Солтүстік Қазақстан облысында мониторинг топтары 2600-ден астам рейд өткізіп, карантин бұзуға қатысты 555 деректі анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 23 мониторинг тобы жұмыс істейді.
Олар қаңтар айынан бастап 2656 рет рейдке шыққан, 18 386 нысанды тексерген. Нәтижесінде карантиндік шектеулерді бұзуға қатысты 555 фактіні тіркеді.
«Рейд барысында той өткізіп жатқандардың үстінен түсеміз. Дезинфекциялық, маска тағу режимі сақталмайды. Дүкеншілер бетпердесіз қызмет көрсетіп, кәсіпкерлер нысандардың жұмыс істеу уақытын бұзады. Полиция қызметіне және бейімдеу орталықтарына түскен жедел хабарламалар бойынша жоспардан тыс 38 тексеріс жүргізілді, нәтижесінде 600-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы сомасы 40 млн 374 мың теңге болатын 556 айыппұл салынды», – дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Данияр Оспанов.
СҚО COVID-19-дың таралуы бойынша «қызыл» аймақта. Қауіпті індетті жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді.
Өткен тәулікте өңірде коронавирусты жұқтырудың 152 жағдайы тіркелді.
Осыған байланысты санитар дәрігерлер санитариялық талаптарды қатаң ұстануға шақырады.
https://www.inform.kz/