Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылына дайындық барысында 75,5 млн теңгеге жеткілікті көлемде дезинфекциялау құралдары сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқу процесі санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылады. Мектептерде дезинфекцияның 4 сатылы сүзгісі, желдету, кварцтау, ылғалды жинау режимі күшейтіледі.
Байланыстарды азайту үшін ауысымдар ұйымдастырылады, әр сынып өз кабинетінде оқиды, үзіліс әр түрлі уақытта болады.
Оқушылар мен педагогтар арасында коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында қазір облыстың білім беру ұйымдарында педагогтар мен техперсоналды вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Бүгінде педагогтардың 95,7 %-ы және техперсоналдың 95,5 %-ы екпе алды.
Оқушы немесе мұғалім сырқаттанған жағдайда сынып қашықтан оқытуға ауыстырылады.
Жалпы биыл жаңа оқу жылында өңір мектептері 73 523 оқушыны қабылдамақ, оның ішінде 8 053-і – бірінші сынып оқушысы.
1 қыркүйектен бастап барлық мектеп дәстүрлі форматта жұмысын бастамақ. Осыған байланысты білім басқармасы білім беру мекемелерін жаңа оқу жылына дайындау бойынша кешенді жоспар құрды.
Сабақ басталар алдында, тамыз айының ішінде білім беру мекемелерінде болашақ бірінші сынып оқушылары үшін «Бүлдіршін мектебі», сондай-ақ 2-11 сынып оқушылары үшін білімдегі олқылықтардың орнын толтыру бойынша жазғы мектеп жұмыс істемек.
https://www.inform.kz/