Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Екі аптаға созылған байрақты бәсекеге 205 мемлекеттің 11 мыңнан астам спортшысы қатысты. Аламан жарыста 95 отандасымыз бақ сынап, 8 қола медаль жеңіп алды. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет алтын жүлдесіз қалды.
Жарыс басталысымен ел қоржынына алғашқы медальді 60 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен дзюдошымыз Елдос Сметов салды. Допинг дауынан кейін еліміз Олимпиадаға ауыр атлетикадан екі-ақ спортшы апарды. Дегенмен қос атлет те жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алдымен ерлер арасында 61 килограмға дейінгі салмақта өнер көрсеткен Игорь Сон үшінші орынға ие болса, кейін 55 килограмда Зульфия Чиншанло қола медальға қол жеткізді.
Бұл жолғы додада “әттеген-ай” деген сәттер де болды. Мәселен, Афины Олимпидасынан бері 69 килограмм салмақ дәрежесінде қазақ боксшылары жеңіліп көрмеген. Биыл ел үмітін арқалаған Абылайхан Жүсіпов бірінші кездесуінде-ақ АҚШ-тан келген қарсыласына есе жіберді. Сондай-ақ ел сенім артқан Василий Левит пен Бекзат Нұрдәулетов те алғашқы айналымнан аса алмады. Жеңіл атлетика сынында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова финалға шыға алмады. Солтүстікқазақстандық Ирина Эктова да елге жүлдесіз оралды. Осыдан бес жыл бұрын Риода атой салған Дмитрий Баландин де медальсыз қалды.
Боксшылардың арасынан намысқа тырысқан Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қола жүлдегер атанды. Еркін күресте ел намысын Нұрислам Санаев абыроймен қорғап, қолаға қол жеткізді. Биылғы Олимпиадада алғаш рет жарыс бағдарламасына каратэ қосылғаны белгілі. Бұл спорт бойынша 5 бірдей отандасымыз қатысып, екеуі жүлдегер атанды. Дархан Асаділов пен Софья Берульцева жартылай финалда сүрініп, қоланы қанағат тұтты.
Токио төріндегі байрақты бәсекенің қорытындысында Қазақстан құрамасы 8 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 82-ші орынға тұрақтады. Көш басында 113 медальмен (39 алтын, 41 күміс, 33 қола) АҚШ құрамасы тұрса, екінші сатыға 8 (38 алтын, 32 күміс, 18 қола) 8 жүлдесі бар Қытай жайғасты. Үздік үштікті Жапония (27 алтын, 14 күміс, 17 қола) қорытындылады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.