«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЫШТЫ ҚАДАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа ғасырдың басы, соның ішінде тарих қойнауына енген 2002 жыл еліміз үшін қайта өрлеу кезеңі тәріздес. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау шарықтау шегіне жетіп, әлеуметтік-экономикалық салада қайтадан өсім байқалды. “Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас” деп данышпан Абай айтқандай ел Тәуелсіздігінің 30 жылының әрбір сәті – жылы мен айы, аптасы мен күні, сағаты мен минуты құнды. Сәт сайын тағдыршешті қадамдар жасалып, тың бастамалар қолға алынғанын бүгінгі күн мінберінен анық аңғарамыз. Әрине, қиын жолда қателіктер де кездесті, жоғалтқанымыз да бар. Бірақ алға қойған мақсат айқын, меже түзу еді.

Еліміздің солтүстік қақпасы – Қызылжар өңірінің даму көрсеткіштеріне көз жүгіртсек те біраз жайтты аңғарамыз. Қолымда облыстың 2002 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы құжат. Өңірдің негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы болғандықтан осы салаға назар аударайықшы. Бір жыл бұрынғыға қарағанда ұн үгу – 45,1, макарон өндірісі – 47,2, сарымай – 27, сүт пен кілегей – 14,2, ет өнімдері – 11,2 пайызға артық өндірілген. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі сол кездегі қолданылған бағамен есептегенде 7786,2 млн.теңге болды. Мал мен құстың барлық түрлерінің саны біртіндеп өсе бастады. Қаңтар-маусым айлары аралығында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тірідей салмақпен 28,4 мың тонна мал мен құс етін, 201,5 мың тонна сүт және 66,4 млн. дана жұмыртқа өндірді. Өкінішке қарай, аталмыш сала өнімдерінің негізгі өндірушісі бұрынғыдай үй шаруашылықтары болып қалды, ал ауыл шаруашылығы құрылымдары мен фермерлік қожалықтарда өндіріс көлемінің, керісінше төмендегені байқалды.

Тоқсаныншы жылдардан басталып, бүгінгі күнге дейін облыста оңалмай келе жатқан жағдайдың бірі – демографиялық ахуал. Өзге өңірлерге, алыс-жақын шетелдерге көшушілер жаңа мыңжылдықтың басында азайғанымен, өңірде туу көрсеткіші күрт төмендеп кетті. 2002 жылы облыс тұрғындарының жалпы саны 688,5 мың адам болды, оның 260,4 мыңы қалалық жерде, қалған 428,1 мыңы ауылдарда тұрып жатты. Жарты жылдың өзінде табиғи кему 936 адамға жеткен. Тек төрт ауданда – Ақжар, Тайынша, Ғабит Мүсірепов және Уәлихановта ғана дүниеге келген нәрестелер саны өмірден өткендерден көп. Қалғандарында керісінше жағдай. Тығырықтан шығар жол қайсы? Жергілікті билік қабылдаған “Солтүстік Қазақстан облысында 2001-2005 жылдары мемлекеттік демографиялық саясатты жүзеге асырудағы қосымша шаралар жоспары туралы” өңірлік жоба орта жолдан үзіліп қалмай, бүгінге дейін жалғастырылғанда жағдай мүлдем басқаша болар ма еді? Бағдарлама шарты бойынша үшінші баласын өмірге әкелген аналарға 100 мың теңге сыйақы тғайындалды. Алайда оны бірден алуға болмайды – 15 мыңы ғана қолма-қол ұсынылады, қалғаны банктегі шотқа салынады, 35 мыңын бала мектепке барғанда, 50 мыңын оқу бітіргенде алады. Бір жыл бұрын қол қойылған бағдарлама бойынша төлемдер 2002 жылдың шілдесінен беріле бастаған еді.

Өңірдегі өлім-жітім туралы айтқанда құрғақ сандарға ғана жүгінбей, облыстың ғана емес, еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосқан белгілі азаматтардың да бір легінен осы жылы айырылып қалғанымызды айта кеткен жөн. Сәуірдің 12-нде жыр бәйгесінде жарқырап көрінген ақын, он бес кітаптың авторы, қазақ баспасөзінде өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырған Есләм Зікібаев өмірден озды. Қызылжарлықтар бір-біріне көңіл айтып болмай жатып, яғни 3 күннен кейін экономика ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 1969-1987 жылдар аралығындағы ректоры Қанаш Шәкенов бақилық болды.

Әрбір экономикалық өсім тұрғындардың әлеуметтік жағдайына оң әсер ететіні белгілі. Облыста орташа айлық еңбекақы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 18,9 пайызға өсіп, 12786 теңгені құрады. Жұмыссыздар саны да ақырындап азая бастады. Яғни, екі қолға бір күрек таба алмағандар қатары 8868 адам. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 382 адамға немесе 4,1 пайызға аз. Бұл облыстағы экономикалық белсенді тұрғындардың жалпы санының 2,9 пайызына тең.

Президент Жарлығымен 2002 жыл Қазақстанда денсаулық сақтау жылы болып жарияланып, бұл саладағы күрмеуі қиын біраз мәселе шешімін тапты. Еліміз бойынша жаңа емдеу мекемелері салынып, ескілері қайта қалпына келтірілді. Өңірдегі медициналық нысандарды жөндеу қолға алынды, соның ішінде 68-не күрделі жөндеу жүргізілді. Ерекше кейіпке енген емдеу мекемелері арасынан Петропавлдағы №2 аурухананы атап өткен жөн. Құрал-жабдықтар, санитарлық көліктер де сатып алынды. Мағжан Жұмабаев және Жамбыл аудандарына жылжымалы сандық флюорографиялық аппарат жеткізіліп, ауыл тұрғындары өкпесін айнаға түсіру үшін аудан немесе облыс орталығына ағылмайтын күн туды. Облыс бойынша бір тұрғынға денсаулық сақтауға жұмсалатын шығын 2001 жылғы 3033 теңгеден 3568 теңгеге жетті. Ауылдық жерлерде жан басына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру нормативі 2001 жылғы 47 теңгеден өсіп, 58 теңге болды.

2002 жылы облыстың руханиятында да елдің назары ауған елеулі оқиғалар орын алды. Бұл жылы өткізілген барлық дерлік мәдени-танымдық шаралар жерлесіміз, академик жазушы Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойымен астарластырыла ұйымдастырылды. Петропавл қаласында және қаламгердің туған жері – Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында ұлан-асыр той өткізілді, түкпір-түкпірден қадірлі қонақтар келді. Республикалық ақындар айтысы, жыр мүшайрасы өтті. Ономастикалық комиссияның шешімімен егістік алқабының көлемі жөнінен еліміздегі ең ірі аудандардың бірі – бұрынғы Целинный ауданы бұдан былай Ғабит Мүсірепов атындағы аудан деп аталатын болды. Петропавл қаласындағы бір көшеге есімі беріліп, ескерткіші ашылды. Осындай тас мүсіннің бірі Алматы қаласына да қойылғанын айта кеткен жөн. Қызылжардың қос шынары – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповке құрмет бірдей көрсетілуі тиіс. Бұған дейін облыс орталығындағы ғылыми-әмбебап кітапхана Сәбеңнің атына берілгені белгілі, енді балалар мен жасөспірімдер кітапханасын Ғабеңнің есімімен атау ұйғарылды. Жазушының туған ауылындағы мектеп те Ғабит Мүсірепов атындағы білім ошағы болып өзгертілгеніне көпшілік қатты қуанды.

Бұл өзгерістерден-ақ осы жылы облыс ономастикасында біраз алға жылжушылық болғанын аңғару қиын емес. Ғабит Мүсіреповтен басқа да тау тұлғаларымыздың ұмыт бола бастаған асыл есімдері қайта жаңғырды. Мәселен, Петропавлдағы №18 қалалық мектеп-лицейге қазақтың ғана емес, күллі Шығыстың ғұламасы атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидің аты берілді. Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл ауылдық округіне қарасты 5 декабрь деген ауылға Береке деген атау беру ұйғарылған екен.

Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің ең астықты өңірі. Ортақ қамбаға құйылатын алтын дәннің үштен бірі теріскей диқандарына тиесілі. Демек, республика тұрғындарын нанмен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық маңызды өңірді басқару үлкен жауапкершілікті талап ететіні анық. 1999 жылдан бастап өңірдің әкімі болған Қажымұрат Нағыманов басқа қызметке ауысуына байланысты орнына бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары болған Анатолий Смирнов тағайындалды.

Облыстағы жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры да дәл осы 2002 жылы ауысты. Педагогикалық институтты университет ретінде қайта құрып, оны еліміздегі таңдаулы жоғары оқу орындарының қатарына қосқан білікті басшы Ғалымқайыр Мұтанов басқа қызметке ауысып, орнына техника ғылымдарының докторы Оңдасын Әшімов тағайындалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындарды бағасы қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін облыстарда коммуналдық базарлар ашу ісі қолға алынды. Петропавл қаласында осындай базар маусымның 9-ы күні ашылды. Жамбыл көшесінің бойындағы 3 қабатты ғимарат бұдан былай “Қызылжар” коммуналдық базары деп аталатын болды. Ішінде саудагерлерге арналған қырыққа тарта орын бар. Қой, сиыр, жылқы еттері екі есе арзан. Көкөніс пен жеміс-жидек іздегендер де осылай қарай ағыла бастады. Жұмыртқа мен сүт өнімдерінің де түр-түрі самсап тұр. Дәріхана, валюта айырбастайтын орын, газет-журнал сататын дүңгіршек те осында көшіп келді.

2002 жыл ел көлеміндегі айшықты оқиғаларымен есте қалды. Тәуелсіз Қазақстанның басты символы – “Бәйтерек” монументі осы жылы ашылған еді. Монумент – қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуі, мемлекеттілігі, биіктік пен тереңдік, кеңдік белгісі, дарқандықтың көрінісі іспетті. Идеяның авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Кешеннің сәулетшісі – Ақмырза Рүстембеков. Нысан 97 метр биіктікте орналасқан, яғни 1997 жыл – мемлекетіміздің жаңа елордасының Нұр-Сұлтан қаласына көшірілген сәтті, елдің тарихындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Сәулеттік мағынасы жағынан да, жасалуы тұрғысынан да бірегей нысан әлемде бірінші рет диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннадан тұратын, күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін “хамелеон” әйнегінен жасалынған, ең биік орналасқан шар ретінде рекордтар кітабына енді. “Бәйтерек” нысаны үш бөліктен тұрады. Жер-асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғары жағында “Аялы алақан” композициясы орын тепкен. Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетіне қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Осынау ғаламат шардың панорамалық залынан елорданың кешегі және бүгінгі сәулеті – “ескі” және “жаңа” көрінісін тамашалауға болады. Елордада Сәулетшілер одағының халықаралық қауымдастығы өткізген оныншы байқауда қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба ретінде “Бәйтерек” кешеніне Гран-при берілді.

2002 жылы әлемде жаңа валюта – евро пайда болды. Еуропалық одақ елдерінің төл ақшасы әлі күнге дейін ең құндылар қатарында. Қазақстан банктерінде жарты жыл көлемінде бұрынғы ескі валюталарды евроға айырбастауға рұқсат берілді. Ұлттық банктің мәліметіне көз салсақ алғашында 1 евро 150 теңгеге тең болған екен.

Бұл жыл әлемдегі нөмірі бірінші спорт саналатын футбол жанкүйерлері үшін де қуанышқа толы болды. Қазақстан – жерінің көп бөлігі Азияда орналасқанымен Еуропаның да бір шетін алып жатқан ел. Сондықтан екі құрлықтың да спорттық сайыстарына қатысуға құқылы. Еуропа футболы әлемде теңдессіз саналады, ал Азияда төрешілер бұра тартып, талай жарыста еліміздің құрама командасын сүріндірген. Сол себепті, Қазақстан футбол федерациясының басшылығы қазақ футболы үшін кәрі құрлықты тәуір көріп, УЕФА қарамағына өтуді ұйғарды.

Спорт саласындағы тағы бір айтулы оқиға – ақпан айының 8-24-і аралығында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен төрт жылдықтың басты додасы – ХІХ қысқы Олимпиада ойындары. Мұхиттың арғы бетіндегі жарыстарға Қазақстан құрамасының сапында таңдаулы деген 50 спортшы аттанған. Өкінішке қарай, жеті спорт түрінен сынға түскен отандастарымыздың ешқайсысы жүлдеге іліне алмады.

Жоғарыда жазылғандардан 2002 жыл ел тарихында, өңір шежіресінде айшықты оқиғаларымен қалғанын көреміз. Кемшіліксіз емес, әрине. Дегенмен жеткен жетістіктеріміз әлдеқайда көп, қадамдарымыз қарышты. Экономикада ғана табысқа кенеліп қоймай, руханиятта да ойға алған істер жүзе асты. Өлгеніміз тіріліп, жоғалғанымыз табылды десе де болады.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp