Облысымызда “Мектепке жол” республикалық акциясы жалғасуда. Оның басты мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік жағынан қолдау, материалдық көмек көрсету болып табылады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарында мектепке дайындық шаралары кең өріс алған. Көмекке мұқтаж балалардың деректер базасы, ата-аналардың өтініштеріне дер кезінде жауап беру үшін “жедел желілер”, “сенім” телефондары құрылған. Жыл бойы жалғасатын қайырымдылық акциясына демеушілер, әлеуметтік серіктестер тарту қолға алынуда. Көмек қолын созғысы келетін жандар тұрғылықты жерлердегі білім бөліміне немесе тікелей мектепке хабарласа алады.
Өңірде акция шараларына белсене қатысып, тұрақты негізде қолдау көрсететін жеке, заңды тұлғалар аз емес. Олардың қатарында “Мәмбетов және К”, “Петропавл арақ зауыты”, “АЗКО”, “Буденное СК”, “Раисов”, “Астық Привольный”, “Западное СК”, “ES GLOBAL AGRO” және тағы басқа серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер құрметпен аталады. Былтыр акция аясында 5978 балаға 47 млн. 656 мың теңгенің жәрдемі көрсетілді. Қашықтан оқыту жағдайында оқушылардың компьютерлік техникаларға деген сұранысы ескеріліп, қамтамасыз етілді. Аққайың ауданы Полтавка елді мекенінде көпбалалы отбасынан шыққан 4 балаға 630 мың теңгенің ноутбуктары сыйға тартылды. Аралағаш орта мектебінің түлектері көпбалалы отбасылардың 5 баласына 2 компьютер, 3 ноутбук табыс етті. “Артур” шаруа қожалығы Безлесенский бастауыш мектебінің оқушысына 130 мың теңгенің ноутбугін, “Агро Еңбек Береке” ЖШС-і Черкасск орта мектебінің оқушысына су жаңа ноутбук алып берді. “Микро плюс” фирмасы №1 Смирнов мектебінің бес оқушысына планшет пен ноутбук сыйлады.
Білім бөлімдері мен мектептерде көмекке зәру отбасылар мен балалардың тізімдері жасалып, демеушілерге өтініш хаттар жолданды. Есеп бойынша аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың саны – 9117. Мектеп формасына, спорттық киімге деген қажеттілікке мониторинг жүргізілді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың 2282 баласына мектеп формалары мен спорттық киімдер жалпылай оқыту қоры есебінен алынатын болады.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.