Айыртау балалар үйі балаларды қолдау орталығы болып қайта құрылғалы осында тұратын жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған тәрбиеленушілердің қатарын осы санаттағы 3 пен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер толықтырды. Осыған орай, мектеп жас аралығындағы балаларға арналған күндізгі топ құрылып, сәбилердің күміс күлкісіне толды.
Орталық басшылығы екі айдың ішінде бос тұрған бөлмелерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, талапқа сай жабдықтады. “Ақ нан-Север”, “Эль-Бриз”, “Красноярские колбасы”, “БлагоДарю-Астана”, “Альфатим”, “Антарес”, “Көкше-Трейл”, “Баянтай”, “Гусаковка”, “Нұрмұқанов”, “Шабаев”, “Элитколос” секілді шаруашылықтар мен ұйымдар, бұдан бөлек, аудандық полиция бөлімі қайырымдылық жасап, иігілікті іске өз үлестерін қосты.
Бала десе, бауыр еті езіліп тұратын осындай ел азаматтарының көлдей көмегінің арқасында балалардың толыққанды дамуы және демалуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Тұрмыстық техникалар, желдеткіш, теледидар, су жылытқыш, музыкалық орталық, жұмсақ ойыншықтар сатып алынып, мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңарып, толықты.
Сөз арасында мектепке дейінгі балаларға арналған орталықтың салтанатты ашылуына Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерік Тайжанов пен Дмитрий Колоданың, білім басқармасының, аудандық әкімдік өкілдерінің қатысып, сый-кәделерін ұсынғанын айта кеткен жөн.
Наталья ШЕФЕР,
балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары.
Айыртау ауданы.