Бүкіләлемдік адам саудасымен күрес күніне орай облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдермен кездесті. Тәртіп сақшылары “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен бірлесіп, адам саудасына қарсы күрес туралы әңгімеледі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған уақытша тұрақ 2017 жылы ашылған. Мұнда пана іздеп келген әйелдер кәмелетке толмаған балаларымен тұрады. Олар бастарынан өткен жағдайларын айтып, келешектегі жоспарларымен бөлісті. Мамандар өз кезегінде адам саудасы өзекті мәселе екенін сөз етіп, онымен күресудің жолдары туралы баяндады. Олар балаларға сурет салуға арналған альбомдар, бояулар, қарындаштар мен ойыншықтар, сондай-ақ жеміс-жидек әкелді.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаровтың айтуынша, адам саудасымен айналысатын қылмыскерлер соңғы жылдары интернет кеңістігін жиі пайдалануда.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық полиция департаменті сыртқы және ішкі коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.