Менің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен алғашқы кездесуім тарихымыздағы тағдыршешті кезеңдерінің бірі – тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау қарсаңында, 1991 жылдың 15 қыркүйегінде болды. Ол кезде мен Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Әділет басқармасының бастығы және облыстық сайлау комиссиясының төрағасы болып қызмет істейтін едім. Болашақ Президент сайлаушылармен кездесу үшін бізге екі күндік сапармен келген болатын.
Бұл жерде сол кезде Президенттің аса жұмысбасты болғанын айта кетуіміз керек: тіпті тәуелсіз Қазақстанның бірінші Әділет министрі Ғалихан Ержанов маған қоңырау шалып, Нұрсұлтан Назарбаев бар уақытын Жоғарғы Кеңестің отырыстарында өткізетіндіктен оның қабылдауына кіре алмай жүргенін айтып шағымданғанды. Мені Нұрсұлтан Әбішұлына облыстық коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаров таныстырып, былай деді: “Бұл біздің заңгер Ирак Елекеев. Ол облыстық сайлау комитетінің төрағасы болып табылады”. Тағдыр осылай болды және сол екі күн өмір бойы менің есімде қалды.
Кандидаттың кездесуінің бірі Ембі (қазіргі Жылыой) ауданының Құлсары қаласында өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы әр жиналысқа мұқият және ықтияттылықпен дайындалып, негізгі тезистерді жазып алатын, аудиторияның ұлттық және тілдік құрамын, оның кәсіби мамандануын, проблемалық мәселелерін зерделейтін. Мен өз тарапымнан Нұрсұлтан Әбішұлына мұнда халықтың көпұлтты екенін, көптеген сұрақтар болатынын және олар қазақ және орыс тілдерінде қойылатынын айттым. Яғни, алда маңызды диалог күтіп тұрғанын білдіретінмін.
Содан кейін мен сайлаушылардың ең көп тобының атынан сөйлеп, мүдделерін білдіретін спикерлер тізіміне қарадым: Социалистік Еңбек Ері, мұғалім, дәрігер, мұнайшы және құрылысшы сөз сөйлеуі керек еді. Неге құрылысшы? Өздеріңіз білетіндей, Атырау облысында Кеңес Одағындағы ең үлкен құрылыс алаңы – “Теңіз” кен орны болды, онда бүкіл КСРО-дан және алыс шетелдерден келген адамдар жұмыс істейтін.
Сонымен тізімді зерделей келе, мен Елбасына бір судьяны қосуды ұсындым. “Егер біз судьяға сөз бермесек, онда мен неменеге осында отырмын?” – деп сұрадым. Президент тәуелсіз және сонымен бірге сайлау процестеріне қатыспайтын сот өкілінің сөз сөйлеуі дұрыс па деп, менің сұрағыма күмән келтірді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлын сот жүйесіндегі проблемаларды білу біздің азаматтарымыздың көптеген өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік беретініне сендіруге тырыстым. Нәтижесінде Президент келісіп, кездесуде судья Гүлнәр Қарабалина әжептәуір ұзақ сөз сөйледі. Ол шынымен де қазіргі сот проблемалары мен оларды шешу жолдары туралы көп жайларды айтты. Реті келгенде, Гүлнәр Қарабалина одан кейін отыз жыл бойы Атырау облысының сот жүйесінде мінсіз қызмет етіп, 2020 жылдың басында құрметті демалысқа шыққанын айта кетуім керек.
Кездесулердің арасындағы үзілісте бір қызық оқиға болғаны есімде: біз Нұрсұлтан Әбішұлына сүт қатқан шай бергіміз келген, бірақ менің орынбасарым: “Ирак, мен шайды ұйымдастырамын, бірақ сүт болады деп уәде бере алмаймын”, – деді. Қиын уақыт болғаны сонша күнделікті ішіп-жейтін тағамдар да тапшы еді. Шынымды айтсам, тазартылған су да жетіспейтін, суды краннан ішетінбіз.
Әрине, сезімтал, жанашыр, барлық проблемалық мәселелерден үнемі хабардар болуға тырысатын Президент сол кезде маған үлкен әсер қалдырды. Алматыға ұшар алдында ол мені шақырып алып:
“Сот-құқықтық жүйесінің өңірлік деңгейде тағы қандай проблемалары бар?” – деп сұрады. Мен: “Нұрсұлтан Әбішұлы, Ресейде Борис Николаевич Ельцин партияның аудандық комитеттерінің барлық ғимараттарын сот билігіне беріп жатыр. Мүмкін біз де осы тәжірибені қарастырармыз?” – дедім.
Ол кезде Ресейде коммунистік партияның жетекші және бағыттаушы рөлі жойылған болатынды. “Бізде де солай болады”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президентпен облыстық компартияның бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаров та келісті. Бізде де 3-4 айдан кейін коммунистік партияның жетекші рөлі жойылды. Атырау облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша райкомдардың барлық ғимараттары соттарға берілді.
Сонымен қатар судьяны спикерлікке шақыру жалпы алғанда биліктің үш тармағының тәуелсіздігін, Монтескье теориясын, судьялардың объективтілігі мен бейтараптығын талқылап, орнықтыруға себеп болды. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында және өңірлерге сапары кезінде әрқашан осы бағытқа ерекше назар аударып отырды. Сондай-ақ Президент біздің нотариатты шаруашылық есепке ауыстыру туралы идеямызды да қолдады. Ол кезде бюджетте нотариаттарды ұстауға ақша болмаған, сондықтан нотариустарды жеке секторға беру туралы біздің дәлеліміз сенімді болды. Кейін сот орындаушыларына қатысты да осындай шешім қабылданды. Осылайша Ұлт көшбасшысының арқасында жеке нотариус және жеке сот орындаушысы институты құрылды. Бүгінде олар жұмыстарын тәуелсіз атқаруда.
Бүгінде 1991 жылғы оқиғаларды талдай отырып, оның өте қиын кезең болғанын, жас мемлекеттің көптеген проблемаларға тап болғанын айтуға тура келеді. Бақытымызға орай, халық Нұрсұлтан Назарбаевқа сенді және оны ел тарихындағы алғашқы жалпыхалықтық президенттік сайлауда басым көпшілік дауыспен қолдады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде мен Нұрсұлтан Әбішұлының сайлаушылар арасындағы беделі мінсіз болғанын, адамдардың онымен елдің жарқын болашағын байланыстырғанын сенімді түрде айта аламын. Және олардың бұл шешімдері өте дұрыс еді.
Ирак ЕЛЕКЕЕВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері.