Қызылжар өңіріне АҚШ-тың Аризона университетінен арнайы делегация келіп, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің материалдық-техникалық базасының жабдықталу жайымен, профессорлық-оқытушылық құрамының сапалық деңгейімен танысты. Ондағы мақсат – жергілікті университетпен жан-жақты әріптестік қарым-қатынас орната отырып, іс-тәжірибе алмасу, болашақта сенімгерлік басқаруға алу жайын ойластыру.
Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. “Біз Аризона университетімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін америкалық әріптестеріміз мамыр айында келіп, қос тарап арасында әріптестік орнатуға уағдаласқан болатын. Енді делегация кеңейтілген құрамда келіп отыр. Атап айтқанда, Аризона штаты конгресінің спикері Рассел Бауэрс, Аризона университетінің президенті Роберт Робинс және осы университеттің академиялық мәселелер бойынша аға вице-президенті және проректоры Лизл Фокс, тағы басқалары бар”, – деп жазды Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысының айтуынша, шетелдік қонақтар М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де, Назарбаев зияткерлік мектебінде және “Digital Urpaq” оқушылар сарайында болды. Бұдан бөлек, “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенін және жақында ашылған “Qyzyljar” арт-орталығын аралады. Мұхиттың арғы жағынан Мағжан еліне ат басын тіреген меймандар қазақ халқының мәдениеті мен тарихынан, дәстүрлерінен көп мағлұмат алды. Сондай-ақ делегация мүшелері “YDA Group” шетелдік компаниясы салып жатқан көпсалалы аурухананың құрылысымен танысты.
“Өңірде қолайлы инвестициялық жағдай жасалғанын баса айтар едім. Шетелдік компаниялар үлкен қызығушылық танытып жатыр. Қазір М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ді Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталуда. Америкалық оқу орны – әлемнің ең үздік 100 университетінің қатарында. Жергілікті студенттер үшін екі диплом алып шығу және америкалық университетте білім алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз”, – деген Құмар Ақсақалов бұл қадам білімге ынталы жастар үшін үлкен мүмкіндіктер беретінін атап көрсетті.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Шуланов Аризона университетінің делегациясын өңірдегі жалғыз жоғары білім ордасындағы өрелі өзгерістермен таныстырды. Студенттік қалашықта салынып жатқан көпқабатты оқу корпусы заманауи үлгіде жабдықталмақ. Мұнда 73 зертхана жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы, инженерия, медицина факультеттерінде мамандар даярланады. Сондай-ақ студенттердің демалып, бос уақытын тиімді өткізуі үшін коворкинг орталығы, кибер және арт спейстер орналасатын болады. Өзге де оқу корпустары жаңаланып, қосымша екі жатақхана бой көтереді. Облысты дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес 33,5 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады. Академиялық шеберлік орталығын құру жоспарланған. Оған құйылатын инвестиция көлемі 10,5 млн. АҚШ долларын құрайды. Жоба мемлекеттік бюджет комиссиясының қарауына ұсынылды. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Назарбаев университетінің моделі негізінде тағы бір жоғары оқу орны ашылады.
Аризона университетінің президенті Роберт Роббинс өз сөзінде өңірдегі білім саласынының жоғары әлеуетін атап өтті. “Университетті дамыту бағытындағы жоспарларыңыз көңілімізден шықты. Бізді тарих, жаратылыстану, астрономия, ғарышты зерттеу ізденістеріңіз қатты қызықтырады. Аризона университеті денсаулық сақтау саласына өте қажет, үлкен сұранысқа ие мамандарды даярлауды да басты назарға алған. Көпжылдық тәжірибемізбен бөлісуге асықпыз”, – деді мәртебелі мейман.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.