«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРЛІ СТУДЕНТТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Студенттер клубы” шығармашылық бірлестігі жұмыс істейді. Аталмыш клубқа 1998 жылдан бері жетекшілік етіп келе жатқан Зарема Гумарова талантты ұл-қыздарды өнерге баулып, олардың көпке танылуына септесуде.

“Көлге біткен көк құрақтай желкілдеген жастық шақта өз замандастарының алдында сахнаға шығып, өнер көрсетуді студенттік клубқа мүше жастар екінің бірінің маңдайына бұйыра бер­мей­тін бақыт деп түсінеді. Университет жанында жұмыс істейтін “Кривое зеркало”, “Шаңырақ”, “Пилигрим”, халықтық-студенттік театрлары, “Шертер” фольклорлық-этнографиялық ансамблі, “Антурнан” би тобы, “Өнер” орталығы тек талантты жастардан құралған”, – дейді клуб жетекшісі Зарема Хаджымұратқызы. Кештердің бар­лық ауыртпалығы мен жауапкершілігін мойнына алып, ыстық-суығын бө­ліскен әрбір студентті өз баласындай көреді. “Әр спектакль немесе концерт сайын жастармен бірге өзіміз де өсіп, көңіліміз марқайып қалады. Әсіресе біздің жас таланттардың өнерін тама­шалауға келген қауымның театр залын лық толтырғанын көрген кезімізде еңбегіміздің зая кетпегендігіне мәз боламыз”, – дейді Зарема Гумарова.

Студенттік кештерде орындалатын әндер аз емес. Сонымен бірге университетте әлемдік классика мен эстрада жанрына зор құштарлықпен қарайтын жастардың шығармашылығына зор көңіл бөлінеді. Әсем дауысқа ие жастардың ән шашуына көрермендер әрдайым қуанып қалады.

“Шаңырақ” театрының құрамындағы жастардың бәрі шетінен дарынды. Қазіргі таңда театрдың жас өнерпаздары Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрымен тығыз шығармашылық байланыста. “Шертер” фольклорлық-этнографиялық ансамблі де студенттердің мәдени өмірін түрлендіріп келеді. 2003 жылы құрылғаннан бері мұнда бірнеше буын алмасты. “Шертердің” концерттерінде хал­қымыздың шал­қар күй­лері шарықтап, ұлт­тық өнер ұлықталады. Үйірмелерге қатысатын жастардың дені – “Серпін” бағдарламасымен оқуға келгендер.

“Жасыратыны жоқ, қазір жастардың арасында шығармашылыққа қызықпайтындар бар. Олар көбіне интернетті, әлеуметтік желілерді пайдаланғанды жөн көреді. Көбі желіге желімдей жабысып, рухани тұрғыда жетілмей жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін шығармашылық жоспарды сапалы жасап, жастарға арнап қызықты әрі терең мағыналы қойылым сахналауды үнемі есте ұстау маңызды”, – дейді клуб жетекшісі.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp