Қоғамда ізгі істерімен жарысып, өзара бәсекеге түсіп жүрген жастарды көргенде сүйсінесің. Жүрегі мейірімге толы ұл-қыздардың aрасында Асылжан Бегалинова да бар. Жақында талапты қыз Нұрсұлтан Назарбаев қорының басшысы Дариға Назарбаевамен жүздесіп қайтты.
Елгезек бойжеткен Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбында оқиды. Бала кезінен ізденімпаздығын, білімге деген құштарлығын байқаған анасы қызына жан-жақты қолдау көрсетіп, түрлі үйірмелерге қатысуына мүмкіндік жасайды. Осындай талпынысының арқасында 8-сыныпта оқып жүргенде еріктілер қатарына қосылады. Ол кезде Асылжан небәрі 14 жаста еді. Мұндай маңызды қадам жасауға Назарбаев зияткерлік мектебіндегі “Қоғамға қызмет” жобасы септігін тигізді. Қазір ол аталмыш жобаның үйлестірушiсі. Сонымен қатар Асылжан – “СҚО волонтерлер лигасы” республикалық жобасының еріктісі. Бойжеткен “Самұрық – 2020” атты өңірлік жастар форумында “Білім саласындағы үздік волонтер” атағына ие болды.
– Мен Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскен балаларға арнап жоба әзірледім. Бұл жобаны қала мен ауыл-аймақтардан келген балалардың жаңа оқу орнына үйреніп кетуіне көмек беретін құрал деп санаймын. Осылайша білім саласындағы волонтер ретінде қоғамға аз да болса өз үлесімді қостым деп ойлаймын, – дейді ол.
Оқу озаты бұл жобаны өзін-өзі тану пәнінің ұстазы Гүлнара Ахметованың жетекшілігімен бірге жүзеге асырды. “Білімді жетер мұратқа” демекші, сәттi шыққан жұмыстары Мәскеу қаласындағы байқауда – бірінші, Францияда екінші орынға лайық деп танылды.
Талапты бойжеткен бұл жетістігіне тоқмейілсімей, өткен жылдың шілде айынан “Елбасы медалі” жобасына белсенді түрде қатыса бастады. Жас спортшыларды, еріктілерді және мәдени мұраны қастерлейтін өнерлі өрендерді қолдап, ынталандыруға бағытталған бұл жоба Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған. Облыс бойынша “Елбасы медалі” жобасына 400-дей үміткер қатысып, дүбірлі додада Асылжанның да жұлдызы жанды.
Таудай талабының арқасында белсенді жерлесіміз 5-6 шілде күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен “Елбасы медалі амбассадорлары” атты кездесуге шақырылды. Қазақстанның барлық өңірлерінен ең үздік 10 ерікті іріктеліп алынған жиынға Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева қатысты. Мұндай іс-шараға облыс атынан қатысу – Асылжан үшін үлкен мәртебе.
– Маған кездесу өте ұнады. Мен жиында модератор болдым. Дариға Нұрсұлтанқызы өте ашық, шынайы адам. Біздің қызметіміз жайында мұқият сұрады, пікірлерімізге қызығушылық танытты. Мен “Елбасы медалі” жобасына қатысу тәжірибеммен бөлістім, оның менің өміріме қалай әсер еткенін айтып бердім. Волонтерлік іс-шараларды ұйымдастыру менің өзгелермен қарым-қатынасымды және көпшілік алдында сөйлеу қабілетімді жақсартты. Жобаның арқасында мен Қазақстан халқы Ассамблеясының “Өз еліңді тану” атты байқауында жеңіске жеттім, “Елбасы медалін” алдым. Қазір мен TEDx жобасының үйлестірушісімін және волонтерлік қызметті жалғастырудамын. Бұл жобалар жан-жақты дамуға көп көмектеседі, – деді Асылжан.
Бұл күндері үздік волонтерлер үшін ЭКСПО аумағына, Елбасы академиясының кеңсесіне, Астана IT университетіне, Тұңғыш Президент музейіне және елорданың басқа да көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды. Асылжан осындай керемет мүмкіндік алдағы уақытта өзі сияқты барлық талапты жасқа берілетініне сенімді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: оңнан солға қарай үшінші А.Бегалинова.