Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 906 балада COVID-19 анықталды, оның оны бүгін тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде журналистердің сұрақтарына жауап берді. Санитар дәрігердің айтуынша, өткен аптада 14 жасқа дейінгі 107 бала ауырған. Тек бүгін ғана қауіпті инфекция 10 балада анықталған.
«Коронавирустың «дельта» штамы, әсіресе жастар үшін қауіпті. Балалар көп ауыратын болған. Бұрын негізінен зейнет жасындағы адамдар жұқтыратын. Енді ауырғандардың 33 %-ы – жұмыс істейтіндер, 30 %-дан астамы – 30-39 жас аралығындағылар, 15 %-ы – балалар», – дейді Татьяна Горлова.
Журналистердің СҚО-да жаңа оқу жылы штаттық режимде бастала ма деген сұрағына санитар дәрігер болжам жасаған жоқ.
«Біз барлығымыз балаларымыздың мектепте оқығанын қалаймыз. Шешім министрлік деңгейінде қабылданады. Ал біз өз тарапымыздан вакцина салғызып, жауапкершілік танытуымыз қажет. Осылайша өзімізді, жақындарымызды қорғаймыз. Мектеп директорлары арнайы жоспар құрып, дайындалулары қажет. Білім ордалары жеткілікті деңгейде дезинфекциялық құралдармен қамтылғаны жөн. Қазір мектептердің жаңа оқу жылына әзірлігі тексеріліп жатыр. Соның ішінде эпидемиологияға қарсы алгоритмнің орындалуы да», – дейді Татьяна Горлова.
Бұған дейін СҚО мектептеріне 75 млн теңгеге дезинфекциялық құралдар алынғанын айтқан едік.
https://www.inform.kz/