«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАСУ – ЖАЙСАҢДАР МЕКЕНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Жаңасу ауылы кең-байтақ қазақ жерінің көркемдігіне көз тоймас орман-таулы, өзен-көлді өлкесінде орналасқан. 1997 жылға дейін бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданының құрамында болды. Елді мекеннен көптеген талантты азаматтар шыққан. Еліне, халқына қалтықсыз қызмет етудің жарқын үлгісі бола білген көрнекті мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков – осы киелі Жаңасу ауылының тумасы.

Қызылжарда, Көкше өңірінде, Торғай даласы мен Сыр бойында, қала берді Алматы мен Мәскеуде қызмет атқарған кездерінде еліне, халқына қызмет етудің тамаша үлгісін көрсете білген, көзі тірісінде аты аңызға айналған асыл ағамыз Еркін Әуелбековті мақтан тұтамыз. Елінің өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін аямай, тер төккен Еркін Нұржанұлы халқы сүйген дара тұлғаның бірі болды десек, ақиқаттан алыс кетпейміз. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарының орта тұсынан бастап ширек ғасыр Қазақстанның саяси-қоғамдық, мемлекеттік-шаруашылық өмірінде Еркін Әуелбеков жарқын із қалдырды. Ер аға қай уақытта болсын көркем қасиетімен, алмастай өткірлігімен, жүзіктің көзінен өтетін шынайы іскерлігімен, ерен еңбекқорлығымен көзге түсті. Оның бойынан тазалық атты кәусар бұлақтың тұнығынан нәр алған тектілік пен дегдарлық атой салып тұратын. Жақсының жақсылығын айту керек. Сондықтан жаны жайсаң жақсылар мен ауылым туралы көрген, білгенімді айту өзімнің азаматтық парызым деп санаймын.

Еркін Әуелбеков шын мәнінде алған бетінен, ұстанған бағытынан қайтпайтын, жасқанбайтын нағыз нар тұлға еді. Туған елдің мүддесі, көпшіліктің қажеті, барша халықтың жағдайын, хал-ахуалын ойлау оның негізгі ой-арманы болатын. Сол тамаша қасиеті, азаматтық бағыты зор бақытқа жеткізді. Еліміздің атақты да ардақты ұлдарының бірі атанып, халқымыздың шынайы сүйіспеншілігіне бөленді. Ол жалғыз біздің өңірдің емес, бүкіл Қазақстанның ортақ перзенті болғанын артында қалған жарқын істері дәлелдеп отыр. Ол қайда жүрсе де, қандай жұмыс істесе де туған жерін, өз жерлестерін есінен шығарған жоқ. 1992 жылы зейнет демалысына шыға өзінің кіндік қаны тамған ауылы – Жаңасуға келіп, шаруа қожалығын ұйымдастырып, ақырғы демі таусылғанша соны жеті жыл басқарды. Сөйтіп, ол өмірінің соңғы сәтіне дейін туған ауылын замана қиындықтарына ұрындырмауға бар күшін салды. Бұрынғы өзі басқарған Көкшетау мен Торғай облыстары шаруашылықтарынан трактор, комбайн, автомашиналар, басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын жинақтап, егін егу, мал өсіру жұмыстарын жолға қойды. Тозып қалған ауыл жөнге келтірілді. Тұрғын үйлердің қасындағы бос жерлерді пайдаланып, ауылдағы қыз-келіншектерге картоп, көкөніс егуді үйретті. Екі қабатты мектеп салдыруға Үкіметке, басқа мекемелерге сан рет барып, 1998 жылы құрылысын аяқтатты. Бүгінде осы мектепке Еркін Әуелбековтің аты берілген. Ауданымыздың орталық алаңына қоладан құйылған мүсіні орнатылып, көшеге есімі қойылды. Бұл да болса елдігіміздің белгісі. Жер шарын шарлаған індеттің салдарынан өткен жылы айтулы азаматтың жүз жылдық мерейтойын лайықты деңгейде өткізе алмадық. Әйтеуір, бір көңіл көншітер жағдай, Көкшетау қаласында еңселі ескерткіш орнату жөнінде шешім қабылданды. Оған да тәубе дейміз.

Мен артыма ешқандай дүние-мүлік, байлық қалдырған жоқпын. Халқыма, еліме барынша адал және таза қызмет еттім. Ар-ұятыма, адамгершілігіме дақ түсірген емеспін. Менің артыма қалдырар ең қымбат қазынам да, мұрам да сол”, – деп айтқаны менің жадымда әлі күнге дейін сақталып қалыпты.

Осындай азаматтың кіндік қаны тамған, алтын бесігі болған біздің Жаңасу 1929 жылға дейін Ақмолда ауылы деп аталды. Сол жылы ұжымшар ұйымдастырылып, оған М.В. Фрунзенің аты берілді. 1930 жылы Фрунзе кеңшары маңайында орналасқан Жәдік, Қуаныш, Әкет, Шабақбай, Андағұл ауылдары көшірілді. Кеңшардың бірінші басқармасы болып ауылымыздың белсенді азаматы Түйтан Шарапиев сайланды. Мұнда Еркін Әуелбеков, Бәйкен Әшімов бастаған елге танымал, ауылымыздың атын жақсы істерімен асқақтатқан азаматтар туып өсті. Бұл тізімге география ғылымдарының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұшқыш, көптеген жауынгерлік ордендердің иегері Мұқатай Жандаев, академик, биология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нәзира Ахматулинаны қосуға болады. Сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, профессор Жанғали Қамзабаев, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есенеев та – ауыл мақтаныштары. 1938 жылы жапон самурайларына қарсы Хасан көліндегі шайқаста қаза тауып, теңдессіз ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған ержүрек шекарашы Мұсайып Есенжанов та біздің ауылдың тумасы. Мүсіреп Есенжанов – Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстың бірінші жылы ауыр жарақат алып, елге кеудесіне 1 және 2 дәрежелі Отан соғысы ордені мен үш медаль тағып қайтты. Соғыстан кейін Көкшетау, Талдықорған партия комитеттерінің хатшысы болды. Жақында батыр ағамыздың 100 жылдық торқалы тойын атап өттік. Соғыс ардагері, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуарбек Мұратбеков соғыстағы және еңбектегі ерліктері үшін Ленин, жауынгерлік Қызыл Ту, Отан соғысы, екі мәрте Құрмет белгісі, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталып, халқымыздың құрметіне бөленді.

1970 – 1980 жылдары Жаңасу ауылы қараған Рузаев ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жөнінде, республиканы қойып, одақ бойынша алдыңғы қатарға шықты. Сол кезде ауданның бірінші хатшысы Мәулетбай Кәрімов еді. Ол ауданның өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты, сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. Тура сол кездерде біздің ауыл Шарық кеңшарына қарайтын. Кеңшардың директоры Константин Арюткин деген өте білікті басшы болды. Ал Салғара Қуанышұлының сонау патша заманынан бастап жаяулап-жалпылап бес рет Меккеге қажылыққа баруы ерлікпен пара-пар жайт. Салғара қажы кейін өзінің көрген-білгенін ұрпаққа үлгі етіп, арнайы мектеп ашып, ауыл жастарын имандылыққа баулыды. 1913 жылы Айыртау болысындағы сайлауда жеңіске жетті. Бұл сайлауда ол, тіпті патша үкіметіне аса ықпалды аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың ұлы Махмұд Уәлихановтың өзін көп дауыспен жеңіп кетті. Міне, Салғара Қуанышевтың өмір бойы ізденгені, дін, имандылық жолындағы жанкешті сапарлары, көргені мен білгені, осылайша талай ұрпаққа өнеге болды.

Ауылымыздың атын өткен ғасырдың 70-80 жылдары бірқатар еңбекқор азаматтар асқақтата түсті. Соның бірі – Салғара қажының баласы Қойшығара Салғарин. Ол жиырма жылдай ауылымызды басқарып, жемісті еңбек етті. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін алған орден, медальдарына бейбіт еңбектегі алған екі бірдей Еңбек Қызыл Ту ордені қосылып, кеудесінде жарқырады. Ол кісіден кейін жиырма жылға жуық елді Еркін ағамыздың немере інісі Есет Нұртазин басқарып, ерекше ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Кеудесіне екі Құрмет белгісі орденін қадады. Еңбек Қызыл Ту, Еңбек даңқы, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған Құратай Смағұлов, Нұрбай Сейтқалиев, Құдайберген Қапаров, Әскербек Смағұлов, Иманбай Тәменов, Баян Жанғалиев елдің атын шығарып, көпшіліктің құрметіне бөленді.

Өкінішке қарай, осындай ұлағатты да еңбекқор азаматтарды дүниеге әкелген ауылымыздың бүгінгі жағдайы көңілге мұң ұялатады. Ауылдың болашағы қазіргі кезде өте бұлыңғыр. Құрып кетудің сәл ғана алдында тұр. Жайсаңдар дүниеге келген Жаңасуды қайта жаңғырту жөнінде мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама қабылдануы қажет деп ойлаймын. Қаржы бөлініп, оңтүстіктен келетін ағайындарды осында көшіру мәселесімен тығыз айналысу керек. Оларды жұмыспен қамтамасыз етудің де жолдарын ойластыруға әбден болады. Мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысуға қойнауы құтты жердің өзі сұранып тұрғандай. Тіршіліктің қамымен жүріп, жиі ат ізін салмасам да, жүрегімнің түкпіріндегі туған топыраққа деген сағыныш ауылдың қайта түлегенін аңсайды. Халқымыздың ардақты азаматтарының алтын бесігі – Жаңасудың айы оңынан туса деп тілеймін.

Батырбек СМАҒҰЛОВ,

еңбек ардагері. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp