Кезінде би өнерінің құдіреті туралы ғұлама Аристотель: “Адамдардың мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі, себебі би қимылдары әдетте сезім күйіне сәйкес келеді”, – деп айтқан екен. Шынында да, би өнерінде тылсым сыр барын ұғынған жандардың қимыл-қозғалысынан-ақ өнерге құштарлықты аңғарамыз. Менің де «Break dance» биімен айналысып жүргеніме біраз уақыт өтті.
Бидің бұл түрі мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та танымал. Қазақстанда 2000 жылдардан бері кең өріс ала бастады. Оған дәлел – ел көлемінде ұйымдастырылып жатқан фестивальдар мен би жарыстары. Облысымызда да XXI ғасырдың алғашқы жылдары “Break dance” биіне ден қойғандар қатары қалыңдай бастады. Мен болсам брейк-данспен 12 жасымда таныстым. Анамның маған DVD плеер сыйлағаны әлі есімде. Бір күні далада ойнап жүріп, бейнероликтер жазылған диск тауып алдым. Оны анам әперген плеерге салып қосқанымда, ең алғаш рет бишілердің жарысын көрдім. Содан бұл өнерді қатты ұнатып қалдым. 2011 жылы ғаламторда таралған “Red Bull BC One 2010” атты брейк-данстан әлем чемпионатын тамашалап, талантты жігіттер мен қыздардың биіне тәнті болдым. Осылайша бұл биді меңгеремін деп мақсат еттім. “Арманы бар адамның бойында қайнар қуаты, алдында жанар мұраты” демекші, мұратыма қалайда жетуге тырыстым. Әрине, бір істі бастап, соңына дейін жеткізу оңай емес. Сол себепті мен би өнерін игеру үшін ұстаз іздедім. Ол кезде Петропавлда екі-ақ би мектебі болатын. Бірінде Денис Половинка сабақ берсе, екіншісіне Дмитрий Квазар басшылық етті. Көп ойланбастан таңдауым Диманың үйірмесіне түсті. 4-5 айдың ішінде брейк-данстың бастапқы техникасын меңгеріп алдым. Содан соң жетекшіміз би табыс әкелмегендіктен,басқа салаға кетті. Осылайша оның бірнеше шәкірті және мен далада қалдық деуге болады. Сол кезде бәріміз ақылдасып, бір залды жалға алып, жаттығулар өткізуге бел байладық. Алғашында ғаламтордағы түрлі бейнежазбаларды қарап, қайталауға тырыстық. Өкініштісі, қаламыз кішкентай болған соң, брейк-дансқа қызығушылар қатары да аз болды. Сергей Жамалиев есімді жігіт қана жастармен түрлі флешмобтар ұйымдастыратын. Оның “Wing Beat” командасымен бірлесіп, анда-санда би жарыстарын өткіздік. Ал кәсіби сабақ алатын мамандар жоқтың қасы еді. Сондықтан бізге қаражат жинап, Қазақстанның өзге аймақтарына шеберлік сағаттарына баруға тура келді.
2013 жылы жазда “Petro Power”командасын құрдым. Құрамамызда 7 биші болды. Кейін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне “Химия” мамандығы бойынша оқуға түстім. Өзім құрған топтан жырақта жүргендіктен елордалық “Simple System” командасы сапында өнер көрсеттім. Олармен талай республикалық жарыстарға қатысуға мүмкіндік туды. Астаналық бишілер Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2012 жылы Кореяда өткен әлем біріншілігінің екінші орын иегері екенін атап өткім келеді. Мен де солардан қалмау үшін бос уақытымды би залдарында өткіздім. Бар жиған-терген ақшамды, студенттік шәкіртақымды шеберлерден дәріс алуға жұмсадым. Қаражатым зая кетпеді. 2014 жылы “23” атты би студиясының иелері ағайынды Әділет пен Дәулет Анарбековтермен таныстым. Достығымыз жарасып, бірге талай байқауларға қатыстық. 2016 жылы брейкданстан Словакиядағы “Outbreak”, Нидерландыдағы “International Break Event” әлем чемпионаттарында бағымды сынадым. Сол сайыстарда Отанымызды атын таныттық деуге болады. Еліміздің бас қаласында биден сабақ беріп көрдім. Менің шәкірттерім елордадағы жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Араға 1 жыл салып “Биле Қазақстан” жобасына қатыстым. Еліміздің үздік 50 бишісінің қатарынан көріндім. Нәтижесінде “Аrt East” би ұжымының мүшесі атандым. Өнерім алға басып, Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Назима сынды әншілермен бірге бір сахнада өнер көрсеттім. Ресейлік “Танцы” на ТНТ” жобасындағы Арман Баевтың командасы сапында жұмыс істедім.
2020 жылы Петропавлға оралған соң жеке студиямды аштым. Өнерсүйер қауымға ол “СтанцыЯ” деген атаумен таныс. Брейк-данспен қатар, контемпорари, хип-хоп бағытындағы өзге стильдерді игеріп, шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Бүгінде 120 шақты оқушым бар. Оларға 8 білікті маман бидің түр-түрін көрсетіп, баптап жүр. Мектебімізде 4 жастан асқан бүлдіршіндерді Barby Dance, Contemporary Kids, Break Dance Baby бағыттары бойынша оқытамыз. Жасөспірімдерге арналған арнайы бағдарламамыз да бар. Оларға Dancehall, Waacking , Hіp Hop Choreo негізінде сабақ береміз.
Пандемия біз үшін ауыр соққы болды. Салдарынан көптеген байқаулардан қалыс қалдық. Десек те оқытушыларымыз шеберлік сағаттарына бара алды. Олар шәкірттерін Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларында өткен чемпионаттарға да апарып келді. Оқушыларымыз барлық жарыстан жүлделі оралды. Вакинг және хип-хоптан, Вог бал билерінен бірінші орындарды еншіледік. “New Format” байқауында Гран-при иегері атанып, 1 млн. теңгенің сертификатын иелендік. Ендігі жоспарымыз – үлкен би мектебін ашу. Әрине бұл үшін қыруар қаражат қажет. Алла жазса, қолдайтын қайырымды жандар табылып, арманымыз орындалады деген сенімдемін.
Есмұхамед ИМАМБАЕВ,
“СтанцыЯ” би студиясының директоры, брейк-данстан облыстың бас бапкері.