Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Instagram”-дағы жеке парақшасында тұрғындармен онлайн кездесу өткізді. Сұрақтарға жауап бермес бұрын өңірдің алты айдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысына қысқаша шолу жасады. Өткен жылға қарағанда жалақы қоры 99 млрд. теңгеден 116 млрд. теңгеге, облыс бюджеті 323 млрд. теңгеден 406 млрд. теңгеге өскен. Облысты дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында республикалық қазынадан қосымша 100 млрд. теңге алғашқы транш алынды. Бес жылдың ішінде оның мөлшері 500 млрд. теңгені құрамақ. Бұл қаражат көп жылдан бері қордаланып қалған жол, сапалы ауызсу сияқты мәселелерді шешуге, әлеуметтік нысандар тұрғызуға бағытталады.
Атап айтқанда, әлеуетті саналатын 115 елді мекенде 36 білім беру, 9 денсаулық сақтау мекемесін, 168 шақырым ауылішілік жолдарды жөндеуге, 184 шақырым су құбырын тартуға 17 млрд. теңге жұмсалады. Салынып жатқан 16 заманауи сүт фермасының 10-ы жыл аяғына дейін іске қосылады. Уәлиханов және Ақжар аудандарында мал бордақылау алаңдарының құрылысы жүргізілуде. Екі құс фабрикасының іргетасы қаланды. Облыс орталығында қағаз комбинаты, көкөніс өсіретін жылыжай, кірпіш шығаратын және электртехникалық зауыттар, “Клаас” комбайнын құрастыратын кәсіпорын бой көтереді. 3500 жайлы пәтер салынып, 12 мың тұрғын қоныстойын тойлайды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде жаңа зертханалық корпус пайдалануға беріледі.
Құмар Ақсақалов тікелей эфирде жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді. Алғашқы сұрақты Данияр Балтабаев жолдапты. Оны Петропавл-Қорған бағытындағы жолдың күрделі жөндеу барысы толғандырады. Бұл сауалға жоба Индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрлігі тарапынан жүзеге асырылып жатқаны айтылды. “Біздің білуімізше тапсырыс беруші мен мердігердің өзара келіспеушілігінен бірқатар проблемалар туындап, іс қазір сотта қаралуда. Екі тараптың дауына жыл соңына дейін нүкте қойылса, құрылыс жұмыстары келесі жылы жалғасын табады. Қаражат жеткілікті”, – деген жауап берілді.
Әйгерім есімді интернет қолданушының сауалы жаңа оқу жылындағы мұғалімдердің жетіспеушілігі туралы болды. “Қазір 90 штат бос тұр. Бұл мәселе жүйелі түрде өз шешімін тауып келеді. Оған жалақының өсуі айтарлықтай ықпал етті. Президенттің тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 50 пайызға көбейді. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы шеңберінде баспана, пайызсыз несие алу сияқты жеңілдіктер қарастырылған. 52 мектепті қалпына келтіруге 4 млрд. теңге бөлінді”, – деді Құмар Ақсақалов.
Сауалдардың бір парасы тұрғын үй кезегіне қатысты қойылды. Бірі Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеп келген екінші топтағы мүгедек әкесінің пәтер кезегінде 2013 жылдан бері тұратынын айтса, енді бірі көпбалалы анасының баспанаға қашан қол жеткізетінін сұрады. Құмар Іргебайұлының айтуынша, пәтер кезегінде шаhарда 15 мыңға жуық адам тұр. Олардың 60-ы – ауған соғысына қатысқан жауынгерлер. Көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар, жетім балалар да басым құқыққа ие. Пәтерлер осы санаттар арасында теңдей бөлінеді. Былтыр 4 жалгерлік-коммуналдық көпқабатты үй тұрғызылса, биыл олардың саны – бесеу.
“Ауылдарда дәрігерлік амбулаторияларды жөндеу ісі қашан басталады?” Бұл сауалды Виталий есімді облыс тұрғыны қойды. “Бұл салаға соңғы үш жылда ғана 10 млрд. теңге бағытталды. Биыл 3 млрд.теңге қарастырылған. МРТ, компьютерлік томограф, рентген, УЗИ аппараттары сатып алынды. Өткен жылы 23 нысан жөнделді. Ауылдық жерлерде 47 медициналық нысан бой түзейді. Жолдамамен келген жас мамандарға 2,5 млн.теңге көлемінде біржолғы көтермеақы төленеді. 128 жоғары білімді дәрігер өңірде жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр”, – деді әкім.
Юрий Захаров есімді тұрғын: “Қазақ драма театры жанынан саябақ ашуға уәде беріп едіңіз. Жаздың екі айы артта қалды. Істің орнынан қозғалар түрі көрінбейді”, – деп сұрады.
– Бұл – ұзаққа созылатын үрдіс. Қаражат бөлу, конкурс өткізу, қажетті құжаттарды жинақтау, мұның бәрі көп уақыт алады. Қазір жобаны рәсімдеу жұмыстары аяқталуда, негізгі шаруалар келесі жылы қолға алынады, – деді.
“2011 жылдан пәтер кезегінде тұрмын. Асырауымда мүгедек балам бар. Есепшотымда 1 млн. теңге болса ғана баспана алу мүмкіндігім бар көрінеді. Қайтарымсыз сертификат беріле ме?” – деген Жұлдыздың сұрағына әкім: “Пәтерге қол жеткізудің бірінші жолы – жалгерлік-коммуналдық пәтер кезегіне тұру. Екінші механизмі – Солнечный кентінде салынған үйлерден алуға 1 млн. теңге мөлшерінде сертификат беру”, – деп жауап берді.
Фарис Сухмарованың “Шаңырақ” бағдарламасы бойынша Жамбыл көшесі бойында тұрғызылған көпқабатты үй қашан пайдалануға берілетіні туралы сұрағына әкім ол үй “Отбасы банкінің” құзырында екенін айтты. Бүгінде құжаттарды рәсімдеу, келісімшарттарды бекіту үрдістері атқарылуда. Жергілікті атқарушы орган баспана салумен, ал “Отбасы банкі” пәтерлерді бөлумен айналысады.
Ақжар ауданы Кіші Қараой ауылдық округінің тұрғыны Әсем Есқожанова аталмыш округке қарасты Бостандық ауылына баратын жолдың құрылысы қашан басталатынын білгісі келетінін жеткізді.
– Жол – өте өзекті мәселелердің бірі. Өңірде 635 елді мекен бар. Бірінші кезекте экономикалық жағынан алда тұрған ауылдардың жолдары жөнделеді. Жыл сайын 150 шақырым жолға асфальт төселеді. Биыл 27, келесі жылы 34 елді мекеннің жолдары қалпына келтіріледі. Жолдың қай ауылда жөнделетінін аудандық әкімдік шешеді, – деді әкім.
Петропавл қаласының тұрғыны Владимир Богдановтың ескі үйлері бұзылып жатқан “Копай” шағынауданының атауына конкурс ұйымдастыру туралы ұсынысы қолдау тапты. Жамбыл Шалабаев ауылда жемшөптің бағасы шарықтап бара жатқанына алаңдаулы екенін жеткізді. Бұл мәселеге қатысты әкім: “Еліміз бойынша қуаңшылықтың орын алғаны белгілі. Бірақ солай екен деп қол қусырып отыруға болмайды. Аудандарда жедел штабтар құрылып, аграрлық құрылымдармен меморандумдар жасалды. Әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Ондағы мақсат – бағаның қолжетімділігін тұрақты бақылауда ұстау. Бір тонна шөптің бағасын 15 мың теңгеден асырмау талабы қойылып отырғанын қатаң ескертемін, – деді.
Тікелей эфирде міндетті вакциналау адамдардың конституциялық құқықтарын бұзбай ма деген де сауал қойылды. Оған Құмар Іргебайұлы былай деп жауап берді: “Бұл сұраққа Әділет министрлігі толыққанды түсініктеме берген. Конституциялық нормаға сай келетінін атап көрсеткен. Тек мына мәселеге тұрғындардың назар аударуын сұраймын. Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтаудың, өте қауіпті індеттен арашалаудың жалғыз жолы – екпе салдырту. Барлық вакцина қатаң клиникалық сынақтардан өткен. Халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген сертификаттары бар. Жағдай оңалсын десек, екпеден қашпау керек. Өңірде 200 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші, 158 мыңға жуығы екінші компонентін алды”.
Бір сағатқа созылған онлайн кездесу барысында өзге де мәселелер көтеріліп, тұщымды жауап берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.