Тарихты қашан да тұлғалардың жасайтыны анық! Батырлық – Жаратқан иесінің сүйікті құлына тартатын сыйы! Қазақтың тоқымдай жері үшін өз басын құрбандыққа шалуға дейін барған Жұмабек Тәшеневтей ерлерді халқы қаншама жылдар өтсе де ұмытпақ емес.
Неге екені белгісіз, ресми құжаттарда Жұмабек Тәшеневтің қазақ елін бөлшектеуден сақтап қалғандығы жайлы ашық айтылмағанымен, қазақ жерінің тұтастығы үшін істеген істері халықтың жүрегіне әбден жатталып, ерлігі аңызға айналып кетті. Тарих Жұмабек Тәшеневтің туған жерге ғана емес, сонымен бірге ана тілімізге, қазақ баспасөзіне үлкен жанашыр болғанын біледі. Тың игеру жылдары Солтүстік Қазақстан өңіріндегі бес облыстық газет жабылып, қазақ журналистерінің жұмыссыз қалғаны да – тарихи шындық. Сол жылдары республикалық қазақтілді басылымдардың да басына қауіп төнді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшеневтің араласуымен “Қазақ әдебиеті”, “Социалистік Қазақстан” және басқа қазақ газеттері жабылудан аман қалды.
Жұмекең қолында билік тұрған кезде қазақтың барлық шығармашылық адамдарына, дарынды тұлғаларына қол ұшын беріп, жағдайларын жасап отырған. Тіпті бұған белсене кіріскен деуге де болады. Мәселен, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігінің табысты өтуіне үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей қазақ өнерпазына – Қалибек Қуанышбаев, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Шәкен Айманов және Мұқан Төлебаевқа сол кездегі ең жоғары атақ – КСРО халық әртісі атағын алып беруде үлкен қажырлылық көрсетті. 1960 жылы қазіргі Алматыдағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 120 пәтерлік үлкен үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Сол үйді бүгінге дейін жұрт “Қазақ ауылы” немесе “Тәшеневтің үйі” деп атайды. Бұл үйге қоныстанған елге танымал қайраткерлердің ішінде Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмаилова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, жазушылар Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, ғалымдар Әбді Тұрсынбаев, академик Б.Ермеков және т.б. болды. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов көшедегі телефоннан қоңырау соғып: “Жұмеке, менің үйім жоқ, үй беріңіз”, – депті. Сонда Тәшенев: “Автоматтан хабарласып тұрғаның не, келмейсің бе өзіме”, – деп шақырып алып, баспана бергізіпті.
Кеңес Одағының тұсында одақтас республикалардың Жоғарғы Кеңестерінің Төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары болып саналатын. Олардың әрқайсысы кезекпен бір ай бойы Мәскеуде қызмет ететін тәртіп болған. Жұмекең осы мүмкіншілікті де халқының мүддесі үшін кеңінен пайдалана білді. Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романының Лениндік сыйлыққа өтуіне де осы қызметі арқылы көп күш салғанды. Алматының ең үлкен магистральды көшесін Абайдың атымен атауды және көшенің төріне ақынның үлкен ескерткішін қоюды ұсынып, “оған ақша жоқ” деп қиынсынған шенеуніктерге Тбилисиде – Руставелидің, Мәскеуде – Горькийдің, Ташкентте – Науаидің ескерткіштері барын алға тарта отырып, ұтымды сөзбен ұғынықты дәлел келтіреді. Мәскеудегілер амалсыз мойынсұнып, Абайдың атымен көше атауға және көрнекті етіп ескерткіш орнатуға рұқсат берген екен.
Сол кезде жергілікті халықтың мүддесі көп ескеріле бермейтін және басшы кадрды тек Мәскеу тағайындайтын. Мәселен, Леонид Брежнев КОКП Орталық Комитеттің хатшысы болып тағайындалған соң Алматыға келіп, бюро жиналысын өткізеді. Осы бюрода Орталық Комитеттің бірінші және екінші хатшылығына И.Яковлев пен Н.Журиннің кандидатуралары ұсынылатынын хабарлайды. Бұған бюро мүшелері Д.Қонаев, Ф.Кәрібжанов, М.Бейсенбаевтар келісімдерін бергендей, тіс жармай және үндемей тұнжырап отырады да қояды. Л. И. Брежнев енді бюро мәжілісін жапқалы жатқан сәтте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Ж.Тәшенев сөз алып: “Құрметті, Леонид Ильич! Аудандарда, облыстарда, орталық аппаратта, министрліктерде республиканың партия ұйымының екінші хатшысы қызметін атқара алатын лайықты кадрлар өсіп-жетілді. Міне, ортамызда ҚазКОК хатшысы Фазыл Кәрібжанов отыр. Оның басқалардан несі кем? Неге ол екінші хатшы болып істей алмайды деп ойлайсыздар? Мені осындай дайын жергілікті кадрларға осылайша менсінбей қарау таңғалдырады. Мен мұны қазақ кадрларына сенім көрсетпеушілік, оларды ашықтан-ашық кемсітушілік деп қабылдаймын. Партиялық биліктің бірінші және екінші хатшысы қызметтеріне ұлттық кадрлар өкілдерін жібермеу дәстүрге айнала бастады”, – дейді. Тәшеневтің бұл сөзінің Брежневті есеңгіретіп тастағаны соншалықты, ол өзіне-өзі келе алмай, жүрегін ұстайды. Бюродан кейін берілген түстікте Брежнев қасында отырған Тәшеневке: “Мен сіздің мұныңызды ешқашан ұмытпаймын”, – деген екен. Шынында да, ол Тәшеневтің сол айтқанын ұмытпады. Кейіннен оның қызмет сатысымен өсуіне кедергісін тигізді және қатаң бақылауда ұстап келді. Дегенмен сол бюродағы Тәшеневтің өткір сыны Мәскеуге әсер етпей қалмады. Кейін бір жылға жетер-жетпесте Ф. Кәрібжанов екінші хатшы болды. Араға тағы екі жыл салып Д.Қонаевтың қолы ҚазКОК-тың бірінші хатшылығына жетті. Жергілікті ұлт өкілдері кадрларын елеу, оларға сенім көрсету басталды. Х.Бектұрғанов Ақтөбе, А.Асқаров Жамбыл, Е.Әуелбеков Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеттеріне төраға болса, Б.Әшімов Көкшетауға, О.Қозыбаев Қостанайға екінші хатшылыққа өсірілді. Осылайша өмір өзінің табиғи арнасына түсіп, алға жылжи бастады.
1960 жылы желтоқсанның 26-сы күні Қазақстанның солтүстік облыстары құрамына енген Тың өлкесі құрылады. Осы өлкенің бірінші хатшысы болып Т.Соколов, ал өлкенің атқару комитетіне төраға болып В. Мацкевич сайланады. Бұған дейін В.Мацкевич КСРО ауыл шаруашылығы министрі болған адам. Жұмабек Ахметұлы бұған да үзілді-кесілді қарсы болады. “Екеуінің бірі қазақ болсын”, – дейді. Бірақ сол кездегі Кеңес одағының коммунистік партиясының тізгінін ұстап отырған Н.С.Хрущев Мәскеудің шешіміне үнемі кедергі болып тұратын Тәшеневтің өзін қызметінен босатып жібереді.
Тәшенев жоғары қызмет істеген тұста Қазақстанда 1937-1952 жылдары репрессияға ұшырағандарды ақтау бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Мыңдаған адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің қоғамда беделі қайта көтерілді. Өзі де солшыл саясаттың құрбанына айналып кете жаздаған ол сол бір нәубет жылдардың тірі куәсі еді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, тарих ғылымының докторы О.Мұхатова “Өз заманының ірі тұлғасы” мақаласында былай дейді: “Оның бойындағы ең ерекше қасиетті даралап айтар болсақ, ол – үлкен адамгершілік асыл қасиет. Оған дәлел ретінде Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары қызметін атқарып отырғанда Украинаның бір белгілі ғалымы жазықсыз, жаламен ату жазасына кесілгенде, Жұмабек Ахметұлы оның мәселесін әділетті түрде қайта қарап, бас прокурорға тағы тексерткізіп, ақтап шығарған. Сол жылдары Ақтөбе облысының Алға ауданынан келіп, Алматыдағы студент баласының қазасына кезіккен соғыс ардагері Әли Едігеевке мүрдені алыс ауылына жеткізу үшін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің қызмет ұшағын ұсынған. Жұмекең Бауыржан Момышұлын және Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған еді. Әттең-ай, билік басындағы уақыты қысқа болғандықтан, екеуін де өткізе алмады. Дей тұрғанмен, Баукеңнің алғашқы кітаптарының жарыққа шығуына Жұмабек Ахметұлы себепкер болғаны баршаға мәлім”.
КОКП Орталық Комитетінің басшысы Н.Хрущев Тың өлкесін Ресейге қосу туралы Тәшеневтің пікірін сұрағанда, ол өз қарсылығын ашық айтты: “Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселені көтергеннің өзіне жан-тәніммен қарсымын”, – дейді. Ал оңтүстіктегі үш ауданның жерін Өзбекстанға беру туралы пікірін сұрағанда, мұндай мәселені шешу түгіл, көтерудің өзіне қарсы екенін айтқан. Бұған шамданып қалған Хрущев: “КСРО – біртұтас мемлекет, сондықтан қай республикаға қандай жерді беру керектігін біз сізден сұрамай-ақ шеше аламыз”, – дегенде: “Олай болса, бұл – КСРО Конституциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал онда әрбір республиканың аумағы оның бұлжымас меншігі делінген. Егер Конституцияның бұл талабы өрескел бұзылатын болса, біздің халықаралық ұйымдардың араласуын сұрауға қақымыз бар”, – деп Тәшенев тойтарып тастайды.
Тың өлкесін басқарып отырған Т.Соколовтың 1960 жылдың аяғында Қазақ үкіметінің билігін мойындағысы келмей, қиқарланып, Мәскеуге бұра тартқанын естігенде, шыдай алмай күйініп кетіп, арнайы ұшақпен сол кездегі Ақмолаға Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев ұшып келіп: “Жолдас Соколов, келер жылдың бюджетін неге өткізбей отырсыңдар? Қазақстанға бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде бұл жерден табаныңды жалтырат! Есіңде болсын, Тың өлкесі ешқашан да Ресейге берілмейді, ана жақтағы бастықтарыңа да солай деп айт”, – деген екен. Әрине, мұндай сөздерді жүрегінің түгі бар адам ғана айта алса керек.
Украинаға сый-сыяпат ретінде берілген Қырымның қазіргі таңдағы мысалын көре отырып, Ж.Тәшеневтің тегеурін танытқан теңдесі жоқ ерлігін лайықты бағалағанымыз ләзім. Қазақ КОК-ның бұрынғы 1-хатшысы Исмайыл Юсупов: “Егер қазақ біреудің алдында борыштар болса, ол алдымен Ж.А.Тәшеневтің алдында борыштар”, – деп айтқан еді. Филология ғылымының докторы, профессор Керімбек Сыздықов бір мақаласында Жұмекең туралы өз құлағымен естіген Ғабит Мүсіреповтің әңгімесін былай жеткізген: “Жігіттер, біз, жазушылар, ЦеКа емеспіз, … біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз… Бірақ жазушы деген халық асыл азаматтарға өз жүрегінен орын бере алады… Менің жүрегімнің төрінен өз орнын мықтап алатын – менің ер інім, еркек інім Жұмабек”.
Ұлттық мүддені қорғап, ел ардақтысына айналған арысымыздың есімі ел есінен өшпей, жыл өткен сайын жаңғыра бермек. Батырдың атына көше, мектеп беріліп, кітаптар жазылып жатыр. Әйтсе де, есіл ердің есімін ұлықтауда әлі де жетіспейтін жайлар бар. Оның халқына, еліне, туған жеріне сіңірген еңбегі “Халық қаһарманы” атағына әбден лайық деп есептеймін. Болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы Жұмабек Тәшеневтің атымен аталған көшеде біртуар тұлғаға биік ескерткіш тұрғызылса деген тілек бар. Сонымен қатар осы замандағы Қазақстан тарихы оқулықтарына және энциклопедияларға аты аңызға айналған тұлғаның халықтың есінде қалған өшпес ерліктері туралы мәліметтерді толық енгізіп, жас ұрпаққа жеткізудің маңызы зор деп есептеймін.
Ерекболат ҚАБЫЛДА.
Нұр-Сұлтан қаласы.