Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындары солтүстікқазақстандық спортшылар үшін ерте аяқталды. Төрт жылда бір рет келетін аламанда 4 жерлесіміз өнер көрсетті. Бүгіндері ұлттық құрама мүшелері туған елге оралып, жанкүйерлерімен кездесуге уақыт та тапты. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында велошабандоз Алексей Луценко мен жеңілатлет Ирина Эктова жарыстың қалай өткені жайында айтып берді.
Жанкүйерлер облыстық кітапхананың акт залында Токио төрінде ел намысын қорғаған олимпиадашыларды қошеметпен қарсы алып, ыстық ықыластарын білдірді. Жерлестеріміз жүлдегер атанбаса да, олардың жаһандық додаға жолдама ұтып алуының өзі жетістік. Кездесуде бірінші болып сөз тізгінін Алексей Луценко алды. Велошабандоз үлкен спортта 2006 жылдан бері жүр. Алдымен әуесқойлар қатарында өнер көрсетіп, биік белестерді бағындырған спортшы 2013 жылы кәсіпқойлар санатына қосылды. Бүгіндері ол – велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Еуропа, Азия және Әлем чемпионаттарында бірнеше мәрте жүлдегер атанған, биыл алғаш рет ересектер арасындағы жазғы Олимпиадада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Бұған дейінгі Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадаға жарақатына байланысты барған жоқ.
– Токиодағы байрақты дода көптен күткен жарысым еді. Олимпиадаға бармас бұрын “Тур де Франс” көпкүндігінде бағымды сынадым. Бұл турнирде 7-ші орынға тұрақтадым. Жарыс аяқталысымен бірден ұшақпен Жапонияның астанасына аттанып, 12 сағаттық рейстен соң, келер күні топтық бәсекеге қатыстым. 240 шақырымдық қашықтықты 6 сағаттан артық уақытта жүріп өттім. 200-ге тарта велошабандоздың арасынан 21-ші сатыға жайғастым. Кейін жекелей сында 45 шақырымды бағындырдым. Көрсеткен нәтижеме көңілім толмайды. Сол себепті жанкүйерлерімнен кешірім сұраймын, – деді велошабандоз.
Барша жанкүйерлері жерлесімізден жүлде күткені анық. Алексей өзінің жеңілісін физикалық тұрғыда бар күш-жігерін “Тур де Франсқа” жұмсағанымен байланыстырады. Келер жолы міндетті түрде алтын алуға барын салатынын айтты.
Ал жеңіл атлет Ирина Эктова үшін бұл спорттық мансабындағы 4-ші Олимпиада. Үш қарғып секіруден құрама мүшесі жарыс жолында барын салды. Алайда жартылай финалдан аса алмаған ол психологиялық тұрғыда дайын болмағанын айтып ақталды.
– Токиодағы жарысқа бір күн бұрын келдік. Әуежайда 10 сағат отырдық. Коронавирусқа ПЦР тест тапсырып, нәтижесі шыққан соң ғана бізді қонақүйге апарды. Психологиялық қысым көрсетілгендей болды. Ұйымдастырушылар алғашында 14 күн бойы карантинде жатуымыз керектігін айтты. Кейіне тест қателесті деп Олимпиада ауылына жіберді. Келер күні сайысқа қатысып, жеңіліп қалдым. Төрт жылдықтың басты додасын дұрыс сезіне де алмадым, – дейді Ирина Эктова.
Жанкүйерлер мен журналистердің сұрақтарына жауап берген спортшы Токиодағы жарыс соңғы Олимпиадасы екенін де тілге тиек етті. Десе де Ирина спорттық мансабын осымен толыққанды аяқтамақ емес. Ол келер жылы Қазақстан чемпионатында, елімізде өтетін Азия біріншілігінде өнер көрсетпек. Жерлесіміз жеңіс тұғырынан әлі де дәмелі.
Спортшылар аздаған демалыс алып, бос уақыттарын туыс-жақындары мен достарымен бірге өткізбекші. Ал күзге қарай қайтадан жарыстарға дайындалуға кіріспек. Алексей Луценко тамыздың соңында “Тур Словакия” веложарысында бақ сынауды көздейді. Кейін Италияда өтетін бір күндік сайысқа қатыспақ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.