Облыста малға жемшөп әзірлеу науқаны жүріп жатыр. Атқарылған шаруа туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасарлары айтып берді.
Елдегі қуаңшылыққа байланысты алдағы қыстан малды аман алып шығу оңайға соқпайын деп тұр. Біздің облыста да жағдай мәз емес. Биыл өңірде шөптің шығымдылығы төмен. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы алдағы қыс маусымына 850 мың тонна шөп, 800 мың тоннаға тарта сабан, 765 мың тонна жем, 200 мың тоннаға тарта пішендеме мен сонша сүрлем қажет екенін айтып отыр.
– Қазіргі таңда 578 мың тонна шөп дайындалды. Бұл – жоспардың 68 пайызы. Тұрғындардың 56 пайызы қорасындағы малына қажет жемшөппен қамтылған. Қоғамның әлжуаз топтарын мал азығымен қамту мәселесі ерекше назарда. Оған қоса тұрғындарға арнап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерін өткізіп жатырмыз. Бүгінге дейін ұйымдастырылған 29 жәрмеңкеде бағасы қолжетімді шөп, жем және кебек сатылды, – деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Талғат Наурызбаев.
Көктемде 135 мың гектар аумаққа жемазықтық дақылдар себілген. Соның 107 мың гектарына біржылдық, 11 мың гектарға көпжылдық шөп, 17 мың гектардан астам жерге сүрлемдік жүгері егіліпті.
– Халықты сабанмен қамтамасыз ету үшін агроқұрылымдардың басшылары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, табиғи шабындықтарда және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда да жалпы ауданы 6 мың гектар жерде шөп шабылатын болады. Бұның барлығы малға қажет азықты барынша молынан дайындауға мүмкіндік береді, – деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының тағы бір орынбасары Қуандық Шақубаев.
Қазір облыста 390 мыңдай ірі қара, 430 мың бас ұсақ мал және 134 мың жылқы бар. Төрт түліктің дені тұрғындардың қолында. Баспасөз мәслихатына қатысушыларға сауал жолдаған журналистер халық қыстан шығара алмаймыз деген үреймен ірі қараның басын азайтуға әзірленіп жатқанын жеткізді. Өйткені мал азығының бағасы шенеуніктер баяндағаннан жоғары. Алайда басқарма өкілдері агроқұрылым басшыларымен келісімдер жасалғанын, малы бар тұрғындарға қажетті жемшөптің бағасы қолжетімді болатынына сендірді.
Солтүстікқазақстандықтар қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстауға мал азығын жөнелтпек. Қуандық Шақубаевтың айтуынша, алдымен өңір қажеттілігі қамтамасыз етіледі, кейін батысқа көмек көрсетілмек. Әзірге Маңғыстау өңіріне 1 вагон кебек жөнелтіліпті. “Егін жинау науқанының барысына қарай облыстан мың тонна көлемінде құрама жем, кебек және арпа сабанын жіберу жоспарланып отыр. Бұл мәселе бойынша Маңғыстау облысының әкімдігімен келісім бар”, – деді Қуандық Шақубаев.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.