Тәуелсіздік құрдастары биыл 30 жасқа толып отыр. Егемен елмен бірге өсіп-жетіліп келе жатқан олардың мақсаты айқын, ойы азат. Керісінше болуы мүмкін де емес. Өйткені 1991 жылы туған ел азаматтары бодандық қамытын киген жоқ. Күн санап еңсесін тіктеп келе жатқан егемен еліміздің ұрпақтары бүгінде өзгерістер лебін сезінді, қанатын қатайтты, жігерін шыңдады. Сондай талапты жастардың бірі – Махаббат Сейілова.
Махаббат Жәнібекқызының өмірін құқық қорғау органдарымен байланыстырғанына биыл он бір жылдың жүзі болды. Нәзік жан болса да, антына берік. Ол мектеп қабырғасынан бастап полиция сапында қызмет етуді мақсат тұтқан. Сыныптас құрбылары қызға сай мамандық таңдаса, Махаббат жеңіл жол іздеген жоқ. Орта білім ордасын тамамдаған соң бірден арманын жүзеге асыруға ұмтылды.
– Есімді білген күннен бастап “Тәуелсіз елдің ұрпағы” деген сөзді естіп өстік. Қазақ халқының азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресін тарихымыздан оқып, көңілімізге түйдік. Сондықтан егемендік біз үшін аса қастерлі әрі құнды. Бала кезімнен маған полиция формасы жарасатын . Тіпті мектепте оқып жүргенде алғашқы әскери дайындық пәнін ұнататынмын. Құрдастарым 11-ші сыныпта қай мамандықты таңдаймын деп көп ойланды. Мен болсам о бастан тәртіп сақшысы боламын деп шештім. Көп ұзамай діттеген мақсатыма жеттім, – дейді Махаббат.
Махаббатың отбасында құқық қорғау саласында немесе әскери қызметте жүрген басқа адам жоқ. Полицей болу – оның жүрек қалауы.
– Байқауымша, қазір мектеп түлектерінің дені жүрек қалауымен емес, өзгелердің ақылымен оқуға түседі. Кейін университетте жүріп бекер осы мамандықты таңдадым деп күрсінеді. Өкінішке қарай, мұны кештеу ұғып жатады. Диплом алған соң жұмысқа орналаса алмай қиналады. Не болмаса қызметке тұрғанымен, еңбек етуге деген құлшыныстары болмайды. Бұл ретте мен ешкімді тыңдаған жоқпын. Жаныма жақын жұмысқа орналастым, – дейді ол.
Қатарластарының дені “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүруді жөн көріп жатқанда, Махаббат қиын соқпақты таңдады. 2009 жылы сол кездегі мектеп түлегі Көкшетау қаласындағы Абай Мырзахметов атындағы университетке заңгер мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң еңбек жолын мамандандырылған күзет қызметінен бастайды.
– Диплом алған соң егемен елімізге қызмет етуге асықтым. Нәтижесінде Аққайың аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметіне жұмысқа орналастым. Еліміздің бейбіт, бақытты өмір сүруіне өз үлесімді қосып жүргеніме қуаныштымын. Киелі Тәуелсіздік нұры сөнбесін деп тілеймін! – дейді ол.
Қазіргі уақытта Махаббат Жәнібекқызы көші-қон қызметінде инспектор лауазымында еңбек етіп келеді. Жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас орнатып, тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтармен жұмыс істеп, шекара асып келгендердің мәселесін шешуге атсалысып жүр. Айтуынша, күн сайын мінезі әртүрлі азаматтармен тілдесу қажет. Сондықтан ол инспектор ғана емес, психолог та бола біледі.
Ата-анасы да қыздарының жұмысы жауапты әрі қоғамға маңызды екенін түсінеді. Сондықтан Махаббатқа барынша қолдау білдіріп жүр.
– Қызымыз – жауапкершілігі мол адам. Айтқан сөзі атылған оқтай. Қайратты, батыл мінезді. Осындай қасиеттерінің арқасында ерлермен иық тірестіре қызмет етіп келеді, – дейді әкесі.
Тәуелсіз ел құрдасының мақсаты айқын. Алдағы уақытта ол қоғамға қалтықысыз еңбек етіп, мемлекетіміздің гүлденуіне өз үлесін қосуды жалғастыра бермек.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.