақ шешімге келгендері дұрыс.
Арайлым МАХМЕТОВА,
ата-ана:
– Көптеген ата-ана өздері армандаған мамандық бойынша балаларының білім алғанын қалайды. Таныстарымыздың арасында өз қалауынсыз, ата-анасының айтуымен оқуға түсіп, әлі күнге дейін сол мамандықты ұнатпай, өзін қинап жұмыс істеп жүргендер бар. Тіпті 30-40 жасқа келгенше өмірде өз орнын таппай, жаны қиналған жандарды көргенде әттеген-ай дейсің. Сондықтан баланың мамандық таңдауына кедергі жасамаған жөн деп санаймын. Өзінің қалауын білетін, бастаған істі соңына дейін жеткізуге дайын тұратын ұл-қыздар болады. Ал егер сіздің балаңыз көңіліңізге қарап, жанына жақынын емес, сіз айтқан мамандықты таңдаса, оның болашағы қандай болмақ? Мен балаларыма әрдайым өздері қалаған нәрсемен айналысып, жақсылықтың жаршысы болу қажет екенін айтып отырамын. Бала “мен әлемнен не аламын деп емес, әлемге не бере аламын” деп ойлануы қажет.
Дайындаған
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.