Биыл ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығын атап өтпекшіміз. Тарих тұрғысынан қас қағым сәт болса да, еркіндігін енді алған ел үшін жеткен межесін, жетістігін түгендейтін кез. Өйткені осы уақыт ішінде болған өзгерістерді, еліміз еңсерген, бағындырған биіктерді санамалап шығудың өзіне қанша уақыт керек десеңші?! Осы сәулелі сәтке жету мақсатында елім деп еңбектеніп, бар күш-қайратын сарп етіп жүрген азаматтарды бір сәт елдің назарына ұсынсақ артық болмас. Солардың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы “Ақселеу” серіктестігінің жетекшісі Серік Малаев. Жақында бір топ ардагер аталмыш аудандағы Ковыльное ауылына барып, Серік Тәттібайұлының жанкешті еңбегі мен ауылына деген жанашырлығына куә болып қайттық.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов бастап барған ардагерлер кеңесінің мүшелері алдымен Отан соғысында шейіт болған жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухтарына бас иіп, тағзым етті. Боздақтарға арналған ескерткіш мектеп ауласында екен. Қазір қандай елді мекен болсын ондағы мектеп ғимараты мен оқушылар саны ауыл тіршілігінен хабар беретіні анық. Білім ошағының ат шаптырымдай алаңы жасыл желекке бөленіп, ауылға көрік беріп тұр. Оқу ордасына жақын жерден салынған спорт кешені, дүкен, наубайхана ғимараттары, олардың төңірегіндегі қызылды-жасылды гүлзарлар да еріксіз көз тартады. Мектеп директоры Күнсұлу Болатқызы оқу ордасына шақырды. Жабылып немесе бастауыш мектеп болып қала ма деген қорқынышты күндер бүгіндері ұмытылған. Оқу ордасы басшысының айтуынша, серіктестік қаржысына күрделі жөндеу өткізіпті. Биыл даярлық тобына келетін бүлдіршіндерге арнайы бөлмелер жасақталыпты. Жалпы жөндеу жұмыстарына ғана емес, жабылғалы тұрған мектептің тағдырына, кадр мәселесін шешуге, балалар санын көбейтуге жанашыр болған серіктестік бастығының жанқиярлық еңбегін ерекше атап өткен жөн. “Оқу ордамызда 85 оқушы білім алса, мектептегі балабақшаға биыл он бүлдіршінді қабылдадық”, – деді қуанышын жасырмаған ұжым басшысы. Мектеп оқушылары серіктестік қаржысына тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын балаларға қажет жабдықтың бәрін серіктестік тарту етеді. Дүниеге сәби әкелген ана серіктестік тарапынан қомақты қаржыға ие болса, бір жасқа толғанша “жөргек ақысы” деп ай сайын он мың теңге алып тұрады.
– Елді мекен төңірегінде арақ ішуге мүлдем тыйым салынған. Оны мен әрдайым серіктестік жұмысшыларына, тұрғындарға айтып, орындалуын қадағалап отырамын, – дейді Серік Тәттібайұлы. Алыстағы ауылдағы адамдардың бүгінгі заман талабына сай тіршілігін, шаруашылық басшысының тынымсыз еңбегін көріп, бұл елді мекен ертеңгі күнге нық сеніммен аяқ басып бара жатқанына куә болдық. Ауыл тұрғыны Майра Әшімбаеваның айтуынша, ауылдың тұрмысы қаладан еш кем емес.
– Мен осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Қырық жыл еңбек еттім. Жақсылығы мен жамандығын көп ұлтты ауыл тұрғындарымен бірге көрдім. Нарықтық экономиканың қатаң талабы елді есеңгіретіп кеткен кез де бастан өтті ғой. Дегенмен қанша жыл қырғын болса да ертеңгі күннің жақсылығына сенген халықпыз ғой. Аллаға шүкір, бақытымызға орай, қырық пышақ болған ауылды біріктіріп, мойнына атан түйенің жүгіндей ауыртпашылықты алған қазіргі заманның батыры – Серік Тәттібайұлы келді, – дейді ол.
– Серіктестіктің жер көлемі 20 мың гектар болса, соның 15 мыңына дәнді дақылдар егіледі. Егістік әртараптандырылған – пайдасы көп майлы дақылдар көптен себіледі. “Асыл тұқымды” мал шаруашылығындағы жетістіктеріміз бір төбе, бабаларымыздың қалқаны болған жылқы түлегін өсіріп, қымыз өндіреміз. 120 жұмысшы еңбек етеді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында олардың орташа жалақысы 136194 теңге болды. Тұрғын үйлердің 40 пайыздан астамы орталықтандырылған жылу, су, кәріз жүйесіне қосылған. Биыл тағы 17 үйді қоспақшымыз. Жыл сайын жиырмадан астам жаңа баспана саламыз” – деді Серік Малаев.
– Ауылды аралап жүріп, ауласында балалар асыр салып ойнап жүрген үйге назарымыз ауды. Біздің келгенімізді көріп, үй ауласына шыққан қандасымыз:
– Балалардың болашағын ойлап, “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы бойынша Шудан көшіп келдік, – деді ағынан жарылып. Өзін Сәуле деп таныстырған ол біраз жайды жайып салды. – Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының әулетінен боламыз. Шындықты айтып, әділдікті ту қылған Шерхан Мұртазаның ауылынанбыз. Бес баламыз бар, екеуі ержеткен, жеке шаңырақ көтерген, мектеп жасындағы 3 баламыз және 4 немереміз қасымызда. Осы жерге үш үй болып көшіп келдік. Жұбайым, екі балам және мен жұмыстамыз. Балалар мен немерелерім балабақша мен мектепте. Ауыл тұрғындарымен араласып, үйренісіп кеттік.
Шалғайдағы ауылға ғылымның озық жетістіктері де елден бұрын келгендей. Кеңсенің бір үлкен бөлмесі “диспетчерлік орталық” деп аталады екен. Бір қабырғасын түгел жауып тұрған мониторлар таңғалдырды. Көз тоқтата келе бейнебақылау камералары арқылы шаруашылықтың әр саласынан хабар беріп тұрғанын байқадық. Серіктестіктің егіс танабын көріп, онда жүрген егіс агрегаттарының әрбір қимылын бақылап отыруға болады екен. Техниканың тоқтаған, жүрген әр қимылын қалт жібермей бағып отыр.
– Оның несіне таңданасыздар? Қазіргі ғарыш жүйесінде қолданатын технология осының бәрін мүмкін қылды. Сұрақтарыңыз болса, менің жаз айларындағы көмекшім – студент баламыз жауап береді, – деді Серік Тәттібайұлы. Көкейімізде тұрған сұрақтар көп еді, бірақ студент баланың тиянақты жауабы бәрімізді тәнті қылды. “Алдымен “Қазғарыш” кәсіпорнымен келісімшартқа отырдық. Олардың жерсеріктері арқылы әр алқаптағы техникаға бақылау жасап отырамыз. Қазір мына шабындықтағы агрегат тоқтады. Егер он минуттан артық тұрса себебін біліп, шара қолданамыз. Бұл жүйе арқылы бір күндік және науқан басталғаннан бергі еңбек өнімділігі анықталып, қаншама маманның жұмысы атқарылады, серіктестіктің қаншама қаржысы үнемделеді”, – деді ол. Жиналған қонақтар студент балаға басқа да бірнеше сұрақ қойды. Мүдірмей бәріне тиянақты жауап берді.
– Оқу бітіргесін мына жүйені әлі де жетілдіремін, біздің бұл тәжірибемізді басқа да шаруашылықтар пайдалана алуы үшін әдістемелік құрал жазамын, – деп ол сөзін аяқтады. Бұл бозбала ертең ержетіп, еліне қамқор болатынына қуандық. “Ақселеу” серіктестігінің бүгінгі жетістігіне таңданып, сүйсініп, ертеңгі жарқын болашағына деген сеніммен аттандық.
Жангелді ТӘЖИН,
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Суретте: ардагерлер шағын орталық жұмысымен танысуда. Жоғарыда (солдан оңға қарай) үшінші С.Малаев.