Облыста соңғы бес жылда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 42 жоба жүзеге асты. Бұл мақсат үшін 10,4 млрд. теңге жұмсалды. Бұл туралы “Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы” АҚ-ның өкілдері мен кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің мүшелерінің кездесуінде айтылды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Аслан Нұрсейітовтің айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономиканың барлық буынын қамтып отыр.
“Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заң қабылданғаннан бері 42 келісімшарт жасалып, кәсіпкерлерге 3,9 млрд. теңге қаражат берілді. Биыл осы тетік арқылы 7 жоба жүзеге асады. Оның екеуі – білім беру, біреуі – денсаулық сақтау, екеуі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына бағытталады”, –деді Аслан Нұрсейітов.
Озық жобалардың ішінде қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы да бар. “Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы” АҚ өкілдерінің пікірінше, пандемияның салдарынан жобаға қатысуға тілек білдірушілердің саны азайған. Оның тағы бір себебі – жоба механизмінің күрделілігінде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік елімізде 2016 жылдан бері қолданылып келеді. Бұрыннан қатысқандар оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білді. Кейбіреулер тез әрі оңай табысқа жетуді көздейді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік – ұзақ уақытқа бағдарланған жоба.
“Қазір мектеп құрылысына басымдық беріліп жатыр. Өйткені елімізде әлі күнге дейін екі-үш ауысымда оқытатын және ескі мектептер бар. Қызылжар өңірінде де білім ордаларына сұраныс жоғары. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы кәсіпкерлер бұл жобаларға қатыса алады”,– дейді “Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы” АҚ фронт-кеңсе жобаларының басқарушысы Махаббат Исабекова.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Петропавлдағы “Копай” шағынауданында құны 4,5 млрд.теңге болатын 1200 орындық мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта байқау құжаттары әзірленіп, дайындық жүргізілуде.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.