Қазақ елінің бірде-бір шаңырағын Ұлы Отан соғысының зардабы айналып өтпеген болар. Әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанып, солардың жартысынан астамы елге оралмады. Бүгін мен соғыс кезіндегі бір отбасының тағдыры туралы әңгімелекпін. Жерлес жазушымыз Сәбит Мұқанов өзінің “Туған ауылда” деп аталатын әңгімесінде былай деп жазады: “…Совет өкіметі орнай, Торсанның шұрайлы жеріне кедейлер ие болды.
Партияның бастауы бойынша жерге ие болған кедейлер, бұл маңайда бірінші болып 1926 жылы артель ұйымдастырды. Артельдің іргесін қалаған Бейсек Тәпелов, Исахмет Мырзаханов, Райысқали Сүлейменов, Ұл Бекішев, Исахмет Бейсенов, Сағит Жоланов… Туған жерінде Совет өкіметі орнаған күннен партияға кірген Рамазан, кедейлерді партия қатарына тарта бастап, олар партия ячейкасын құрды… Соларға ерген кедейлер ауылда ашылған сауатсыздықты жою мектебінен хат таныды…”. Бұл қазіргі Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылы туралы жазылған әңгімеден үзінді. Сәбеңнің жазған естеліктеріне қарағанда ол кезде осы төңіректе құрылған артельдер егін себумен, үйді-үйден жиналған малды өсірумен бірге аңшылықпен де айналысқан. Тіпті Жалтырша ауылында аңшылар артелі құрылған деседі. Аңшылар орталыққа аңдардың бағалы терілерін жіберіп тұрған екен. Сондай аңшылықтың бірінде, яғни 1938 жылы қараша айында аңға шыққан Рамазан Ережепов байқаусызда қаза тауып, зайыбы Әпәти Ерсарықызы 38 жасында қара жамылып, жесір атанады. Рамазанның артында бес бірдей ұлы – Мүсілмәнбек, Есләмбек, Көшер, Кеңес, Әскер жетім қалады. 1939 жылы Мүсілмәнбек әскер қатарына шақырылады. Сол кеткеннен ұзақ кетеді. Алдымен Фин соғысына қатысады, артынан Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Қатардағы жауынгер артиллерия атқышы ретінде Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы, Украинаны, Белоруссияны, Балтық және Еуропа елдерін жаудан азат ету шайқастарына қатысады.
Неміс-фашист басқыншыларымен болған бір кескілескен ұрыста Мүсілмәнбек Рамазанов қатты жараланып, әскери госпитальға түседі. Онда емделіп жатқанда Мария Попова есімді медбике оған ерекше күтім жасап, тез сауығып кетуіне көмектеседі. Жас жауынгер әрі сұлу, әрі мейірімді қызбен жақынырақ танысып, олардың қарым-қатынасы махаббатқа ұласады. Сауыққан соң қан майданға қайта оралған жауынгер аман қалса осы қызға үйленуге серт береді. Бұл тілегі ақыры орындалды. Соғыс аяқталғаннан кейін Мүсілмәнбек өзі емделген госпитальға барып, қызды тауып алып үйленеді. Бірақ әскер басшылары оны туған жеріне бірден жібере қоймайды. Ярославль облысының Щербаков қаласына халық шаруашылығын қалпына келтіруге жұмсайды. Сол жерде қызды болып, атын Наташа қояды. Мүсілмәнбек әскер қатарынан 1954 жылы ғана босатылады. Енді туған жерге оралу керек. Орыс қызын ата-анасы алыстағы Қазақстанға жібермеуі де мүмкін ғой. Сөйтіп, олар Мария Ивановнаның шешесі тұратын Тамбов облысының Мичуринск қаласына келеді.
Осылайша он бес жыл шетте жүрген Мүсілмәнбек үйіне үшеу болып оралады. Әрине, бұл кезде туған ауылында да, отбасында да көп өзгерістер болған еді. Шешесі Әпәти Ерсарықызы қолында қалған төрт ұлды жеткіземін деп күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей ұжымшарда еңбек етеді. Әйелдер кеңесінің төрайымы болып сайланып, қыз-келіншектерді, ақ жаулықты аналарды “Бәрі майданға, бәрі жеңіске!” деген ұранмен еңбек етуге жұмылдыра біледі. Майданға биялай-байпақ тоқып жіберіп отырады.
Мүсілмәнбек соғыстан оралғанда інілері де өсіп қалған еді. Өзінен кейінгі Есләмбек бұл кезде ұжымшарда трактор-егіс бригадасының бригадирі болатын. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде оны жаңа ашылған “Озерный” кеңшарына қарасты Октябрь ауылына бөлімше меңгерушісі етіп жібереді. Бұл – қалың орманның ортасына салына бастаған кеңшардың орталығы мен бөлімшелері: Ақбалық, Қарақамыс, Жаңажол, Сәбит, Нұрымбет, Бауман, Жалтырша ауылдарында құрылыс жұмыстары басталған шақ еді. Осы елді мекендерге, ең алдымен, бір-бірден электр жарығын беретін моторлар орнатылды, сым тартылып, әр үйге электр қуаты тұрақты беріліп тұрды. Ал 1965 жылы түгелдей орталықтандырылған электр желісіне қосылды. Ауылда тұрғын үй құрылысы барған сайын қарқын ала бастады. Одан кейін клуб салынып, кітапхана ашылды. Балалар жаңа салынған мектепте оқитын болды. Бұрынғыдай астық кеңшар орталығына тасылмай, осында салынған механикаландырылған қырманда тазаланып, кептіріліп, тас қоймада сақтала бастады. Орталықтандырылған монша іске қосылды. Техниканың бәрін бөлімшедегі ұстаханада жөндеу мүмкіндігі туды. Тұрғындар бұрын ауыл іргесіндегі құдықтардың суын пайдаланатын. Бертін келе көршілес Қарақамыс маңынан жерасты таза суы табылып, ол құбыр арқылы Октябрьге берілгеннен кейін, бұрынғы су таситын иінағаш пен шелек ұмытылды. Сайып келгенде, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы бұрынғыдан да жақсара түсті.
Қай жылы екені есімде қалмапты, партия комитетінің шешімімен Әпәти Ерсарықызының 60 жасқа толуына орай үлкен той өткізілді. Қарақамыс пен Октябрьдің арасындағы Көпей көлінің маңындағы алқапқа бірнеше киіз үй тігілді, бұрынғы Пресногорьков ауданы орталығындағы мейрамхананың ұжымы қонақтарға қызмет көрсетті. Осы жерде айта кетейін, Октябрь және сол төңіректегі Қарақамыс, Ақбалық, Жалтырша, Жаңажол, Сәбит, Нұрымбет ауылдары 1938 жылға дейін Ақмола (орталығы Петропавл) облысына, 1938 жылдан Қостанай облысына қараған, ал 1963 жылдан Солтүстік Қазақстан облысына қайта ауыстырылған.
Әпәти Ерсарықызы, жоғарыда айтып кеткенімдей, жан жолдасы Рамазан Ережепов бұл дүниеден өткенге дейін және одан кейін де Сәбиттің іргетасын қалауға қатысумен бірге, оның экономикасы мен мәдени-тұрмыстық жағдайының жылдан-жылға нығая түсуіне өзіндік үлес қосқан. Сондай-ақ өзінің бес баласын партия қатарына тартып, оларды адал еңбекке баули білген. Бұл кезде Ұлы Отан соғысының ардагері Мүсілмәнбек Рамазанұлы – мал дәрігері, Есләмбек – бөлімше басқарушысы, Кеңес – бөлімше есепшісі, Әскер – трактор-егіс бригадасының бригадирі қызметтерін атқаратын.
Бір отбасындағы алты коммунистің құрметіне өткізілген осы тойға бала кезімде мен де қатынастым. Онда өткізілген ақындар айтысында, ат жарысында, басқа да ойын түрлерінде кімдердің жеңіске жеткені есімде қалмапты. Ал балуан күресінде бозкілемге біздің ауылдан Қапар Халықовтың шыққаны әлі көз алдымда. Еңгезердей жігіт еді. Ортаға шығып, бозкілем үстіне отыра қалғандағы батырға бергісіз тұлғасын көргенде одан сескеніп, күреске біраз уақыт ешкім шыға қоймады. Бір кезде намысқа тырысты білем, Жаңажол ауылынан мұғалім Нұртай Бейсеков ортаға шықты. Күш атасын танымас дегендей, еңгезердей жігіт оны көтеріп алып, кілем үстіне лақтырып жіберді. Жиналған жұрт оның бір жері сынып қалды ма деп ойлап, тына қалды. Әйтеуір, ол орнынан аман-есен тұрды. Той қараңғы түскенге дейін созылды.
Қазақтың ұлттық тағамын дайындауда Мүсілмәнбек Рамазанұлының бәйбішесі. Марияның алдына түсер бұл ауылда жан жоқ еді. 1954 жылы келін болып түскенде Сибан руының үлкені Исахмет қари (ауылдастары соқыр қари деп атап кеткен) батасын беріп, Марияға Мәриям деп ат қойған екен. Сол күннен ислам дінін қабылдаған ол енесі Әпәти Ерсарықызының үйретуімен қазақ тілін тез меңгеріп, қазақтың ұлттық киімін киіп, асын әзірледі, бертін келе ораза ұстап, намаз оқыды. Үйіне келген қонаққа өзі піскен сары қымызды сапыра отырып, үлкен тостағанға толтыра құйып беруші еді.
Егер Рамазан Ережеповтің бес баласы Ұлы Отан соғысының зардабына ұшырамай, жетімдіктің ащы дәмін татпай, оқыса, білім алса, бәлкім Октябрьдің төңірегінде ғана қалмас еді-ау деймін. Олардың ширақ қимылы, ұйымдастырушылық қабілеті, адамның мысын басып тұратын тұлғалары осындай ойға жетелейді. Өкінішке қарай, Рамазанның ұлдары айрандай ұйып отырған ауыл бұл күндері тарап кетті, бәріне бірдей туған жерден топырақ та бұйырмады.
Бес ағайынды жігіттен, яғни Мүсілмәнбек пен Мәриям, Есләмбек пен Ұлбосын, Кеңес пен Күлән, Көшер мен Сәбира, Әскер мен Сағила жұптарынан жеті ұл, жиырма алты қыз дүниеге келгенін ескерсек, олардан тараған ұрпақты есептей беріңіз. Соғыстан кейін туған Наташа қазір Қызылжар қаласында тұрады. Наташа Мүсілмәнбекқызына Қарақамыс ауылының ақсақалы Темірбайдың Сағындығы азан шақырып, Нағима деп ат қойған екен. Нағиманың жолдасы – өңірімізге танымал домбырашы, күй өнерін зерттеуші Серікбай Құсайынов. Кезінде қаладағы ірі зауыттардың бірінде жұмыс істеген Нағима қазір зейнетте болса да қазақтың ұлттық киімдері мен үйге қажетті әсем бұйымдарын тігеді. Серікбай Бәриұлының домбырамен сүйемелдеуімен қазақ және орыс тілдерінде шырқаған әндерін тыңдағанда өзіңді құдды атақты әншілердің концертінде отырғандай сезінесің.
Өмірде әркімнің маңдайына тағдыр жазған шығар биігі болады. Кезінде Рамазановтар әулетінің аты біздің төңіректе дүрілдеп тұрды. “Ағайын тату болса, ат көп” дегендей олар әрқашан тату, ұйымшыл, өзгелерге қамқор бола білді.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
СУРЕТТЕ: Рамазановтар отбасы.