Петропавлға Аризона университетінен делегация келді, шетелдік оқу орны жергілікті университетпен әріптестік орнатпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірге әріптестік орнату мақсатында Аризона штатынан делегация келгендігі жөнінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Біз Аризона университетімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін америкалық әріптестеріміз биыл мамыр айында келген еді. Ол жолы біз екі университет арасында әріптестік орнату жайында сөз қозғадық. Енді делегация кеңейтілген құрамда келіп отыр. Олар: Аризона штаты Конгресінің спикері Рассел Бауэрс, Аризона университетінің президенті Роберт Робинс және осы университеттің академиялық мәселелер бойынша аға вице-президенті және проректор Лизл Фокс», – деп жазды Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысының айтуынша, шетелдік қонақтар облыстағы маңызды білім беру нысандарында: М.Қозыбаев атыдағы СҚУ-ін, Назарбаев интеллектуалды мектебін және «Digital Urpaq» оқушылар сарайында болды.
Делегация «Абылайхан резиденциясы» музей кешенін және жақында ашылған «Qyzyljar» арт-орталығын аралады. Бұл жерлерді аралау арқылы америкалықтар қазақ халқының мәдениеті мен тарихынан, дәстүрлерінен мағлұмат алды.
Сондай-ақ қонақтар YDA Group шетелдік компаниясы салып жатқан көп салалы ауруханасының құрылысымен танысты.
«Өңірде қолайлы инвестициялық жағдай жасалғанын айтар едім. Нәтижесінде шетелдік компаниялар қызығушылық танытып жатыр. Қазір М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ды Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі қаралып жатыр. Бұл америкалық университет әлемнің үздік 100 университеті қатарында. Оған қосымша біздің студенттердің екі диплом алып шығу және америкалық университетте білім алуы мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
https://www.inform.kz/