Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың ішінде ауру белгісі бар сырқаттардың саны артқан. Қазір инфекциялық стационарларда ем алып жатқандардың әр екіншісі оттегі баллонына тәуелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, 25 маусым күні инфекциялық стационарларда 167 адам ем алса, бүгінде ауырып жатқандардың саны 635-ке жеткен. Сондай-ақ дәрігерлер бұған дейін тәулігіне 20 адамнан ғана қабылдаса, қазір күнделікті 90 науқас түсіп жатыр.
«Келіп жатқан сырқаттардың жағдайлары нашар, бәрінде демікпе, сатурация төмендеген. Сол себепті стационарларға жатқызып жатырмыз. Тез жазылып, тәуір болып шығып жатқандар да аз. Бұрын ауруханада 3-5 күн ұстап, жағдайы жақсарғаннан кейін емді үйде жалғастыруға жіберетінбіз.
Өткен жылмен салыстырғанда ауырғандардың тағы бір ерекшелігі – олардың қосымша созылмалы дерттері жоқ. Бұған дейінгі ауру белгілері – иіс және дәм сезбеу және жөтелу болмауы да мүмкін.
Оттегіге тәуелді сырқаттардың саны артты. Тек бір ауруханада ғана 150-ден артық оттегі баллоны қолданылады», – дейді Нұрлан Айманов.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, соңғы кезде коронавирус инфекциясын жүкті әйелдер жиі жұқтыратын болған.
«Әйелдердің жағдайына байланысты ауру әбден асқынған уақытта, яғни пневмонияға ұласқанда ғана анықталады. Соңғы екі аптада COVID-19-бен 20 екіқабат әйел стационарға жатқызылды. Олардың жетеуінің жағдайы өте ауыр болды. Қазір тек біреуінен басқасының беті бері қарады», – дейді Нұрлан Айманов.
Еске сала кетсек, бұған дейін соңғы екі аптадан 100-ден астам баланың коронавирус жұқтырғанын хабарлаған болатынбыз.
https://www.inform.kz/