Солтүстік Қазақстан облысында «Балақайлар мектебі» атты екі апталық мектепалды даярлық курстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Балақайлар мектебі» облыстың 306 мектебінде ұйымдастырылған. 2 795 бүлдіршінді қамтып, оларған 348 мұғалім сабақ береді. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балалар екі апта бойы оқуға бейімделеді.
«Дайындық курстарының мақсаты – балаларды бастауыш мектепте оқуға дайындау. Балабақшадан кейін әр балаға мектептің тәртібіне көндігу оңай емес. Ал балабақшаға, шағын орталыққа бармаған бүлдіршіндерге бірден партаға отыру тіптен қиын. Сол себепті мектебімізде дайындық оқу топтары құрылды. Мұнда балалар әріп таниды, мәтіндермен жұмыс істейміз, цифрларды үйренеміз. Ағылшын тілінен сабақтар жүргізіледі», – дейді «БЭСТ гимназиясы» КММ бастауыш сынып мұғалімі Рамиля Әлімова.
Даярлық курсынан бала сурет бойынша әңгіме құрастыруды үйреніп, әңгіме, ертегілерді қайталауды, сөздерге дыбыстық талдау жасауды, бейнелеу құралдарын қолдануды үйреніп шығады.
Жалпы СҚО бойынша жаңа оқу жылында 73,5 мың бала мектепке барады, оның 8 мыңнан астамы – бірінші сынып оқушылары.
Сондай-ақ 9-22 тамыз аралығында облыс мектептерінде 2-11 сынып оқушылары үшін «Жазғы мектеп» өз жұмысын бастады.
Мамандардың айтуынша, «Жазғы мектеп» – қашықтан оқу кезінде негізгі пәндер бойынша білімде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру, үлгерімі нашар оқушыларға күрделі тақырыптарды игеруде көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Жазғы мектептің бірінші күні сабаққа 12 мыңға жуық оқушы келді. Өтініштер қабылдау әлі жалғасады.
https://www.inform.kz/