Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс ағаларымыздың бірі – Алтай Қожахметпен тілдесудің сәті түсті. Еңбек жолын қатардағы экономистен бастап, облыстық басқарма басшысы дәрежесіне дейін көтерілген экономист-ғалымның шығармашылық және өмір жолы қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің орнығу, қалыптасу, даму кезеңімен тығыз байланысты. Ғұмырының біраз бөлігін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде студенттердің тәлім-тәрбиесі мен сапалы білім алуына арнаған ұлағатты ұстаз қиындығы мен қуанышы тұтас дәуірге бергісіз кезең жайлы шешіле әңгімеледі.
– Өткенсіз болашақты көзге елестету, кемел даму бағдарымызды анықтау қиын. Сондықтан тарих сабағынан алар тәліміміз өлшеусіз, оны ұмыту – елдік тұтастығымызға сын. Кез келген уақыттың өзіндік артар жүгі мен салмағы, тар жол, тайғақ кешу сүрлеуі болуы заңды. Оған шыдас берген халық қана ұлт ретінде ұйысып, мемлекет ретінде өркендеп, нығая алады. Қанша талпынып, ұмтылса да, талай ғасыр бодандық құрсауынан шыға алмаған қазақ халқының азат ел боламын деген арман-тілегіне жетуі айтуға ғана оңай. Мен экономист ретінде мынандай дерек келтірейін. Егемендіктің елең-алаң шағында Қазақстанда жұмыс істейтін адамдардың саны 3,2 млн., ал зейнеткерлер тұп-тура 3 млн. болыпты. Зейнетақы мен жалақының төленбеген қарызы ұлттық ішкі өнімнің 40 пайызына дейін жетсе, жалақы төлеудің берешегі 48 млрд.теңгені құраған. Бұл – ол кезде орасан ақша еді. Ащы болса да ақиқаты осы!
– Ел тағдырын айқындайтын ұлы таңдау жолында алдымен экономика, сосын саясат деген ұстаным өзін-өзі ақтады демекшісіз ғой?
– Сөз жоқ. Небір әлемдік дағдарыстар қос өкпеден қысқан мезетте осындай қауіп-қатерлердің орын алу мүмкіндігі алдын ала болжанып, дер кезінде кешенді іс-шаралардың қабылдануы арқасында қаржы саясаты дұрыс түзілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен Ұлттық қордың құрылуы, алдымен экономикалық жағдайды түзеу басты назарға алынуы екі шылбыр, бір тізгін іспеттес экономика мен саясатта таразы басын тең ұстай отырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпал етті. 1997 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысын еске түсірейік. Осы аймақта орналасқан елдер 600 млрд. доллар мөлшерінде зиян шекті. Экономикалық дағдарыстың алғашқы белгілері білінісімен ел басшылығы талаптарға сай сындарлы саясат ұстана білді.
Ашық экономика жағдайында нарық заңдылықтарына бейімделіп, бәсекелестікке, сұранысқа ие тауарлар мен өнімдер өндірісінің кең мүмкіндіктерін пайдаланбағанда қазіргі табысты деңгейге жетпес едік. Қуатты орталық күйреп, “балапан басына, тұрымтай тұсына“ кетіп, шықпа жаным шықпаның өлмеші күйін кешкенде “шикізат қоймасы“ саналып келген Қазақстанның алдында өз таңдау жолы тұрды. Ол – өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген қоғам құру, Тәуелсіздікті орнықтыру. Осы арада Нұрсұлтан Әбішұлының бір сөзін келтіре кетейін. Бір сұхбатында: “Тәуелсіздік баянды болады, егер біз халықтар арасында дұрыс саясат ұстансақ, егер біз қан-жоса қақтығысқа жол бермесек, егер біз бірлігімізді сақтай білсек, егер біз сөзден іске көшіп, жұмыла жұмыс істеп, барлық салада өнімді көбейтсек, сол ерен еңбек арқылы басқаларға тіленші болып, алақан жаймасақ…“, – деген болатын. Алғы мақсат-мүддемізді қарапайым ғана тілмен еш бүкпесіз, жатық түрде түсіндіріп берген. Иә, БҰҰ-ға мүше болдық, Ата заңымызды қабылдадық, көк байрағымыз желбіреді, Әнұранымыз ойналды. Бұл – мәселенің бір жағы. Өйткені бұлар егемендігін жариялаған кез келген мемлекеттің мызғымас тұтастығын білдіретін міндетті атрибутты белгілері мен айшықты нышандары болып саналады. Егемендік мұратының нақты жемістері экономикалық дербестікпен айқындалады. Ұлттық тарихи миссия осы бір ең өзекті тамырлы мәселені жүзеге асыруға жұмылдырылды. Әлемдік кеңістікке шығудың түйткілді проблемалары да аз болған жоқ. Инфляцияны ауыздықтау, баға өсуін тежеу өте күрделі түрде жүрді. Сол кез әлі күнгідей көз алдымда. Ресей үкіметінің ешкіммен ақылдаспастан түйеден түскендей етіп, бағаны ырқына жіберуі салдарынан оның айтарлықтай ауыр зардабы онсыз да шатқаяқтап тұрған ел экономикасына жойқын соққы болып тигені соншалық, көрші елдің іргелес облыстарына арзан да бағалы өнімдеріміз бен тауарларымыздың жұтылып кету қаупі туды. Кеден бекеттері қойылып, шекарамыз шегенделгеннің арқасында тез арада оңалтуға мүмкіндік жасалды. 1992 жылы инфляция мөлшері 30,6 пайызға дейін өссе, 1996 жылы 28,7 пайызға дейін төмендеді. 92,5 млрд.теңге көлемінде шетелдік инвестиция құйылды. Бұл – үлкен жетістік еді. Ауыл тірлігін жандандыруда да зор жұмыстар атқарылды.
Бүгінде жаңа экономика деген ұғым қалыптасты. Ол – жоғары технологиялар мен инновациялар шоғыры. Осылайша жаhандық экономикаға кірігіп, халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу белсенділігі әлдеқайда артты. Әлемдік нарықта сенімді әріптестер мен серіктестер көбейді. 30 жылда жеткен жетістіктерімізді қысқаша сипаттасақ, осындай.
– Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқардыңыз. Ешқашан бодан болып көрмеген бүгінгі ұрпақ азаттықтың қадір-қасиетін жетік бағамдай алып жүр ме?
– Әрине, көңіліміз тола бермейтін тұстар баршылық. Бірақ солай екен деп тұтас жастар қауымына кінә арту негізсіз. Отыз жылдың ішінде қиындықтарды еңсеріп, бүкіл әлем танитын өркениетті ел қатарына қосылуымызға аға және жас буын теңдессіз үлес қосты. Ұрпақтар арасындағы жарасымды сабақтастық, ұсынған эстафетаны кейінге аманаттау – демократиялық қоғамға тән үрдістердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, жастар тындыратын ұлы істер мен міндеттер алда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат“ мақаласында біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу екенін атай келіп, жастарға үлкен сенім артты. ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабылетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Мемлекет басшысы жазғандай, тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтыратын жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілеріміз, біздің айрықша күшіміз. Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті. Бұл пікірге алып-қосарым жоқ.
– Сіздің экономика ғылымдарының кандидаты, профессор ретінде зерделей зерттеген тақырыбыңыздан бөлек, рухани саланы түлетуге, жаңғыртуға атсалысқан қадамдарыңыз – бір төбе. Солардың бірі текті түзетуге деген ұмтылысыңыз. Өңірде “ов“-тан бірінші болып бас тартқан қазақ екеніңізді жақсы білеміз. Осындай қадамға не итермеледі?
– Ол – ұзақ әңгіме. Қысқа қайырсам, 1996 жылы қазақ жұрты көптен тағатсыздана күткен тарихи құжат дүниеге келді. Ол – Республика Президентінің “Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу туралы“ Жарлығы. Тегіміз бен аты-жөнімізді ұлттық дәстүрде жазу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатқанда мен аты-жөнімді қазақшалап, “ов“-тан, “ич“-тен құтылып қойған болатынмын.
– Қалай?
– Тегімді тарихи-ұлттық дәстүрімізге орайластырып жаздыруды ертеден ойға алған едім. Кейбіреулер баспасөз беттерінде “ұлы“, “қызы“, “тегі“, “немересі“ болып жүрді. Мен төлқұжат арқылы заңдастыруға бекіндім. Ұмытпасам, 1995 жылдың желтоқсан айы болу керек, қалалық хал актілерін жазу бөліміне бардым. Осы кезде қалың жұртшылық арасында аты-жөнді ұлттық дәстүрде жазу мәселесі қызу талқылануына және талап етілуіне байланысты Ішкі істер министрлігі арнайы ереже қабылдағанын естідім де, қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастау жөнінде өтініш жаздым. Ол үшін туу туралы куәлікті қазақша нұсқаға келтірсе, жеткілікті екен. Көп ұзаған жоқ, бірінші сәуірде облыстық әкімшілікте салтанатты түрде табыс етті. Қарап отырсам, тегіме қосарланған жат жұрнақтан құтылғаныма ширек ғасыр болыпты. Қуанбасам, өкінбеймін. Өйткені кез келген халықтың тегіне қарап ұлтын таниды. Есім-сойды қазақшалауды кезінде Алаш арыстары көтерген болатын. Оны Әлихан Бөкейхан 1917 жылы Орынбор қаласында өткен тұңғыш жалпықазақ съезінде айтып, “Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, “ов“, “ев“ деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын“, – деген ұсыныс тастаған. Міржақып Дулатұлы да “Қазақ“ газетінде “орыстарға орынсыз еліктеуді“ өткір сынаған.
Кеңес өкіметі аюдай ақырып, шовинистік пиғылдардың бет қаратпай тұрған кезінің өзінде аты-жөнін ұлттық негізде жаздыртып, ұлттық намыстың ұлы биігіне көтерілген Бауыржан Момышұлының ұрпақтары көбейе бергей. Қазір тегін түзететіндерге ешқандай кедергі жоқ. Тек ниет болсын.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan“.