“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құрудың түпкі мәні билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты жандандыруға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында саяси реформалар топтамасын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтыруға үлкен назар аударды. Тарихи құжатта бірқатар заңдарға, оның ішінде “Сайлау туралы” заңға өзгерістер енгізілгенін, бұл бағыттағы жаңғырту ісі жалғаса беретінін, оның негізгі мақсаты тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру болып табылатынын атап көрсетті. “Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек”, – дей келіп, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу туралы тапсырма берді.
Жасыратыны жоқ, бюджетті бөлу кезінде жергілікті өзін-өзі басқарудың зор мүмкіндіктері кейде ескерусіз қалып жататыны рас. Тіпті ауылдық округтерде тұрғындардың шынайы қажетіне жұмсалатын қаражаттың тапшылығы анық сезіледі, мәселен, қыс кездерінде жолдардың тазаланбауы, жөндеулер жүргізуге ақшаның жетпеуі қолбайлау болып қалады. Осы себепті Мемлекет басшысының жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық көздерін арттыру, ол үшін ауылдық округ бюджетінің мүліктік құқығын кеңейтіп, кірісін көбейту жөніндегі ұсыныстары өте құптарлық. Саяси реформаның алғашқы қадамы – ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы бұл бағыттың дұрыстығын анық байқатты. Благовещенка ауылдық округіне қарасты елді мекендерде тұратын 1700 сайлаушының көбінің сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауы демократиялық үрдіске бет бұрудың айқын көрінісі дер едім. Сайлаудың мақсаты – ауылдық округтерге тұрғындар жақсы танитын, қолынан іс келетін адамды таңдау. Сөз арасында алғаш рет ұйымдастырылған тікелей сайлауға баламалы негізде кемінде үш кандидаттың міндетті түрде тіркелуі, саяси партиялар және өзін-өзі ұсынушылардың қатыстырылуы көпшіліктің сайлауға деген қызығушылығын арттыра түскенін айта кеткен жөн. Менің ауылдық әкімдіктегі жұмыс өтілім ширек ғасырға жуық. Оның 12 жылы Благовещенка ауылдық округімен тікелей байланысты. Барлық сайлаушылардың 92,8 пайызының таңдауы маған түсті. Бұл – үлкен жауапкершілік деп түсінемін. “Өмір үйретеді, еңбек ширатады” демекші, қатардағы жұмысшыдан ауыл әкімі лауазымына дейін жүріп өткен өмір белестерімнің ішінде мемлекеттік қызмет тәжірибені, кәсіби біліктілікті, адамдармен қарым-қатынастың әдеп нормаларын қажет ететініне көзім жетті. Мемлекеттік саясатты орындауды абзал борыш ете отырып, күнделікті атқарылатын сан-салалы шаралардың бел ортасында жүрудің, қоғамдық-саяси өмірді демократияландырудың маңыздылығын бір сәт естен шығаруға болмайды. Қай сала сеніп тапсырылса да адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге, құқықтарын қорғап, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, қордаланып қалған проблемаларын сөзбұйдаға салмай, ұтқырлықпен шешуге міндеттіміз.
Благовещенка ауылдық округі әкімдігі аппаратының жұмысы мемлекеттік қызметтерді сапалы атқаруға, тапсырмаларды мүлтіксіз орындаудың барлық жолдарын қарастыруға, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағдарланған. Үш елді мекенде тұратын 3,4 мыңнан астам тұрғынның 1876-ы – еңбекке қабылетті, 461-і – зейнеткер, 159-ы – мүгедек жандар, 55 көпбалалы отбасы бар. Экономикалық құрылымында ауыл шаруашылығы елеулі басымдыққа ие. Округ аумағында орналасқан 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 15 шаруа және фермерлік қожалықта екі жүзге жуық адам жұмысқа тартылған. Жоғары табыстарымен қуантып келе жатқан “Атамекен-Агро”, “Кан-Жамбыл” серіктестіктері өткен жылмен салыстырғанда дәнді және майлы дақылдар егістігінің көлемін көбейтті. Шағын несие беру, субсидиялау сияқты қаржылық қолдау шараларының мал шаруашылығының дамуына ықпалы зор. “Бастау-Бизнес” жобасы аясында 7 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша білімдерін жетілдірді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан екі адамға ірі қара өсіруге 7 млн. теңге несие берілді.
Аз қамтылған азаматтар мен тұрмысы төмен отбасыларды қолдау бойынша атқарылған шаралар да аз емес. “Еңбек” бағдарламасына қатысқан 211 адамның 109-ы түрлі қоғамдық жұмыстарға орналастырылды. 25 отбасыға 4,5 млн. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілді. Еңбек күші мол өңірлерден қоныс аударушылардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Олар жұмыспен қамтылып, басқа да әлеуметтік жағдайлар жасалуда. 2020 жылы Қызылорда облысынан – 2, Нұр-Сұлтан қаласынан 1 отбасы көшіп келіп, түпкілікті орнықты. Өңірді дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында тұрғын үйлер салынуда. Благовещенка ауылында 11 баспананың құрылысы аяқталды.
Сапалы ауызсу – ауылдағы негізгі мәселелердің бірі. Тұрғындар тіршілік көзін су құбырлары арқылы алады. Богдановка, Майбалық елді мекендерінде су тарату пункттері қойылған. Аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша абаттандыруға – 3,5 млн., Благовещенка ауылындағы Мәдениет үйін жөндеуге – 2,4 млн., мәдени-сауықтыру орталығын ашуға – 567 мың, білім нысандарын қалпына келтіруге – 51 млн. теңге бағытталды. “Агро-Профи” ЖШС-і 50 млн. теңгеге қазандық орнатып, бес ұйым биоотынмен жылытылатын болды. Көшелерге, мәдениет және демалыс саябағына тренажерлер орнатылды, балалар ойын алаңы ашылды. Облыстық қазынадан көшелерді жарықтандыруға бөлінген 104 млн. теңге толығымен игерілді. Барлық ауылдар интернет жүйесіне қосылған.
Жолдауда азаматтардың мәселелерін тыңдап қоюмен шектелмей, дұрыс және әділ шешім шығаруға айрықша көңіл бөлініп, халықтың өтініш-тілектеріне ықылас танытудың жаңа талаптары, ескі дағдылардан арылу қажеттігі айтылғаны мәлім. Президент мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отырғанын, азаматтар өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, тіпті Мемлекет басшысына дейін шағымдануға мәжбүр болатынын өткір сынға алғаны мәлім. Біз өз құзыретіміз шеңберінде шешімін таппай жүрген жайттарды назардан тыс қалдырмауға мүдделіміз. Әкімдік аппаратында тұрғындарды қабылдау кесте бойынша жүргізіліп, ұсыныс-пікірлері негізінде нақты шешімдер шығарылады. Барлық өтініштер мен шағымдар тіркеліп, уақытында жауап беріледі.
Президент Салық кодексін және заңға сәйкес актілерді егжей-тегжейлі қайта қарауды тапсырды. Ондағы мақсат – салықтық міндеттемелерді орындауды барынша жеңілдету және салықтар мен өзге де төлемдердің санын азайту, бюджетті әртараптандыру мен толықтырудың қосымша тетігі ретінде салықтық мөлшерлемелерді жіктеу. Бұл талаптың жергілікті бюджетті қалыптастыруға әсері зор. Бюджетті бекіту барысында бақылау күшейіп, инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамалар мен бағдарламаларға қоғамдық сараптама жасалар еді. Осы себепті Жолдауда жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру жайы текке айтылмаса керек. Бүгінге дейін тағайындалып келген әкімнің округтегі бюджеті депутаттардың “мақұлдауымен” толтырылса, енді сайланбалы орган ретінде құқықтық құзыреті артып, жауапкершілік те анағұрлым күшейеді. Былтыр округ бойынша аудандық бюджеттен субвенция – 41, салықтық түсімдер – 11, ағымдағы нысаналы трансферттер 48 пайызды құрады. 2019 жылы нақты түскен салық мөлшері 9 млн. 183 мың 867 теңге болды.
Тұрмыс ИМАНЖАНОВ,
Благовещенка ауылдық округінің әкімі.
Жамбыл ауданы.