Солтүстік Қазақстан облысында полиция департаменті өкілдері әлеуметтік желінің тікелей эфирін пайдаланып, ведомстводағы бос орындар жайлы және үміткерлерге қандай талаптар қойылатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция депараменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық және қалалық кадр бөліністерінің өкілдері жарты сағаттан аса желі қолданушыларына ішкі істер органдарына қызметке қабылдау және өткеру тәртібі бойынша ақыл-кеңес берді.
Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Руслан Тасимовтың айтуынша, қазір облыстық полиция департаментінде 2 мыңнан аса полицей қызмет етеді. Бүгінгі таңда жедел уәкілдердің, тергеушілер, анықтаушылар мен учаскелік полиция инспекторларының бос лауазымдарына білікті мамандар қажет. Сондай-ақ қатардағы құрамға да қызметкерлер керек.
«ІІО қызметке үміткерлерге қойылатын талаптар: жасы 35-ке дейін, қыздар үшін бойы 160 см-ден, жігіттер үшін бойы 170 см кем емес болуы қажет (саптық бөліністерге үміткерлер үшін бойы 175 см жоғары болуы тиіс). Қатардағы құрам лауазымына орта білім, ал жоғары білім – қызмет бағытына байланысты басшы лауазымына талап етіледі. Сондай ақ мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің уәкілетті органымен берілген тестілеуден өтуі туралы сертификат, денсаулығы бойынша жарамды (әскери-дәрігерлік комиссия айқындайды) болуы қажет», – деді Руслан Тасимов.
Ішкі істер органдарындағы қызметтің артықшылықтары туралы қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Темиреев айтып берді.
Желі қолданушылары бастапқы оқудан өту және полиция қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру жұмыс беруші есебінен жүзеге асырылатыны хабардар болды. Тәртіп сақшылары тұрақты еңбекақымен, нысанды киім-кешекпен, сауықтыру жәрдемақысымен қамтамасыз етіледі.
Қызметкерлер қызмет бойынша өсіп, ведомстволық емдеу мекемелерінде медициналық көмекке жүгіне алады. Сондай-ақ тұрғын үйді жалға алатын болса, өтемақы төленеді. Алайда, полицейлерге қойылатын талаптар да жоғары. Полицей заңнаманы жетік білуі тиіс, шыныққан, денсаулығы мықты болуы қажет.
Спикерлердің айтуынша, стреске төзімді болу, өзін-өзі үнемі жетілдіру – барлық үміткерлер мен полиция қатарында қызмет атқарып жүрген полицейлер үшін аса маңызды қасиет.
Бүгінгі таңда, жедел бөліністер мен учаскелік инспекторлар қызметінде бос лауазымдар көп. Ең азы – жедел емес қызметтер мен штаб бөліністерінде.
https://www.inform.kz/