«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Бәтима” әженің хикаясы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұл хикая осыдан біраз жыл бұ­рын болған еді. Телеарна арқылы Ерболат Төлегенов (Шімəн апа) ба­уырымыздың кемпір образы ел іші­не кең тараған кез. Арасында ерік­кенде құрдастарыма телефон ша­лып, сол Шімəн апаның дауысына салып сөйлесемін. Кейде телефо­нымның нөмірі көрінбейтіндей қы­лып қоямын. Бірде жақсы арала­са­тын досым Бауыржан Қайырбек­ұлы құрдасымның əйелі Əсияға те­лефон соқтым. Əсия – Уәлиханов ау­данының тумасы. Туған жері Өн­діріс немесе соның Шағырсай бө­лім­шесі екенін естіп қалғанмын. Əй­теуір, екі ауылдың арасы жақын. Кемпірдің дауысымен:

– Əмəншің бə, жəнім? Шен Əшия­шің ғой мен Шəғыршайдан Бə­тимə деген əпəңмін, – деп өзімді кем­пірдің дауысына салып өзімді та­ныстырып жатырмын. Басында аңтарылып қалса да, соңынан Əсия да қалыспай амандық-саулық сұ­рап, бəйек болып жатыр. Бәтимә бо­лып бір емес бірнеше рет қоңырау шалдым. Əр сөйлескен сайын жаңа əңгіме ойлап табамын. Секем ал­мас үшін əңгімемді образға кіріп тұ­рып айтамын. Осылай бір жылдай телефонмен сөйлесіп жүрдім. Кей­де достарымызбен басымыз қо­сы­ла қалған кезде хабарласамын. Əсия да бəйек болып қалады. Ба­там­ды беремін, өзімше ата-ба­бам­ды тізіп айтып, оның əкесі Жам­был­дың немере апасы бола қаламын. Со­нан телефонды сөндіріп, ішегі­міз қатқанша қарқылдап күлеміз. Кейде Əсекең құрдасым менен:

– Телефон нөміріңіз неге құпия, ба­лаларға айтыңызшы номер көрі­нетіндей қылсын, анда-санда өзім қоңырау соғып тұрайын, – деп қоя­ды. Қайтсін енді, əжесінің бірлігі тау­сылып қалады-ау деп аяған түрі ғой. Мен болсам:

– Көж көрмейді, тлипəнді жəқші білмеймін, бəлəлəр бəрі жүміштə, – деп қулыққа басамын. Аңқау құр­дасым болса менің сөзіме аузы ашылып сенеді. Арасында:

– Әже, жасыңыз нешеде? – деп сұ­райды.

– Шекшен шегіждемін, – деймін. Ол болса:

– О, əже, сіздің жасыңызды ма­ған берсін, – деп қояды. Мен де ба­тамды аямай беремін кемпірдің дау­сымен. Осылайша ол немере мен əже болып бір жылдай сөйлесіп жүрдік. Қоңыр күз де келіп жетті. Əсиямен телефонмен сөйлесіп көшеде жаяу келе жатқанмын.

– Мен Тəлшыққа келдім шені іж­деп, – деп қойдым. Беймезгіл уа­қытта қонақ күтуге кім құштар дей­сің.

– Əже мен жұмыстамын, – деп Əсекең телефонның арғы жағынан қысқа ғана қайырды.

– Онда күйеу баланы (Бауыржан құрдасым) шібер мәған, – дедім ті­лімді бұрап. Ол болса Бауыржан екеуміз де жұмыстамыз деп безек қағады. Сөз ауанынан мені жақты­рып тұрмағаны белгілі болды. Əсе­кемнің ойы не болса да “кесір кем­пірді” үйге жолатпау екені емеурі­нінен-ақ сезіліп тұр. Əйтеуір, Əсия олай бұлтақтатып, бұлай бұлтақ­татып, ақыры ағасы Жанбатырдың үйіне бар деп мені өзінен аулақ жаққа бағыттап жіберді. Жанбатыр мен Жамбыл бірге туысады, Əсия Жамбылдың қызы. Келе жатсам Жанбатырдың кішкентай қызы Сым­бат дүкеннен шығып келеді екен. Сымбат мені нағашы дейтін. Аман­дық сұрасып:

– Нағашы, неге ішегіңіз қатып күліп келе жатырсыз? – деп тық-тық етіп сұрап жатыр. Мен оған мəн жай­дың бəрін түсіндірдім. Сымбаттың көзінше Əсекемен тағы сөйлестім.

– Əй, Əшия жəнім, мен Жəмбə­тір­дің үйін тəбə əлмəй əдəшіп жүр­мін.

Сымбат аузын екі қолымен ба­сып, ішегі қатып күліп келеді. Шы­дамның да шегі бар ғой.

– Туф, сол Бестерек маңайдағы­лардың бəрі біледі. “Жанбатырдың үйі қайсы?” деп адамдардан сұра­ңыз, – деді де телефонын өшіре сал­ды. Сонымен әңгіме тамамдалып, үйге кеттім. Ертеңіне Сымбат жие­нім біздің үйге ішегі қатып күліп кірді.

– Ойбай, нағашы, кеше сізге кез­дескен соң үйге келсем, Əсия тəте үйге телефон шалып, қазір бір кемпір келеді, есік ашпаңдар, кіргіз­беңдер ол қақпасты депті. Үйде­гілер күнде жаппайтын есікті бекітіп алыпты. Есікті қақсам, ары жағынан кімсің деп ағам маған дікеңдеп тұр. Атымды айтып əзер деп ішке кірдім. Есіктің артында қолына еден жуа­тын таяқ ұстап тұр екен, кемпірді ұрмақшы-ау шамасы, – деп ішек-сілесі қатып күлді.

Мен де бір күліп алып, қолыма телефонды қайта алдым. Баяғы əдетіммен Əсекеме қоңырау шал­дым. Баяғы немерем болып жүрген ол бұрынғыдай емес өктем дауыс­пен сөйлеп тұр.

– Əй, Əшия жəнім, шен қəйдə­шің? Кеше Жəмбəтірдің үйін іждеп жүргенде мілітса үстəп əкеп, қамап тəстəді. Мені келіп шіғəріп əл.

– Сол милицияда шірі, мен сені танымаймын, менің Бəтима деген апам жоқ, – деді де телефон байла­нысын үзіп тастады. Сөйтсем, бай­ғұс құрдасым түні бойы “Бəтима де­ген кемпірді білетіндерің бар ма? Ол кім?”, – деп тұқым-жұрағатының бəрін аяғынан тік тұрғызып сұрап шыққан ғой. Жиенім екеуміз күліп жа­тырмыз. Бір жағынан құрдасым­ды бір жыл мезі етіп, əбден ығыр қылғаным есіме түсіп, оны аяп та қоямын іштей. Біраздан кейін те­лефон шалып, өз дауысыммен сөй­леп тұрмын.

– Оу, Əсеке құрдас, қалайсың? Амандық па? – деп жағдайын сұрап жатырмын. Əсекем ызаға булығып əзер тұрғаны сөйлегенінен білініп тұр. – Не болды құрдасым? Бірде­ңе­ге ашуланып тұрсың ғой.

Телефонның арғы жағынан Əсе­кем сайрап қоя берді:

– Бір жылдай болды Бəтима де­ген бір кемпір сөйлесіп жүретін. Сол кешеден бері əбден қанымды ішті. Кеше осында келіпті. Милицияға түсіп қалыпты… – деп ұзын-сонар әң­гімесін айтып жатыр, айтып жатыр.

Шыдамай күліп жібердім де, бұрынғы кемпір дауысыммен:

– Өл қəндəй кемпір Бəтимə де­ген? Мəғəн əйтші көршетейін оғəн, – демеймін бе. Телефонның арғы жағынан:

– Жексұрын, кемпір емес сен екен­сің ғой қанымды ішіп жүрген, – деп Əсия телефон тұтқасын қоя салды. Содан бірнеше күн өткен соң Жанбатыр жездеме дұға беруге Жібек апайым үйіне қонаққа ша­қыр­ды. Төрде отырғанмын. Бір за­манда ас үй жақтан Əсекем төрге оқ­ша атылып жүгіріп келіп:

– Осы отырған жеріңде қылқын­дырып өлтіріп тастайын ба сені, – деп қос қолдап алқымнан ала түсті. Мен күліп жатырмын. Жұрт аң-таң. Біраздан соң хикаяны ес­тіген жұрт та қыран-топан күлкіге бат­ты. Осы­лай əзіліміз жарасқан құрдасымыз екеуміз күні бүгінге дейін бір-бірімізді əже және немере деп атап кеттік.

Жандос МӘДИҒАЖЫҰЛЫ.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp