Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “…Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған “Туған жер” бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ –жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін “Қазақстанның рухани құндылықтары” немесе “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі”, – деген болатын. Тимирязев ауданы өскелең ұрпаққа көненің көзіндей елестеп, ертегі-аңыздардай естілетін тарихи ескерткіштер мен киелі жерлерге бай. Аудандық білім бөлімі “Туған жер” жобасы аясында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жолында кешенді іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Соның бір айғағы ретінде С. Мұқанов атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназия оқушылары мен тарих және география пәндері ұстаздарының ұлттық мақтанышымызға айналған, облыстың киелі жерлерінің картасына енген қасиетті орындарды аралауын атауға болады.
Топтық экскурсия Докучаево ауылына таяу жерде Жаманшұбар қонысындағы атақты жазушымыз Сәбит Мұқановтың ата-аналарына арналған ескерткішке сапарлаудан басталды. Сәбит атамыз бұл белгіні жалаң аяқ жар кешкен, балалық шағы өткен, әке-шешесі мәңгілік тыныстап жатқан жерге қоюға уәде беріпті. Ол туралы “Өмір мектебі” кітабында сипаттап жазады. Тарих пәнінің мұғалімі Надежда Гавришевскаяның жазушының қиын тағдыры, жазушылық өмірі жайлы әңгімесін оқушылар асқан қызығушылықпен тыңдады. Олар білім ордасы саңлақ қаламгердің есімімен аталатынын мақтан етісіп, өмір тарихын, шығармаларын жақсы білетіндерін көрсетті. Мектеп залында диорама безендірілгенін, ол арқылы ұлы жазушының өмірбаянымен, шығармашылығымен таныса алатындарын айтты.
Бұдан кейін саяхатшылар Докучаево ауылынан 4-5 шақырым жерде орналасқан Сары мен Сүйір батырлардың мемориалдық кешеніне барды. Тарих пәнінің мұғалімі Мәриям Әлбекова қос баһадүрдің ел бостандығы жолында өмірлерін қиғанын көркем тілмен түсіндіріп берді. Мазар 2014 жылы салынып, салтанатты ашылуына Қытай, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен делегациялар келген. Туған жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғаған Сары мен Сүйір осы маңдағы қорымға жерленген. Бірінші қорғанның диаметрі – 20 метр, биіктігі – 6 метр. Екінші қорғанның диаметрі – 15 метр, биіктігі – 4 метр. Мазардың кіреберісінде екі дулыға қойылған. Сары батыр 1690 жылы қазіргі Докучаев ауылдық округі аумағында туған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 1771 жылы 81 жасында бір шайқаста ауыр жараланып, қаза табады.
Бабалардың табанының ізі қалған жерлермен жүріп өткен топтың сапары Меңдеке батырдың ескерткішіне тәу етумен аяқталды. Оқушыларға елімізге танымал мәдени мұралардың қасиеті, алар орны мен маңызы жөнінде жан-жақты мәлімет беріліп, Меңдеке батыр ескерткіші солардың біріне жататыны айрықша атап өтілді. Ақжан ауылдық округінің аумағына енетін Приозерное ауылынан үш шақырым жерде орналасқан кесене алыстан көз тартады. Меңдеке Байжігітұлы 1790 жылы қазіргі Қостанай облысы, Мезгіл ауылында дүниеге келген. Орта жүздің ішінде Қанжығалы руынан шыққан. Абылай хан әскерінің жетекшілерінің бірі болған. Оның аңызға бергісіз ерліктері Шал ақын Құлекеұлының жырларында көптеп кездеседі. Майдан алаңдарында әрдайым жеңімпаз болып отырған. Үлкен күш пен ақылға ие оны қатарластары қатты қадірлеген. Батыр қиыннан қиыстырып, небір тығырықтардан оңтайлы жол тауып отырған. Ақтық демі таусылар алдында Қанжығалы мен Алдай-Ақсуат руларын татуластыру туралы арманын айтып, өзін даулы жерлердің шекарасына жерлеуді өсиет еткен. Батырдың соңғы өтініші орындалған. Артында қалған ұрпақтары 2007 жылы батырдың 220 жылдығы қарсаңында кесене тұрғызған.
Қазақтың көрнекті тұлғалары – халық мақтанышы. Олардың қайталанбас ерліктері тарих шежіресіне қатталып, тұрғындардың жадына ұмытылмастай жазылып қалған. Демек, мемлекеттілігіміздің орнығып, қалыптасуына сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Оны өскелең ұрпақ біліп, өсуі тиіс.
Әлия АНАПИЯНОВА,
аудандық оқу бөлімінің әдіскері.
Тимирязев ауданы.