Ақжар ауданына “Tugurul han – on han” халықаралық корпоративтік қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы, академик, меценат Асылхан Игібаев бастаған бір топ ғалым келді. Ғалымдардың алыс ауданға келу себебі – халықтың дәстүрі, тарихы, мәдениетін жаңғыртып, туған жердің айтулы тұлғаларының рухына тағзым ету. Сондай-ақ біздің ауданымызда жерленген, XVIII ғасырда өмір сүрген атақты Байтайлақ батырдың есімін ұлықтау.
Жұмыс сапары басында Асылхан Игібаев аудан әкімі Қанат Қалиевтің қабылдауында болып, Байтайлақ батыр есімін мәңгі есте сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Алдымен қорымның маңын жинап, оған апаратын жолды қалпына келтіру туралы нақты жоспарымен бөлісті. Талшық ауылында бабамызға ескерткіш орнату және көшеге атын беру, тағы да басқа атқарылуы тиіс шаруаларды жеткізді. Ғалым аудан аумағындағы Байтайлақ батыр жерленген орынды Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізу қажеттігін айтты.
Қанат Қалиев ауданда “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Ақжар өңірі дарынды тұлғалардан кенде емес. Бұл жерде алаштың біртуар азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов, ғалым-ағартушы Зейнілғабиден Әміреұлы секілді азаматтар дүниеге келгенін айтты. Аудан орталығында тарихи-өлкетану мұражайы бар. Онда аудан тарихынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер сақталуда. Кездесу барысында ұлттық рухты жаңғыртып, өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында өзге де іргелі істер қолға алынғаны әңгіме арқауына айналды.
Отырыс соңында аудан әкімі Қанат Қалиев пен Асылхан Игібаев жасалған жоспарды негізге ала отырып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеу туралы келісімге келді. Сонымен қатар Асылхан Жұмабайұлы аудан басшысына Қазақстанның көне тарихы туралы кітаптарды сыйға тартты. Содан кейін “Tugurul han – on han” корпоративтік қорының өкілдері Байтайлақ батырдың басына барып, рухына тағзым етті.
Болат ӘМРИН.