Елімізде білім беру ошақтарының инфроқұрылымын жаңарту күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі саналады. Оның бір дәлелі – бүгіндері елімізде 80 мыңнан астам студент жатақхана орындарына мұқтаж болып отыр. Осының салдарынан көптеген жастар санитарлық талаптар сақталмайтын ескі жатақханаларда тұруға мәжбүр.
Бұл мәселені шешу мақсатында “Қаржы орталығы” акционерлік қоғамы еліміздің барлық өңірін қамтитын жатақханалар құрылысына қатысты ауқымды жобаны жүзеге асырды. Жоба 2018 жылдың соңында іске қосылды. Жатақхана иелері мемлекеттен әрбір төсек-орынға жылына 122 АЕК (Алматы қаласы 144 АЕК) көлемінде, ал ғимаратты жатақхана ретінде қайта рәсімдеуден өткізсе 47 АЕК мөлшерінде төлем алады. Мемлекет бұл төлемдерді сегіз жыл бойы жүргізеді. Мысалы, 500 орындық жатақхананы алатын болсақ, кәсіпкер 8 жыл ішінде мемлекеттен 1,5 млрд. теңге көлемінде төлем алады және жатақхана оның иелігінде қалады. Сондай-ақ инвесторларға типтік негіздегі жобалық-сметалық құжаттамалар ұсынылады.
Студенттер үшін жаңа бағдарлама аясында іске қосылған жатақханаларда тұрудың орташа ақысы 10 000 теңгені құрайды. Бұл заманауи үлгідегі орын-жайлардан бөлек коворкинг орталығы, спорт залы бар және студенттердің бос уақыттарын мазмұнды әрі тиімді өткізуге жағдай жасалған жатақханалар үшін аса қымбат баға емес.
Әлеуметтік маңызды және кәсіпкерлер үшін тиімді жобаның сәтті басталуы мемлекет пен бизнес өкілдерінің ортақ іске жұмыла кірісуінің арқасында мүмкін болып отыр. Кәсіпкерлердің жобаға қызығушылық танытуының бірнеше себептері бар. Бұл алдымен, құрылыс жұмыстарына кеткен шығынның өтемін мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы қайтарып алу, жер теліміне заттай грант негізінде қол жеткізу және “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында банктік несиелерін 9 пайызға дейін субсидиялауға мүмкіндіктерінің болуы.
Жатақханалар құрылысына кететін шығындарды оңтайландырудың тағы да бір жолы көзделген. Әр құрылысты жүзеге асырарда оның міндетті алғышарттары бар. Құрылыс жүзеге асырылар алдында жобаның міндетті жобалық-сметалық құжаттамасының (ЖСҚ) болуы талап етіледі. 2018 жылы үшінші әлеуметтік бастама жарияланып, мемлекет өз алдына 2022 жылдың соңына дейін студенттерді 75 мың орындық жаңа жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету межесін қойды. Соның нәтижесінде, құрылыс көлемі мен санының артуына байланысты жаңа ЖСҚ-ға қажеттілік туындады. Осыған орай, 2020 жылы Білім және ғылым министрлігінің өтінішімен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің тапсырысымен “ҚазҚСҒЗИ” АҚ-ы “Қазақстан Ресспубликасының 5 климаттық кіші аудандары үшін 500 орындық студенттік жатақхана” ЖСҚ-ын әзірлеуде. Жоба ғылыми-техникалық кеңестің оң қорытындысын алып, сараптамаға жолданды.
Жобаның артықшылықтары жатақхана ғимаратында жатын орындардан бөлек компьютерлік оқу залдары, спорт залдары, медициналық стационар және т.б. болуы жоспарланған. Студенттер болашақта жатақхана қабырғасында орналасатын оқу залдарында интернет бөлмесі арқылы жеке шығармашылық жұмыстарымен айналыса алады. Сондай-ақ, асхана салу да қарастырылған. Кәсіпкерлер құрылыс жұмыстарына жұмсайтын шығындарын барынша үнемдеді. Әр студентке тұрғын алаңның үлестік көрсеткіші 11,2 м2-ден 7,8 м2-ге төмендетілген, жалпы алаңның үлестік көрсеткіші сәйкесінше 21,9 м2-ден 15,2 м2 дейін оңтайландырылды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы.