Солтүстік Қазақстан облысында бүгіннен бастап карантиндік шектеулер күшейтілді, Аshyq-қа қосылмаған көптеген нысан сенбі-жексенбі жұмыс істей алмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Карантиндік шектеу шараларын өзгерту» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Жаңадан қабылданған қаулыға сәйкес карантиндік шектеулер күшейтілді:
– сенбі-жексенбі күндері сауда орталықтары мен сауда үйлері (оның ішіндегі азық-түлік сататын нысандар мен дәріханаларды есептемегенде), жабық азық-түліктік емес базарлар, сауна, СПА орталықтар, бассейндер, спорт кешендері, спорт-сауықтыру орталықтары, фитнес-орталықтар жұмыс істемейді.
Аshyq қосымшасы бар сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілері сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін, азық-түлік сатпайтын жабық базарлар сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, спорт нысандары адам санын 30-дан асырмай, СПА-орталықтар, бассейндер, спорттық-сауықтыру орталықтары, фитнес орталықтары шектеусіз жұмыс істейді;
– Аshyq қосымшасын енгізбеген мәдениет нысандарының, театрлардың, кинотеатрлар мен концерт залдарының, филармонияның жұмысы тоқтатылады. Жобаға қосылғандар толымдылықты 30% асырмаулары қажет;
– аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сауда нысандарының жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін қысқартылды және толымдылығы 50% аспауы керек;
– Аshyq қосымшасына қосылмаған халыққа қызмет көрсету нысандары 80% толымдылықпен, жобаға қосылғандар шектеусіз жұмыс істейді;
– медицина орталықтары, стоматология кабинеттері алдын ала жазылу бойынша қабылдайды;
– Аshyq жобасына қосылмаған спорт нысандары көрерменнің қатысуымен спорттық іс-шараларды өткізе алмайды. Жүйегі қосылғандар көрермен санын 20% асырмаулары керек;
– балабақшаларда бала саны 15 адамнан аспайтын кезекші топтар ғана жұмыс істейді. Түрлі білім беру орталықтары адам санын 15-тен асырмай, алдын ала жазылу бойынша қызмет етеді;
– қоғамдық тамақтану орындарының, жазғы алаңдардың жұмыс уақыты шектелген, сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін және толымдылықты 50% және 30 орыннан асырмай, ал Аshyq жүйесіне қосылғандар орын санын 50-ден асырмай сағат 2.00-ге дейін жұмыс істемек;
– асханалардың жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 24.00-ге дейін шектелді. Аshyq жобасына қосылған жағдайда тәулік бойы жұмыс істей алады;
– мекемелер мен ұйымдарда қызметкерлердің 80% кем емес саны қашықтан жұмыс істеуге көшіріледі. Қызметкерлер вакцина алған жағдайда пайыздық қатынасты сақтамауға болады. Ал толық вакцинациядан өткен қызметкерлер және соңғы үш айдың ішінде COVID-19-бен ауырып тұрғандар штаттық режимде жұмыс істей береді;
– сұлулық салондары мен шаштараздар сағат 9.00-ден сағат 18.00-ге дейін алдын ала жазылу бойынша келушілерді қабылдайды.
– жүйелі түрде жүретін қалааралық-облысаралық автобустар Аshyq жобасына қосылған жағдайда шектеусіз жұмыс істейді. Ал Аshyq жүйесін енгізген қалалық, облысаралық туристік автобустар жолаушы санын 15-тен және толымдылықты 75% асырмай жүре алады.
https://www.inform.kz/