Бір жарым ғасыр бойы саясат құрбаны болып, бертінге дейін әндері өз атымен аталмай келген, тумысы бөлек, тұла бойы тұнған өнер иесі, сал-сері, композитор, классикалық қазақ әнінің негізін қалаушы Сегіз сері жайлы дау-дамайлы әңгіме әлі де басылмаған сыңайлы.
Ел газеті “Egemen Qazaqstan”-да (26 мамыр 2021 ж.) жарық көрген әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутайдың “Жарылғапберді” атты мақаласындағы “Кейінгі кезде Сегіз серінікі деп айтылып жүрген әннің бірі – Жарылғапбердінің “Ғайниы”, – деп өзінше “жаңалық” ашуы осы мақаланы жазуыма себепші болып отыр.
Қазақтың белгілі жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы “Сегіз сері және Ғайни” (“Айқын” газетінде жарияланған) зерттеу мақаласында: “Мен қазақ ауылдарын аса көп аралаған емеспін. Алайда Алтайда, Арқада, Атырауда, Қаратауда болдым. Сонда байқағаным: сол арадағы барлық қазақ Құрманғазыны “Құрманғазы бабамыз” деп сөйлейді. Мен мұны тектілік деп түсінем. Сондай тектілікті біз тағы көрсететін бір оғлан ол – Сегіз сері.
Не Құрманғазының, не Тәттімбеттің, Біржан мен Ақанның, тағы басқа өнерпаздардың бірде-бірінің өмірі мен өнері жайында дәл Сегіз серінікіндей сенімді, нанымды деректер мен куәлар жоқ. Алайда Сегіз серіні өнер тарихына жолатқысы келмейтін адам көп.
Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығына әділ баға берілмеуіне, тіпті атын атамауға дейін апарған арғы-бергі, ішкі-сыртқы себептер, меніңше мынадай:
1. Сегіз серінің азаматтық, өнерпаздық қалыптасуына әсер еткен оқиғалар мен тарихи-саяси жағдайлар өткен қазақ жерлері бұл күнде Ресей мемлекетінің құрамына кіріп кетті.
2. Ол орыстың отарлау саясатына қару алып, қарсы шықты. Жаласы бар, шындығы бар, орыс әскері мен адамдарының қанын төкті. Сондықтан саяси қырағылық пен сақтық жасауға мәжбүр болған аталарымыздың оны айғақтап зерттеуге батылы бармады.
3. “Гауһартас”, “Ғайни”, “Мақпал”, “Назқоңыр”, “Алқоңыр”, “Қарғаш”, “Ақбақай” секілді қазақ әндерінің кілең інжу-маржанын бір-ақ кісіге беруге қимадық. Сенбедік. Біржанның, Ақанның, Мұхиттың тағы басқалардың беделіне нұқсан келетіндей көрдік.
4. Халықтың арасына кең тараған қаншама әндер Сегіздікі болып шығатын болды. Ал қалыптасып қалған өтірікті өзгерту ғылымы мәдениеттілікпен қабылданатынына ешкімнің көзі жетпеді”, – деген тұжырым жасайды.
Сегіз серіні өнер тарихына жолатқысы келмейтіндердің бірі – Е.Төлеутай жоғарыда аталған мақаласында: “Кейінгі кезде Сегіз серінікі деп айтылып жүрген әннің бірі – Жарылғапбердінің “Ғайниы”. Өнер зерттеушілері де осы тоқтамға үнсіз келіскендей сыңай танытқан. Алайда бұл жерде де Б.Балабековтің “Ғайни” әні турасында жазған естелігінің шыға келуі – аталған әнді Сегіз серіге телушілерге қақырата соққы бергендей”, – деп өзеурейді.
Ал енді “Ғайни” әні Сегіз серінікі екеніне дәлел-дәйегімізді айтайық. Бұл орайда тағы да жоғарыда аталған жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының “Сегіз сері және Ғайни” мақаласын алға тартамыз.
“Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығын ғылыми тұрғыдан талдау үшін өзінің “Қашқын келбеті”, “Қыз сипаты” (Сегіз сері шығармалары, 2-том, 24 және 33-беттер), Жаяу Мұсаның “Ер Сегіз” (Сегіз сері шығармалары, 2-том, 245-бет, 2014 ж.), Нұржан Наушабайұлының “Сегіз сері баһадүр” дастанын, Рақымжан Отарбаевтың “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланған “Ерлігін Исатайдың жырға қоссам” мақаласын басшылыққа алу бірден-бір дұрыс жол деп білемін. Себебі бұлар – уақыт жағынан да, сенімділік тұрғысынан да бағалы дүниелер. Өйткені Сегіз сері өз шығармаларын жазба түрінде қалдырған. Сондықтан олар біраз уақыт қолдан-қолға тараған, келе-келе жазбалар тозып, жоғалған соң ғана ауызша сақталған. Сондықтан көркемдігінен азды-көпті айрылса да, деректік дәлдігін жоғалтпаған”.
Ал Жаяу Мұса – Сегіз серіні көзбен көріп, қасында жүріп, үлгі алған шәкірті. Бұған дәлел Жаяу Мұсаның “Ер Сегіз” дастанындағы мына өлең жолдары:
Дәл үш жыл Ер Сегізге шәкірт болдым,
Саналып ең кенжесі қалың қолдың.
Сегізге барар жолда сезіп едім,
Өнерге ашыларын даңғыл жолдың.
“Ғайни” әнінің Сегіз серінікі екенін Жаяу Мұсаның:
Сал Сегіз әуес болған нақ құндызға,
Көз салған әр елдегі шын жұлдызға.
Арнаған қос нұсқалы “Ғайни” әнін,
Еркесі ысық елі Ғайым қызға, – деген өлең жолдары дәлелдей түседі.
Үш жыл қасында болған, Сегіз сері әндерін шырқаған, қазақтың айбарлы ақыны, әнші-композитор Жаяу Мұса Байжанұлының тайға таңба басқандай дерегінен артық Е.Төлеутайға қандай дәлел керек?
“Ғайни” әнінің шығу тарихы жайында: “Ысық пен Танада әншілік, ақындық, ән шығарушылық өнерімен танылған Сегізді жастар іздеп жүріп ойын-тойларға шақыратын болған. Бірде Ерман дейтін дәулетті адам тойына шақырады. Осы тойға сол өңірге танымал Қалдыбайдың сұлулығымен аты шыққан Ғайнижамал (ел-жұрты еркелетіп, Ғайни деп атап кеткен) да шақырылады. Тумысынан өжеттік қасиет дарыған Сегіз Ғайнижамалды алтыбақан тебуге шақырады. Осы бір мүмкіндікті пайдаланып, Ғайниға деген жалынды сезімін білдіріп, атақты “Ғайни” әнін шығарып айтады. (Жинақ. “Халық әндері мен халық композиторларының әндері”, Алматы, 1991 ж. 1-том, құрастырған Жәнібек Кәрменов).
Қазақтың көрнекті жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаев Өтепқали Жақыпұлының шежіресіне сүйене отырып, Сегіз серінің Исатай-Махамбет көтерілісіне азды-көпті араласқанын жазады.
Ертіс орманының ішінде жиырма шақты орысты біреулер өлтіріп кетеді. “Сөз жоқ, қазақтар өлтірді, – деп ойлаған Батыс Сібір генерал-губернаторының орынбасары Горчаков “Сегізді ұстау керек”, – деген бұйрық береді. Жалалы болған Сегіз сері қасына сенімді серігі, досы Нияз серіні алып, нағашысы Байбақтылар жағына тартып отырады. Сегіз нағашылары Байбақтыларда көп аялдамай, Еділдің Тептер деген саласында отырған ауылға жетеді. Бірден көздеріне оқшау тігілген он сегіз қанат ақ боз үй түседі. Сегіз бен Нияз ат басын солай бұрады. Бұл ысық руынан шыққан әйгілі батыр Исатайдың мыңбасы Қалдыбай Қосаяқұлының ауылы болып шығады.
“Алдымнан бір қыз шықты құлпырып-ай, сұрап ем, Ғайни екен қыздың аты”, – дейді Сегіз сері.
Ғашықтықтың жалынынан “Ғайни” атты ән дүниеге келеді. “Ғайни” әні туралы жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы “Сегіз сері және Ғайни” атты зерттеу мақаласында әнге деген сүйсінісін былайша жеткізеді:
“Бір сәтте туа салған дүниедей. Қоспасыз, селкеусіз, құдіреттің өзі құя салған сом алтындай. “Ғайни” – бір әннің ғана ғұмыры емес, қазақ әнінің ұзақ ғұмыры. Ұлттық өзегінен, қазақтың мінезінен, халықтың сезімінен жаралған туынды. Шөкімдей үніне дейін қазақы. Сондықтан өміршең. Қаншама атамыз бен әжеміз, ағамыз бен жеңгеміз, батырымыз бен бағыланымыз айтып жеткізген ғұмырлы ән.
Исатай мен Махамбеттің, Қалдыбай мен Ажардың, Еділ мен Тептердің көзіндей болған қасиетті ән! Тарихи кезеңнен тарихи кезеңге талмай жеткен тарихи ән!
Ғайниды тек әдемі қыз, Сегіз сері ән арнаған айрықша қыз деп қана бағалау – обал. Ол – өзінің ата-қонысын, елі мен жерін қолына қару алып қорғаған қаһарман қыз. Азаттық үшін атқа қонған батыр ару. Сондықтан оның өмірін, ерлігін, аруағын сыйлау – бізге парыз”.
“Шабыт келсе, ер қалмас бойды тежеп,
Жыр айтарда тұра алмас ешкім бөгеп.
Бұл қисса – “Қыз сипаты” өз алдына,
Шығарған Ғайни қызға әнім бөлек.
Он жастан бастап жырдан шаштым жеміс,
Даңқыма Үш жүз халқы қанық тегіс.
Сұлуға Ғайнижамал қисса арнаған,
Ақыны орта жүздің есімім – Сегіз”, – деп бір ән ғана емес, тұтас дастан арнаған Сегіздің “Ғайни” әнін шығарғанына шүбә келтіріп, оны басқа біреуге теліген, өзін өнертанушы деп есептейтін Е.Төлеутайдың әйтеуір елді елең еткізер “жаңалық” ашсам деген мысық тілеуі қазақ өнеріне деген жанашырлық емес. “Ғайни” – Сегіз серінің төлтума әні. Оны сан саққа жүгіртіп, басқа әншіге теліп, абырой таппайтынымыз хақ.
Қарақат ШАЛАБАЕВ,
ардагер ұстаз.