Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ұйымдастыруымен “Алқап күні – 2021” ауыл шаруашылығы көрмесі өтті. Пандемияға байланысты шара әлеуметтік желі арқылы онлайн ұйымдастырылды. “Заманауи агротехнологиялар: селекция, нақты жер-өңдеушілік, цифровизация” тақырыбымен өткен іс-шара барысында дәнді және майлы дақылдардың алқаптары, астықты қорғау жүйесі мен отандық сұрыптар жайы сөз болды. Дала күніне теріскейлік диқандар, соның ішінде Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғалымдары бар барлығы 200-ден астам адам қатысты. “ZOOM” платформасы арқылы өткізілген шараны Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов жүргізді.
Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев өңірдегі ахуал туралы баяндады. Биылғы қуаңшылыққа байланысты қолданылып жатқан шараларға тоқталды. Жыл сайын астық шығымдылығын ұлғайтып, сапалы өнім алу үшін заманауи технологияларды қолдану мақсатында атқарылған жұмыстармен таныстырды.
Жиын барысында мамандар егістік мерзімі мен сұрып таңдау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Өткен жылдары диқандар ерте пісетін дақылдарға басымдық беріп келсе, биыл бұл таңдаудың теріс нәтиже бергенін көріп отырмыз. Өйткені қажетті мөлшерде жаңбыр жаумағандықтан кейбір алқаптардағы бидай қурап қалды. Сондықтан егістікті әртараптандыру, сұрып таңдауға қатысты ғалымдардың ұсынысы көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Осы орайда Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының мамандары отандық жаңа сұрыптардың ерекшеліктері туралы баяндады. Танымал теріскейлік ғалым Ольга Гаастың есімімен аталған “Семеновна” сұрыбы қуаңшылыққа да, ылғалға да, ауруға да төзімді. Тәжірибе станциясының қызметкері Жанна Литовченконың айтуынша, кейбір алқаптарда шығымдылығы гектарынан 45 центнерге дейін жеткен. Биылдың өзінде мамандар 2 мың тоннадан астам тұқымды саудаға шығармақ.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары “Дәурен” сұрыбының ерекшелігі де мол екенін айтады. Қара бидай мен жұмсақ бидайдың буданы саналатын бұл сұрыптың шығымдылығы мен төзімділігі өте жоғары. “Тағы бір артықшылығы өсімдік татына бой бермейді. Дәрілеудің қажеті жоқ. Ал бұл өз кезегінде бүкіл әлем ұмтылып отырған экологиялық таза өнім өндіруге мүмкіндік береді. Сондықтан сұраныс та жоғары”, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Владимир Швидченко. Диқандарға тағы бір жаңа сұрыптың ерекшелігі туралы айтылды. “Айна” деп аталатын бұл тұқым түрін қостанайлық ғалымдар шығарған. Қуаңшылыққа төзімді, аса күтімді қажет етпейтін бұл бидайдың шығымдылығы гектарынан 45 центнерге дейін жетеді.
Конференцияны ұйымдастырушылардың бірі – “Астана Нан” ЖШС-нің өкілдері ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғау үшін қажетті дәрілер мен оларды қолдану технологиясымен таныстырды. Сонымен қатар Қарабалық станциясы ғылыми полигонындағы жер өңдеу әдісі туралы баяндама жасалды. Мұнда жаңа технологиялардың арқасында дәнді және майлы дақылдардың шығымдылығын арттыру, зиянкестермен күрес және аурулардың алдын алу бағытында қыруар жұмыстар тындырылған. Соның арқасында өнімділік те еселеп артқан. “Агротехникалық университет құрамына енетін бұл тәжірибелік станциядағы жүйелі жұмыстар өз жемісін беруде”, – деді университет ректоры Қайрат Айтуғанов.
Бұл жиын онлайн ұйымдастырылса да, ғалымдар мұқият әзірленгені бірден аңғарылады. Әр баяндама мазмұнына сәйкес бейнеролик түсіріліп, диқандарға көрсетілді. Осының арқасында тақырып барынша түсінікті жеткізілді. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мұндай басқосулар болашақта жиі ұйымдастырылып, агроқұрылым өкілдеріне үнемі бағыт-бағдар беріліп отырмақ.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.