Петропавлда өрт сөндірушілер арасында сатымен биік ғимаратқа көтерілуден жарыс өтті. Олар бұл сайысты ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сайыс «Вертикалды шақыру» деп аталады. Яғни өрт сөндірушілердің биік ғимаратқа толық жабдықпен жылдам көтерілуі қажет. Мақсат – құтқарушылар жұмысының маңыздылығына қоғам назарын аударту, өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығының қаншалықты қиын екенін көрсету, саламатты өмір салтын насихаттау.
Петропавлдағы «Жас Өркен» шағын ауданы Жамбыл көшесі, 49 А мекенжайына орналасқан «ТРИО-2» тұрғын үй кешені уақытша спорт алаңына айналды. 18 қабатты ғимараттың сатысымен жүгіріп өтіп, өз күшін бағамдауға «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Петропавл қаласының бес өрт сөндіру бөлімдері өрт сөндіруші-құтқарушылары қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өрт сөндірушінің киім-кешегін толық киіп, сығылған ауа аппаратына қосылып, уақытқа жылдам жүгірген маман жеңімпаз атануға тиісті.
Өрт сөндірушінің арнайы киімі, каска, карабині бар белбеу, сығылған ауасы бар аппарат, маска. Барлығының салмағы шамамен 20 кг. Осындай жүкпен 18 қабатқа көтерілу – өте қиын сынақ. Бұл жерде дене төзімділігі, дұрыс тыныс алу және өз күшін орынды қолдана білу өте маңызды.
«10 қабатқа келгенде аяқты көтеру қиынға соғады, жүгіре алмай қаласың. Тек 15 қабаттан бастап екінші тыныс қосылады», – дейді жарысқа қатысушылар.
Жарыс қорытындысы бойынша жеке есепте бірінші орынды 1 минут және 43 секунд нәтижесімен Петропавл қаласы №5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Бақыт Мерекенов иеленді. Ал топтық жарыста № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бірінші орын алды.
https://www.inform.kz/