Тәуелсіздік жылнамасына көз жүгіртетін болсақ, 2003 жыл ел өміріндегі елеулі өзгерістермен есте қалғанын көреміз. Қазақстанның алдымен экономика, содан кейін саясат қағидатына негізделген даму жолы өз жемісін бере бастады. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында да айқын көрініс тапты. Тарихи құжатта алдағы кезеңдерге арналған саяси реформалардың бес негізгі басым бағытын қамтитын бағдарлама ұсынылды. Мемлекеттiк басқару, сайлау жүйесiн жетiлдiру, азаматтық қоғам институттарын одан әрi нығайту, БАҚ туралы жаңа заң қабылдау ұсынылды, бесiншiден, қылмыс жасағандарға жазаны iзгiлендiру жұмыстарын жалғастыру жүктелді. Бұдан бөлек, алқабилер институтын кезең-кезеңiмен енгiзу жайы да осы Жолдауда алғаш рет сөз болды.
Қазақстанның ішкі жағдайы экономикалық өрлеумен, жалақының артуымен, ауылға ерекше назар аударылуымен, сондай-ақ мәдени мұраны түгендеуге түбегейлі бетбұрыс жасалуымен ерекшеленді. 2003-2005 жылдар аралығы “Ауылды қолдау жылы” деп жарияланды. Бұл ел өміріне тың серпін әкелді. Тұралап қалған елді мекендер ақырындап аяғынан нық тұра бастады.
Қазақстанның рухани өркендеуінің дәлелі болған “Мәдени мұра” бағдарламасы әзірленіп, соның негізінде осы заманғы ұлттық мәдениет, фольклор, дәстүр мен салтты зерделеудiң бiртұтас жүйесi жасалды. Мемлекеттiк тiлде әлемдiк ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстiктерi негiзiнде гуманитарлық бiлiм берудiң толымды қоры жасалды.
2003 жылы елдегі демографиялық жағдайды жақсарту және әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға бала тууға байланысты бір реттік жәрдемақылар беріле бастады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың, асыраушысынан айырылғандардың әлеуметтік жәрдемақысы туралы Қазақстан Республикасы Заңына өзгертулер енгізілді. Қазақстанның сыртқы саясатындағы һәм халықаралық аренадағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Шетелдермен достық қарым-қатынас орнатуда еліміздің имиджі арта түсті. Орталық Азия елдері арасында қазақстандық көшбасшылықтың қалыптасуына әр жылдары елорда төрінде өткен халықаралық басқосулардың тигізген ықпалы зор. Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайын өткізді. Бұл айтулы жылдың ең айшықты оқиғасы ретінде тарихқа енді. Бұрын-соңды түрлі дінбасыларының бір табақтан ас ішпек түгілі, бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл тәуелсіз елдің қол жеткізген үлкен жетістігінің бірі десек артық емес. Тұңғыш құрылтайдың нәтижесі де жаман болмады.
2003 жылдың Ресейдегі Қазақстан жылы болып жариялануы – екі мемлекет үшін тарихи оқиға, үлкен құбылыс. ТМД елдері арасындағы байланыс та осы жылы тереңдеп, ШЫҰ-ның әлемдік беделі айқындала түсті. Осылайша аздаған уақыт аралығында экономикалық, саяси реформаларды сәтті жүзеге асыру арқылы еліміздің әлемде танымалдығы арта түсті.
Қазақстанның ілгері басуына облысымыздың да қосқан үлесі зор. Біздің өңір үшін тарих қойнауынан орын алған 2003 жыл жаңа бастамалар мен жарқын істерге толы болды. Тәуелсіз елдің тарихына көз салсақ, Ресей Қазақстанның ең жақын көршісі, досы, экономикалық және саяси қатынастарда одақтасы және серіктесі екені баршаға аян. Ресейдегі Қазақстан жылы шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы достық сапармен Қорған, Омбы, Түмен және көрші елдің өзге де аймақтарында болды. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы алыс-беріс те арта түсті. Өндірістік, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени байланыстар нығайып, сауда-саттық, тәжірибе алмасу іс-шаралары жүзеге асырылды.
2003 жылы облыста 507 шаруашылық жүргізу субъктісі тіркелді. Олардың – 486-сы шағын, 19-ы орта және 2-уі ірі кәсіпорындар. Жаңадан тіркелген кәсіпорындардың 85-і – мемлекеттік, 408-і – жекеменшік, 14-і шетелдіктерге тиесілі. Қаңтар-желтоқсан айларында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 29117 млн. теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2002 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға көп. Өндірілген өнімнің жартысына жуығы – тағам өнімдері. Машина жасау кәсіпорындары 4495,8 миллион теңгенің өнімін шығарды. Облыс өнеркәсібінің дамуына қызметтің басқа түрлері де оң ықпал етті. Тері, теріден тігілген бұйымдар мен аяқ киім, қағаз бен картон, баспа ісі, жиһаздар өндірісі ұлғайды. Халықтың өмір сүру деңгейін арттырудағы негізгі көрсеткіш болып табылатын жалақы да көбейді. Тұтас облыс бойынша бір қызметкердің орташа айлық нақты жалақысы 2003 жылдың қаңтар-наурыз айларында 14254 теңге болды.
2003 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында құрылыс-монтаждау ұйымдарының өз күштерімен орындаған жұмыстарының көлемі 2838,4 миллион теңге болды. Тұрғын үй құрылысына 328,7 миллион теңге жұмсалды. Жалпы аумағы 43151 шаршы метр баспана салынды. Тұрғындардың қаржысы есебінен 35017 шаршы метр үй пайдалануға берілді. Петропавл қаласындағы қазіргі “Береке” шағынауданында 60 пәтерлік көпқабатты үй де пайдалануға берілді. Облыс орталығындағы үйге соғыс және еңбек ардагерлері, Чернобыль апатының зардабын жоюға және ауған соғысына қатысқандар, бюджеттік саланың қызметкерлері қоныстанды. Сол тұста пәтер кезегінде 3 мыңға жуық адам тұрғанын айта кеткен жөн.
Шаруашылықтардың барлық санаттары 83,6 мың тонна мал мен құс етін, 495,5 мың тонна сүт, 156,7 миллион дана жұмыртқа, 469 тонна қой терісін өндірді. Облыстың сыртқы сауда айналымы 424 миллион АҚШ долларын құрады. Соның ішінде экспорт – 169,3 миллион доллар. Экспорт құрылымында басым үлес өсімдіктен және малдан алынған өнімдерге тиесілі. Базарда жылқы етінің килограмы орташа есеппен – 330-350 теңге, шұжық – 400-450, сиыр еті – 250-280 теңге болды. Ет өндірумен айналысатын “Фрегат” ЖШС-і сынды бірқатар кәсіпорындар жоғары сапалы өнімдері үшін Қазақстан Республикасының сапа жөніндегі “Алтын кітабына” енгізілді. Сол жылдары облыста етті ұқсататын 44 кәсіпорын жұмыс істеді. Олар бір ауысымда 11,6 тонна шұжық өндірді.
Облыс бойынша 3 миллион 19 мың гектар алқаптың егіні жиналып алынды, 4 миллион 17 мың тонна астық бастырылды. Әр гектардың шығымдылығы орта есеппен өңір бойынша 13,3 центнерден айналды. Ал жекелеген аудандардың көрсеткіші бұдан да жоғары. Облыс аумағында 7398 мемлекеттік емес заңды тұлға, 5933 шаруа қожалығы тіркелді. Жалпы республика бойынша шаруа қожалықтарының саны жағынан облыс 6-шы орында болды. Осы жылдары өңірде мал шаруашылығын дамытуға айрықша басымдық берілді. Облыстың асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтары қазақтың ақбас сиырларының санын көбейтуді қолға алды. Бұл саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстары Тайынша ауданындағы “Алабота асыл тұқымды мал зауыты” ААҚ-да және оның “Вишневка” еншілес шаруашылығында жүргізілді. Солтүстік өңірде етке бейімделген жоғары өнімді еділбай тұқымды қой өсіру де жүзеге асырылды. Бұл жұмыс негізінен Қызылжар ауданындағы “Элита-Север” ААҚ-да жүргізілді.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңін ауылдар қатты сезінді. Сондықтан еліміздің экономикасы түзелуге бет алған сындарлы шақта ауылдарға бетбұрыс жасалуы заңды еді. Ауылды қолдау жылы аясында жүдеу тұрмысқа жан бітіп, жекешелендірудің солақай саясаты салдарынан еңсесін көтере алмай қалған елді мекендердің әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Соның негізінде облыста ауылдық аумақты дамытудың концепциясы тұжырымдамасы жасалды.
2003 жылы республикалық қаржы есебінен облыста Сергеев су торабын, Булаев, Есіл, Соколов топтық су құбырларын қайта жабдықтау, Уәлиханов және Ақжар аудандарының елді мекендерін сумен қамту жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындарына сапалы су жеткізу – өзекті мәселенің бірі. Сол кезде облыстың 765 елді мекенінің 441-і топтық су құбырларына қосылса, 584 ауылда тұрғындар суды жергілікті көздерден алды. Өңірдегі 200-ге жуық елді мекен таза ауызсуға зәру еді. Республикалық бюджеттен біздің облыстың су құбырларын жөндеуге, қайта қалпына келтіруге 1 миллиард 250 миллион теңге бөлінді. Мұндай көлемде қаржы бұрын бөлінген емес.
Шал ақын ауданының Садовка ауылында мемлекеттік стандарттардың барлық талаптарына сай келетін, 60 метрлік тереңдіктен су тартатын құдық іске қосылды. Пайдалануға берілген ұңғыма – 2003 жылы облыстың елді мекендерін сумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған алғашқы жоба. Есіл ауданы тұрғындары үшін де есте қалатындай елеулі оқиға орын алды. Ауылды қолдау жылы аясында Покровка – Ильинка жолындағы шағын өзенге жаңа көпір, Амангелді ауылына жаңа су ұңғымасы салынды. Аталмыш бағдарлама су жеткізумен ғана шектеліп қалған жоқ, басқа да игі істер тындырылды.
Әлемге тарыдай шашылған қандастарымызды отанға шақыру – ұлттық саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Егемендік алғаннан басталып, етек-жеңімізді жиған 2003 жылы да көш толастаған жоқ. Мәселен, Тәуелсіздіктің бір мүшелге қадам басар тұсында облысымызға квота бойынша 372 отбасы ат басын тіреді. Олар Петропавл қаласына, Мағжан Жұмабаев, Шал ақын, Айыртау, Есіл және Тайынша аудандарына орналастырылды.
Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету ісі де алға басты. Облыстағы отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың, фельдшерлік-акушерлік пункттердің жанында дәріхана ашу жұмыстары біртіндеп қолға алынса, өңірдің рухани-мәдени өмірінде де елеулі өзгерістер болды. Жерлестеріміз, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдық тойы дүркіреп өтті, халық ақыны, әйгілі әнші, сазгер Игібай Әлібаевтың бір ғасырлық мерейтойына орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Поэзия, проза, драматургия әлеміне қадам басқан талапты жастарды, үкілі үміттерді қолтықтан демеп, бағыт-бағдар беру мақсатында “Қаламгер” клубы құрылды.
Ата-бабаларымыздан мирас болған ана тіліміз кеңестік кезеңде отбасы – ошақ қасынан аса алмаса, Тәуелсіздік жылдары бой тіктей бастады. Жаңа ғасыр бастауында облысымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге шындап ниет қойылды. Ана тілдің дамуын сөз жүзінде емес, іспен дәлелдеу жауапкершілігі жүктелді. 2003 жылы Шал ақын ауданындағы Ленин ауылының атауы өзгертіліп, Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраевтың есімі берілді.
Айтулы жылдың аяқталуына санаулы күндер қалған тұста облыс басшысы ауысып, тізгінді белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұров алды. Жылды мол табыс, жағымды жаңалықпен қорытындылаған теріскейліктер одан да биік белестерді бағындыру үшін алға қадам жасауға кірісті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.