Батыр Баянның ұрпақтары Мағжан Жұмабаев ауданындағы Аралағаш ауылы маңында ата-бабалары жерленген зиратты жөнге келтіріп, аруақтардың рухына құран бағыштады.
Өнегелі істің өтуіне ұйытқы болған еңбек ардагері Зейнолла Олжабаев пен Ғомар Самаратов, Қаһарман Құлжабаев, Аманжол Баймұратов бастаған Батыр Баянның өзге де ұрпақтары ата-бабаларын еске алып, кейінгі буынға үлгі көрсетті. Бұл шараға “Қызылжар” орталық мешітінің имамдары мен аудан тұрғындары да қатысты.
– Халқымызда “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген қанатты тәмсіл бар. Қазақтың әр баласы бұл сөздің мағынасын түсінуі керек. Жастар үлгі алсын деген мақсатпен ата-балаларымыз жерленген ескі зираттың ішін тазартып, ретке келтірдік. Жан-жақтан Батыр Баянның ұрпақтары жиналды. Аруақтарға Құран бағыштап, ас бердік, – дей келе, Зейнолла Олжабаев бұл зиратта жерленген адамдардың 80 пайызы Батыр Баянның ұрпақтары екенін атап өтті. Көнекөздердің айтуынша, аталмыш зиратқа осыдан 300 жыл бұрын адам жерлене бастаған. Бірақ соңғы жарты ғасырға жуық уақыт мұнда ешкім қойылмаған.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.