«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР ҚАЗАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тарихты қашан да тұлғалардың жасай­тыны анық! Батырлық – Жаратқан иесінің сүйікті құлына тартатын сыйы! Қазақтың тоқымдай жері үшін өз басын құрбандыққа шалуға дейін барған Жұмабек Тәшеневтей ерлерді халқы қаншама жылдар өтсе де ұмытпақ емес.

Неге екені белгісіз, ресми құжаттарда Жұ­мабек Тәшеневтің қазақ елін бөлшек­теу­ден сақтап қалғандығы жайлы ашық айтылма­ғанымен, қазақ жерінің тұтастығы үшін істе­ген істері халықтың жүрегіне әбден жатта­лып, ерлігі аңызға айналып кетті. Та­рих Жұ­мабек Тәшеневтің туған жерге ғана емес, сонымен бірге ана тілімізге, қазақ бас­па­сөзіне үлкен жанашыр болғанын біледі. Тың игеру жылдары Солтүстік Қа­зақстан өңірін­дегі бес облыстық газет жабылып, қазақ жур­налистерінің жұмыссыз қалғаны да – тарихи шындық. Сол жылдары респуб­ликалық қазақтілді басылымдардың да басына қауіп төнді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің Төрағасы Ж.Тәшеневтің арала­суымен “Қазақ әде­биеті”, “Социалистік Қа­зақ­стан” және басқа қазақ газеттері жабы­лудан аман қалды.

Жұмекең қолында билік тұрған кезде қа­зақтың барлық шығармашылық адамда­рына, дарынды тұлғаларына қол ұшын бе­ріп, жағдайларын жасап отырған. Тіпті бұ­ған белсене кіріскен деуге де болады. Мә­селен, 1958 жылы қазақ өнері мен әде­биетінің Мәскеудегі онкүндігінің табысты өтуіне үлкен күш-жігер жұмсап қана қой­май, бес бірдей қазақ өнерпазына – Қа­либек Қуанышбаев, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Шәкен Айманов және Мұқан Төлебаевқа сол кездегі ең жоғары атақ – КСРО халық әртісі атағын алып беруде үл­кен қажырлылық көрсетті. 1960 жылы қа­зіргі Алматыдағы Қонаев пен Қабанбай ба­тыр көшелерінің қиылысындағы 120 пәтер­лік үлкен үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Сол үйді бүгінге дейін жұрт “Қазақ ауылы” немесе “Тәше­невтің үйі” деп атайды. Бұл үйге қоныс­танған елге танымал қайраткерлердің ішін­де Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүл­файруз Ысмаилова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сей­фолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиенқұлова, Қа­пан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Еле­бековтер, жазушылар Хамза Есенжанов, Зейін Шаш­кин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қы­дыр­бек­ұлы, ғалымдар Әбді Тұрсын­баев, академик Б.Ермеков және т.б. болды. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов көшедегі телефоннан қоңырау соғып: “Жұмеке, ме­нің үйім жоқ, үй беріңіз”, – депті. Сонда Тә­шенев: “Автомат­тан хабарласып тұрғаның не, келмейсің бе өзіме”, – деп шақырып алып, баспана бер­гізіпті.

Кеңес Одағының тұсында одақтас рес­публикалардың Жоғарғы Кеңестерінің Тө­рағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі төраға­сының орынбасары болып саналатын. Олар­дың әрқайсысы кезекпен бір ай бойы Мәскеуде қызмет ететін тәртіп болған. Жұ­мекең осы мүмкіншілікті де халқының мүд­десі үшін кеңінен пайдалана білді. Мұхтар Әуе­зовтің “Абай жолы” романының Ленин­дік сыйлыққа өтуіне де осы қызметі арқылы көп күш салғанды. Алматының ең үлкен ма­гистральды көшесін Абайдың атымен атау­ды және көшенің төріне ақынның үлкен ес­керткішін қоюды ұсынып, “оған ақша жоқ” деп қиынсынған шенеуніктерге Тбилисиде – Руставелидің, Мәскеуде – Горькийдің, Таш­кентте – Науаидің ескерткіштері барын алға тарта отырып, ұтымды сөзбен ұғы­нықты дәлел келтіреді. Мәскеудегілер амал­сыз мойынсұнып, Абайдың атымен көше атауға және көрнекті етіп ескерткіш орнатуға рұқсат берген екен.

Сол кезде жергілікті халықтың мүддесі көп ескеріле бермейтін және басшы кадрды тек Мәскеу тағайындайтын. Мәсе­лен, Леонид Брежнев КОКП Орталық Коми­теттің хатшысы болып тағайындалған соң Алматыға келіп, бюро жиналысын өткізеді. Осы бюрода Орталық Комитеттің бірінші және екінші хатшылығына И.Яковлев пен Н.Журиннің кан­дидатуралары ұсынылаты­нын хабарлайды. Бұған бюро мүшелері Д.Қо­наев, Ф.Кәрібжа­нов, М.Бейсенбаевтар келісімдерін берген­дей, тіс жармай және үндемей тұнжырап оты­рады да қояды. Л. И. Брежнев енді бюро мәжілісін жапқалы жат­қан сәтте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының төрағасы Ж.Тәшенев сөз алып: “Құрметті, Леонид Ильич! Аудандар­да, облыстарда, орталық аппаратта, ми­нистрліктерде республиканың партия ұйы­мы­ның екінші хатшысы қызметін атқара ала­тын лайықты кадрлар өсіп-жетілді. Міне, ортамызда ҚазКОК хатшысы Фазыл Кәрібжанов отыр. Оның басқалардан несі кем? Неге ол екінші хатшы болып істей ал­май­ды деп ойлайсыздар? Мені осындай да­йын жергілікті кадрларға осылайша мен­сінбей қарау таңғалдырады. Мен мұны қа­зақ кадрларына сенім көрсетпеушілік, олар­ды ашықтан-ашық кемсітушілік деп қа­был­дай­мын. Партиялық биліктің бірінші жә­не екінші хатшысы қызметтеріне ұлттық кадр­лар өкіл­дерін жібермеу дәстүрге ай­нала бастады”, – дейді. Тәшеневтің бұл сө­зінің Брежневті есеңгіретіп тастағаны сон­шалықты, ол өзіне-өзі келе алмай, жүрегін ұстайды. Бюродан кейін берілген түстікте Брежнев қасында отырған Тәшеневке: “Мен сіздің мұныңызды ешқашан ұмыт­паймын”, – деген екен. Шы­нында да, ол Тә­шеневтің сол айтқанын ұмыт­пады. Кейін­нен оның қызмет сатысымен өсуі­не кедер­гісін тигізді және қатаң бақылауда ұстап келді. Дегенмен сол бюродағы Тәше­невтің өткір сыны Мәскеуге әсер етпей қал­мады. Кейін бір жылға жетер-жетпесте Ф. Кә­ріб­­жанов екінші хатшы болды. Араға тағы екі жыл салып Д.Қонаевтың қолы ҚазКОК-тың бірінші хатшылығына жетті. Жергілікті ұлт өкіл­дері кадрларын елеу, оларға сенім көр­сету басталды. Х.Бектұрғанов Ақтөбе, А.Ас­қаров Жамбыл, Е.Әуелбеков Солтүс­тік Қа­зақстан облыстық атқару комитетте­ріне төраға болса, Б.Әшімов Көкшетауға, О.Қо­зыбаев Қостанайға екінші хатшылыққа өсіріл­ді. Осылайша өмір өзінің табиғи ар­насына түсіп, алға жылжи бастады.

1960 жылы желтоқсанның 26-сы күні Қа­зақстанның солтүстік облыстары құрамына енген Тың өлкесі құрылады. Осы өлкенің бірінші хатшысы болып Т.Соколов, ал өл­кенің атқару комитетіне төраға болып В. Мац­кевич сайланады. Бұған дейін В.Мац­кевич КСРО ауыл шаруашылығы министрі болған адам. Жұмабек Ахметұлы бұ­ған да үзілді-кесілді қарсы болады. “Екеуі­нің бірі қазақ болсын”, – дейді. Бірақ сол кез­дегі Кеңес одағының коммунистік пар­тия­сының тізгінін ұстап отырған Н.С.Хрущев Мәскеудің шешіміне үнемі кедергі болып тұратын Тә­шеневтің өзін қызметінен босатып жібереді.

Тәшенев жоғары қызмет істеген тұста Қазақстанда 1937-1952 жылдары репрес­сияға ұшырағандарды ақтау бойынша қы­руар жұмыстар атқарылды. Мыңдаған адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің қоғамда беделі қайта көтерілді. Өзі де солшыл саясаттың құрбанына айналып кете жаздаған ол сол бір нәубет жылдар­дың тірі куәсі еді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, тарих ғылымының докторы О.Мұхатова “Өз заманының ірі тұлғасы” ма­қаласында былай дейді: “Оның бойындағы ең ерекше қасиетті даралап айтар болсақ, ол – үлкен адамгершілік асыл қасиет. Оған дәлел ретінде Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төраға­сының орынбасары қызметін атқарып отырғанда Украинаның бір бел­гілі ғалымы жазықсыз, жаламен ату жа­засына кесіл­ген­де, Жұмабек Ахметұлы оның мәселесін әді­летті түрде қайта қарап, бас прокурорға тағы тексерткізіп, ақтап шығар­ған. Сол жыл­дары Ақтөбе облысының Алға ауда­нынан келіп, Алматыдағы студент бала­сының қа­засына кезіккен соғыс ардагері Әли Еді­геевке мүрдені алыс ауылына жет­кізу үшін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің қыз­мет ұша­ғын ұсынған. Жұмекең Бауыржан Момыш­ұлын және Рақымжан Қошқар­баев­ты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсын­ған еді. Әттең-ай, билік басындағы уақыты қысқа болғандықтан, екеуін де өткізе алма­ды. Дей тұрғанмен, Баукеңнің алғашқы кітапта­рының жарыққа шығуына Жұмабек Ахмет­ұлы се­бепкер болғаны баршаға мәлім”.

КОКП Орталық Комитетінің басшысы Н.Хрущев Тың өлкесін Ресейге қосу туралы Тәшеневтің пікірін сұрағанда, ол өз қар­сылығын ашық айтты: “Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ ке­ліспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселені көтергеннің өзіне жан-тәніммен қарсымын”, – дейді. Ал оңтүстік­тегі үш ауданның жерін Өзбекстанға беру туралы пікірін сұрағанда, мұндай мәселені шешу түгіл, көтерудің өзіне қарсы екенін айтқан. Бұған шамданып қалған Хрущев: “КСРО – біртұтас мемлекет, сондықтан қай республи­каға қандай жерді беру керектігін біз сізден сұрамай-ақ шеше аламыз”, – де­генде: “Олай болса, бұл – КСРО Консти­туциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал онда әрбір республи­ка­ның аумағы оның бұл­жымас меншігі делінген. Егер Конститу­цияның бұл талабы өрескел бұзылатын болса, біздің халықаралық ұйым­дардың араласуын сұрауға қақымыз бар”, – деп Тәшенев тойтарып тастайды.

Тың өлкесін басқарып отырған Т.Соко­лов­тың 1960 жылдың аяғында Қазақ үкі­метінің билігін мойындағысы келмей, қи­қарланып, Мәскеуге бұра тартқанын есті­генде, шыдай алмай күйініп кетіп, арнайы ұшақпен сол кездегі Ақмолаға Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев ұшып келіп: “Жолдас Соколов, келер жылдың бюд­жетін неге өткізбей отырсыңдар? Қазақстанға бағынғың кел­месе, 24 сағаттың ішінде бұл жерден та­баныңды жалтырат! Есіңде бол­сын, Тың өл­кесі ешқашан да Ресейге беріл­мейді, ана жақтағы бастықтарыңа да солай деп айт”, – де­ген екен. Әрине, мұндай сөз­дерді жүре­гінің түгі бар адам ғана айта алса керек.

Украинаға сый-сыяпат ретінде бе­ріл­ген Қы­рым­ның қазіргі таңдағы мысалын көре отырып, Ж.Тәшеневтің тегеурін танытқан теңдесі жоқ ерлігін лайық­ты баға­лағаны­мыз ләзім. Қазақ КОК-ның бұрынғы 1-хат­шысы Исмайыл Юсупов: “Егер қазақ біреу­дің алдында борыштар болса, ол алдымен Ж.А.Тәшеневтің алдында борыштар”, – деп айтқан еді. Филология ғылымының док­торы, профессор Керімбек Сыздықов бір мақала­сында Жұмекең туралы өз құ­лағымен естіген Ғабит Мүсіреповтің әңгі­месін былай жет­кізген: “Жігіттер, біз, жазу­шылар, ЦеКа емес­піз, … біреуді бір орын­нан алып, бір орынға қоя алмаймыз… Бірақ жазушы деген халық асыл азаматтарға өз жү­регінен орын бере алады… Менің жү­регімнің төрінен өз орнын мықтап алатын – менің ер інім, еркек інім Жұмабек”.

Ұлттық мүддені қорғап, ел ардақтысына айналған арысымыздың есімі ел есінен өш­пей, жыл өткен сайын жаңғыра бермек. Ба­тырдың атына көше, мектеп беріліп, кітап­тар жазылып жатыр. Әйтсе де, есіл ердің есімін ұлықтауда әлі де жетіспейтін жайлар бар. Оның халқына, еліне, туған жеріне сіңірген еңбегі “Халық қаһарманы” атағына әбден лайық деп есептеймін. Болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы Жұмабек Тәше­невтің атымен аталған көшеде біртуар тұлғаға биік ескерткіш тұрғызылса деген ті­лек бар. Сонымен қатар осы замандағы Қа­зақстан тарихы оқулықтарына және эн­циклопедия­ларға аты аңызға айналған тұл­ғаның ха­лықтың есінде қалған өшпес ер­ліктері туралы мәліметтерді толық енгізіп, жас ұрпаққа жеткізудің маңызы зор деп есептеймін.

Ерекболат ҚАБЫЛДА.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp