«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бала үшін бәріміз жауаптымыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен облыстық мәслихаттың депутаты әрі отбасы, әйелдер және балалардың құ­қықтарын қорғау кеңесінің төрайымы болғандықтан ғана емес, ана ретінде де кішкентайларымыздың ертеңгі өмірі қайғы-мұңсыз өтсе екен деп армандаймын. Олар аға ұрпақ көрген қиындықтардың ауылы­нан алыс, алаңсыз өскенін қалаймын. Бар тілеуім – осы. Ана болған соң жүрек түкпірінде жасырынып жатқан, шемен болып қатқан толқулардың, қорқыныштардың болуы заңды. Бірақ бар “кінәні” уақыт ығына ысырып, қол қусырып отыра бергеннен ештеңе өнбейді. Тұрмысымыздың оңалуы да, жұмысымыздың өрге басуы да – өз қолымызда екенін әр санаға сіңіріп, зердеге құя білсек, алынбайтын қамал, аспайтын асу болмайды. “Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің, уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің” деп текке айтылмаған. Бүгінде әлеуметтік желілер адам жанын түршіктіретін, шошындыратын сорақы оқиғалардан аяқ алып жүргісіз. Тіпті күнделікті өмір салтымызға дендеп енгені, санамызға орныққаны соншалық, қаскөйлер әбден азаптап өлтірген адамның қазасын қатардағы, кәдімгі жаңалықтай қабылдайтын болдық, соған етіміз үйреніп кетті. Бізді құртатын – осы немқұрайдылық!

Облыс аумағында педофилдың кәмелетке толмаған қыздарға жасаған айуандық әрекеті туралы естігенде өзімді қоярға жер таппадым. Өз балаларымызды қалай қорғаймыз, қылмыскерден қалай сақтандырамыз, қауіпті жағдай төнгенде әрекет етуге қауқарлы ма деген заңды сауалдардың туындары анық. Алдымен әрбір ата-ананың жауапкершілігін арттыру керек. Баламен сенімді қарым-қатынас орнатып, ашық әңгіме құра отырып, жақсыға дағдыландырсақ, жамандық атаулыдан бойын аулақ салар еді. Жасыратыны жоқ, кей отбасыларда ұл-қызының түздегі қылығына назар аудармау, көңіл бөлмеу салдарынан оның ақыры келеңсіз жағдайларға соқтырып жатады. Басты сылтаулары – жұмысбастылық, күнделікті күйбең тірлік. Меніңше, мұның бәрі – бос сылтау. Бар ауыртпалықты мектепке итере салатын мысалдар да кездеседі. Тіпті болмағанда ұялы телефон арқылы хал-жағдайын сұрастырып отыру соншалықты қиын ба? Ең бастысы, баланы жалғыз қалдырмауға тырысқан жөн. Оның бойындағы күйзелісті, өзгерісті сезсеңіз, дереу психологтың көмегіне жүгінген абзал. Әйтпесе, “батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны” сияқты кейін қолды кеш сермеп, өкініште қалуыңыз ықтимал. Көмекке көп болып жұмылу – сақтандырудың маңызды шарттарының бірі.

Кейде үйдегі жап-жақсы тәлім-тәрбиені көшедегі мінез-құлық әп-сәтте өзгертіп жіберетіні бар. Оны ата-аналардың қойған сұрақтарынан, қабылдау бөлмелеріне түскен өтініштерінен анық аңғаруға болады. Ата-ана тарапынан үнемі ауыр сөз естіп, ұрыс-керіс көріп өскен балғын жастың бар аңсары – үйден кету болатынын тәжірибе анық байқатады. Қысылтаяң жағдайда баланың өзін-өзі қорғауға мүмкіндігі, ақыл-парасаты жете бермейді. Сондықтан бейтаныс адамдардың алдап-арбауына оңай түседі.

Екінші айтарым, компьютерлерге қажетсіз және ықтимал қауіпті сайттарды бұғаттайтын бағдарламалар орнатудың мезгілі жетті. Баланың интернеттегі қауіпсіздік шараларын да үнемі назарда ұстаған жөн.

Бір аңғарғаным, кей көпқабатты үйлердің кіреберіс есігіне құпия құлып орнатылмаған. Қалай болса солай, ашық жатады. Мұның өзі нашақорлардың, болмаса арам пиғылды бөгде жандардың еш кідіріссіз кіруіне мүмкіндік берері анық. Бала үйден шыққанда қайда бара жатқанын сұрап-білгеннің, кездейсоқ танысудан, бейтаныс ортадан алыс жүруін ескерткеннің артықтығы жоқ.

Баланың үйдегі, түздегі қауіпсіздігі “Nur Otan” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау кеңесінің басты назарына алынған. Ішкі істер органдарының жедел топтарымен тығыз байланыс орнатылған. Жасөспірімдердің алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар легі өз жалғасын табатын болады.

Елена ЛЕВИНА,

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау кеңесінің төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp