«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕ — БАРШАҒА БАҒДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі ғалым-зерттеуші, саяси және экономика ғылымдарының докторы Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың “Биліктің сабақтастығы, интригалары мен үнқатуы. Қазақстан және әлемдік көшбасшылар. Билік ауыстырудың әлемдік тарихы және қазақстандық тәжірибе” атты кітабын оқығаннан кейінгі ойлар.

Қазіргі замандағы Қазақстан тарихы аса маңызды оқиғаларға толы. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында осы тарихи оқиғалардың мәні мен маңызына зер сала қарасақ, оларды ұлттық, аумақтық және әлемдік сипаттарына қарай жіктеуге бо­лады. Ал кейбір оқиғалардың үш деңгейге де тікелей қатысы бар екенін көреміз. Олардың қатарына 2006, 2009, 2012 және 2015 жылдары Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының II, III, IV және V сьездерін, 2010 жылы елордамызда жалауын желбіреткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) Саммиті және тағы басқа халықаралық оқиғаларды жатқызуға болады. Дәл сондай оқиға 2019 жылы да болды. Бұл оқиға Қазақстанның ішкі саяси өміріне жаңа леп, тың серпін, оң өзгерістер әкелсе, билік “транзиті”, яғни белгілі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Қазақстан Республикасының екінші президенті болып сайлануы әлемдік қауымдастықты елеңдеткен маңызы аса зор оқиға болғаны анық. Өйткені осы уақытқа дейін Қазақстан аумағының Евразия кеңістігіндегі геосаяси маңызы, жер асты мен үстіндегі табиғи байлықтары, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық және аумақтық қана емес, әлемдік деңгейдегі абыройы мен беделі, ол жүргізген Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ұстанымдары мен бастамалары, саясаты, Қазақстанның Орталық Азия аумағындағы көшбасшылық рөлі және т.с.с. әлем жұртшылығы мен көшбасшыларынан өз бағасын алып үлгергенді. Қазақстан секілді аумағы дүниежүзінде 9-шы орын алатын елде жаңа биліктің ішкі және сыртқы саясатта қандай басымдықты ұстанары кімді де болса алаңдатқаны анық.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік тізгінін қолына алғанына екі жылдан астам уақыт өтті. Қазақстан өз бағытымен өсіп-өркендеу үстінде. Әлем тарихында биліктің ауысулары қалай жүрді, әртүрлі ішкі саяси топтардың билік үшін өзара астыртын күрестері қалай өтті? Олардан қазақстандық билік ауысудың ерекшеліктері қандай? Оның тәжірибесі неге көз жеткізіп отыр? Жаңа биліктің ішкі және сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарлары қалай жүріп жатыр? Біз осы және басқа сауалдардың жауабын қолымызға тиген белгілі саясаткер Тайыр Мансұровтың “Биліктің сабақтастығы, үнқатуы мен интригалары. Қазақстан және әлемдік көшбасшылар. Әлемдік тарихтағы билікті өткізу және қазақстандық тәжірибе” ( – М.: ИПЦ “Русский раритет”, 2021. – 224 бет) атты кітабынан табамыз.

Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров – Қазақстан мен Ресейдің саяси өмірінде ғана емес, әлемдік деңгейде белгілі тұлға. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңы мен 90-шы жылдарының басында Кеңес­тер Одағы Коммунистік партиясының орталық комитетінде, КСРО Жоғары Кеңесінде жауапты қызметтер атқарған, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін сегіз жыл Қазақстанның Ресейдегі өкілетті елшісі болған, одан кейін елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Солтүстік Қазақстан облысын абыроймен басқарған қажырлы қайраткердің 2007 жылы Евразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы (ЕврАзЭС) болып сайлануы оның еңбегіне берілген үлкен баға, зор сенім еді. Осы арада экономика және саяси ғылымдардың докторы Тайыр Мансұровтың 20-ға жуық жеке және бірлесіп жазған монографиялардың авторы екенін айта кеткеніміз жөн болар.

Тайыр Аймұхаметұлы өзінің жаңа еңбегінде Тәуелсіздік, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас, интеграция мәселелері, Нұрсұлтан Назарбаевтың Евразиялық жобасы, сондай-ақ КСРО тұсындағы қазақтан шыққан тұңғыш елші Нәзір Төреқұловтың өмірі мен Араб еліндегі елшілік қызметі туралы тереңнен сөз сабақтайды.

Автордың пайымдауынша, “Биліктің ауы­су мәселесі – жалпы әлемдік тарихтағы өзгермейтін маңызды мәселелер қатарына жатады”, “Жоғарғы басшының ауысуы – жай ғана кадрлық ауысу емес, мемлекеттік өмірдің негізіне әсер ететін тарихи оқиға. Ол тіпті мемлекеттің негізін шайқалтуы да мүмкін”. Тайыр Мансұров бұл тұжырымын нақты тарихи фактілер арқылы, атап айт­сақ, Ресейдің, Америка Құрама Штаттарының, Қытай мен Сингапурдың арғы-бергі тарихындағы биліктің ауысуы немесе ауыстырылуы мысалдары арқылы дәлелдеп көрсетеді. Мысалы XIX ғасырдың басында Ресей империясындағы I Павелдің өлтірілуі, 1825 жылғы желтоқсандағы мемлекеттік төңкеріске ұмтылыс (желтоқсаншылар көтерілісі), С.Витте мен П.Столыпиннің әрекеттері, Ресейдегі 1917 жылдың наурыз – қазан айлары аралығындағы биліктегі жиі өзгерістер, Ресей тарихының кеңестік кезеңдегі Лениннен Путинге дейінгі жоғары билік арасындағы ауыстырулар мәселелеріне арнап, саясаттанушылық тұрғыдан саралайды да, өзіндік тұжырымдарын алға тартады. АҚШ пен Қытай тарихындағы осындай тарихи фак­тілерге де шолу жасалады.

Тайыр Мансұровтың тың туындысын парақтай отырып, автор мысал ретінде алып отырған мемлекеттерде ғана емес, әлемдегі барлық елдерде биліктің кезектен тыс ауысуының белгілі бір тарихи заңды­лығы бар екендігіне көз жеткіземіз. Кез келген ел өзінің тарихи даму барысында уақыт шеңберіне сай белгілі бір жаңа талаптар мен үнқатуларға тап болып отырады. Оны дұрыс шеше білу әлемдік немесе аумақтық мемлекеттер арасында қалыптасқан бәсекелестікте сол елді алдыңғы қатарға шығарады. Ал өмірдің жаңа талаптары мен үнқатуларды ескермеу, оларды елемеу сол елді тұралатып тастайды, уақыт жылжығанымен елдің дамуы кенжелеп қалады. Бұл – билікті ауыстырудың обьективті ал­ғышарттары. Бұл – бірінші.

Ал екінші, ол – билік маңындағы әртүрлі мүдделерді көздеген саяси, әлеуметтік-экономикалық, діни және тағы басқа бағыттардағы күштер мен олардың бірлестіктері. Бұл – билікті ауыстыруға алып келетін күштер. Егерде ел дамуына обек­тивті жағдайлар кедергі келтіріп отырса, оны өзгертуге жоғарғы биліктің өзі мүддесіз болса, онда билік маңындағы күштер және олардың уақытша одағы міндетті түрде билікті ауыстыру үшін төңкерістерге, басқа да түрлі әрекеттерге барады, оны ұйымдастырады. Бұған дәлелдер келтіріп жатудың қажеті шамалы. Антикалық заманнан күні бүгінге дейін адамзат тарихында болып жатқан оқиғалар осыны көрсетеді. Бұған Н.С.Хрущевтің биліктен шеттетілуі де айқын дәлел бола алады.

Біз сөз етіп отырған еңбекте әлемдік тарихта билік ауысуының басқа да жолдары бар екені дәттелген. Бұл ретте автор 1959-1990 жылдары 31 жыл бойы Сингапурдың премьер-министрі болған Ли Куан Юдің өмір жолына назар аударады. Ли Куан Ю басшылығымен Сингапурдің кедейшілік жайлаған, экономикалық жағынан артта қалған “үшінші әлем” елінен 30 жыл ішінде жан басына шаққандағы ІЖӨ бойынша әлемнің дамыған елдері қатарына қосылғаны белгілі. Автор сингапурлық “экономикалық ғажайыпты” жүзеге асырған тұлғаның мемуарлық еңбегіне сүйеніп, Ли Куан Юдің “ғажайыпты” қалай жасағанын, ең бастысы, өзінен кейін Сингапурдың даму үдерісін одан әрі жалғастыру үшін билікті премьер-министр Го Чок Тонгқа қалай өткізгенін баяндайды. Ли Куан Ю өзіне ізбасарды ұзақ іздестіріп, адами, моральдық және іскерлік қасиеттерімен көзге түскен жанға бірнеше қызмет ұсынады, істе сынайды. Басқаша айтқанда, өте жоғары деңгейдегі басшылық қызметке даярлайды, ақыл-кеңестерін береді. “Го Чок Тонг туа-біткен саясаткер емес еді. Ол ұзын бойлы, сылбыр қимылдайтын, ебедейсіздеу болатын және ағылшыншасы ақсап жатты, оңтүстік-қытай акценті қатты сезілетін. 1974 жылы ол парламент мүшесі болғанда ұялшақтау еді және шешендік қасиеті болмады. Соған қарамастан ол қабілетті, күш-қуаты мол, мақсат қойғыш, адамдардың мұқтаждарына түсіністікпен қарайтын еді. Көп ұзамай ол үкімет мүшесі болып тағайындалғанда мен оған шешендік өнерден сабақтар алуға кеңес бердім”. Ли Куан Ю ізбасарына өзінің өмір жолынан мысалдар келтіре отыра, тілдік дайын­дықтардан қалай өткенін айтады. Көп ұзамай ізбасарының алғырлығына көз жеткізеді.

Кітап авторы келтірген Ли Куан Юның мына сөздері ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. “Мен 31 жыл бойы пре­мьер-министр болдым. Егерде мен тағы бір рет осы қызметте отырсам, ешкімді де таңғалдырмас едім. Екінші жағынан, егерде қалған жылдарымда өзімнің ізбасарыма премьер-министрлік қызметтің қыр-сырлары мен міндеттерін жақсылап үйретсем, онда ол менің Сингапурдың дамуына қосқан соңғы үлесім болар еді”. Тайыр Мансұровтың кітабымен жақсылап танысқаннан кейін Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік ауысу дәстүрінде әлемдік тарихтағы дәстүрлерді саралай келе, сингапурлық жолды таң­дағанын байқаймыз.

Кітаптың ең бір көлемді тарауы “На­зарбаев феномені” деп аталынып, онда автор КСРО ыдырағаннан кейінгі посткеңестік жағдайларға назар аударады да, Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру мен дамытудағы Нұрсұлтан Әбішұлының еңбе­гін айрықша атап көрсетеді. Сол жылдары автордың өзі де Алматы мен Мәскеу арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты қалыптастыру жолындағы қайнаған еңбектің бел ортасында жүрді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында КСРО ыдырағаннан кейінгі посткеңестік кеңістікте және елімізде қалыптасқан әлеуметтік және экономикалық жағдайдың қалай болғанын қазіргі кезде 40-тың ортасынан асқан әр азамат біледі және түсінеді деп ойлаймын. Қазақ елінің болашағына сенетіндерден, оған күмәнмен қараушылардың саны бірнеше есе көп болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ағылшын саясаттанушысы Джонатан Айткеннің мына сөзі соған дәлел. “…Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында тұрған мәселе­лердің қиыншылықтары сондай, елдің өмір сүруі ең жақсы дегенде әлсіз де, жаман дегенде – мүмкін емес болып тұр”, – деп жазған болатын ол. Халықаралық байқаушылар арасындағы кейбір оптимистер ғана Қазақстан он жыл өмір сүре алады десе, пессимистер одан да аз жыл өмір сүреді деп сәуегейлік танытқан еді.

Көріп отырғанымыздай, сүрінбейтін тұяқ, жаңылыспайтын жақ жоқ дегендей, халықаралық байқаушылар не десе, о де­сін, Қазақ елі өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отыр. Осы жылдары Қазақстан әлемдік қауымдастыққа өзін таныстырып қана қойған жоқ, одан өзінің орнын ойып алды деуге болады. Бұл орайда Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан. Бұл туралы Тайыр Мансұров өзінің Мәскеудің “Молодая гвардия” баспасынан ЖЗЛ сериясымен 2015 жылы жарық көрген кітабында да жан-жақты жазған болатын.

Тәуелсіз Қазақстанның экономикасында мұнай-газ секторының, оның ішінде “Тен­гизшевройл” бірлескен компаниясының алар орны ерекше. Статистикаға жүгінсек, тек бір ғана 2013 жылы мұнай өндіру көлемі 27,1 миллион тоннаны (216 миллион баррель ) құраған екен. Ал осы Теңіз мұнай кеніш орнының Қазақстан үлесіне өтуінің өзінің жеке тарихы бар. Сонау өткен ға­сырдың 70-ші жылдарынан бері КСРО мен АҚШ арасында осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізіле бастаған еді. Қайта құру жылдары бұл мәселе қайта жанданады да, мұнай кен орнын игеру үшін америкалық мұнай өндіретін “Шеврон” компаниясы мен КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі арасында келісімшарттар жасала бастайды. Келісімдер 1991 жылы шілде айында дағдарысқа ұшырайды да, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша КСРО-ның соңғы президенті Михаил Гор­бачев америкалықтармен келіссөз жүргізуді Қазақстан үкіметіне тапсырады. Сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында Теңіз кен орнын игеруді Қазақстан үкіметі өз құзыреттілігіне алады. Борис Ельцинмен айтысып-тартысып жатқан КОКП-ның Бас хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевты өзіне жақындату үшін осындай қадамға барады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақ елі өз позициясында тұрып, Мәскеудің әртүрлі қысымдарына қара­мастан Теңіз кен орнын өз иелігінде ұстап қалады. Тіпті Ресей Федерациясының президенті Борис Ельцин Елбасына “Теңізді маған бер” дегенде, Нұрекең “Онда маған Орынборды қайтарып бер”, – деген екен. Осы еңбекте Теңіз кен орнына қатысты келіссөздер тарихы қызғылықты баяндалған. Тарихи үдеріске қатысушы ретінде ұсынған автордың материалдары өте тартымды.

Тәуелсіздік жылдары Теңіз кен орнымен бірге Қазақстан үшін тағы бір өзекті болған мәселе, ол Каспий теңізінің мәртебесін жағалаудағы бес мемлекеттің анықтауы болды. Жағалаудағы бес ел үшін де Каспий өте маңызды рөл атқарады. Дүниежүзіндегі мұнай қорының көлемі 150 миллиард бар­рель деп есептелсе, Каспий түбінде соның 68 миллиарды жатыр екен. Сондай-ақ теңіздің 695 шақырым жағалауы Ресеймен, 724 шақырымы – Иранмен, 955 шақыры мы – Әзірбайжанмен, 1200 шақырымы – Түркіменстанмен, ал 2320 шақырымы – Қазақстанмен шектесетінін ескерсек, елі­міздің бүгіні мен ертеңі үшін, тіпті алыстағы болашақ үшін бес жақты келісім арқылы теңіз мәртебесін анықтаудың маңызы зор екенін сезіну қиынға соқпайды.

Кітап авторы Қазақстанның Ресейдегі елшілігін басқара жүріп, осы күрделі мә­селеге терең бойлайды, оны шешу жолдарын іздестіруге белсене атсалысады. Тек қана Каспийге қатысты Қазақстан-Ресей арасында өткен бірнеше келісімдерге тікелей қатысады. Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты екі жақты Қазақстан-Ресей келісімдеріне Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған базалық шарттар негізге алынады. Көп ұзамай 2018 жылы тамызда бес ел басшылары қатысқан Ақтау саммитінде Каспийдің құқықтық мәртебесін айқын­дайтын конвенцияға қол қойылады. Осылайша 1992 жылы басталған келісімшарттар 2018 жылы, ширек ғасырдан астам уақыт аралығында аяқталады. Кітап авторының айтуынша, бұл келіссөздер мен келісімшарттарда Президент Н.Назарбаев Қазақстан мүддесін болашақ Қазақ елі үшін қорғап қалған.

Кітапта Нұрсұлтан Назарбаевтың Евра­зиялық идеясының алғаш рет жариялануынан оның іс жүзіне қалай асқандығы жан-жақты қарастырылған. Арада өткен небір күрделі кезеңдер артта қалып, Елбасы идеясы бірте-бірте жүзеге аса бастайды. 2019 жылы 29 мамырда Астанада өткен Жоғары Евразиялық Экономикалық Кеңестің отырысында Ресей президенті Владимир Путиннің Евразиялық экономикалық одақтың қалыптасуындағы тарихи рөлін ескере келе, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары Евразиялық Экономикалық Кеңестің құрметті төрағасы атағын беру туралы ұсынысының бір ауыздан қабылданылуы, кітап авторының пікірінше, тарихи шындықты мойындау болып саналады.

Кітаптың “Назарбаев феномені” атты тарауының соңында автор ерте ме, кеш пе Тұңғыш Президенттің билікті тапсыратын уақыттың келгенін түсініп, өз таңдауын жа­сағанын, 2019 жылы 19 наурызда ел тізгінін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғанын жазады.

Ал таңдау неге Қасым-Жомарт Кемел­ұлына түсті деген оқырман сауалына Тайыр Мансұров былайша жауап береді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Нұр­сұлтан Назарбаев үшін беймәлім тұлға емес, керісінше, егемендіктің алғашқы жылдарынан бері өзінің қасында болған ең сенімді серіктерінің бірі. Ол – Елбасы сеніп тапсырған қандай жоғары мемлекеттік қызметтерде болмасын жеке бастың емес, ел мүддесін алдыңғы қатарға қойып, Сыртқы Істер министрі ретінде Қазақ­станның әлемдік қауымдастықтағы рөлін арттыруға бар күш-жігерін жұмсады. Ең бастысы, қандай лауазымда болса да адамгершілік қасиеттермен қатар, адалдық пен тазалық, принципшілдік, мемлекетшілдік қасиеттерін сақтай білді. Осы жер­де Сингапурдың 31 жыл бойы премьер-министрі болған Ли Куан Юдің өзіне ізбасарды қалай таңдағанын есімізге түсірсек болады. Осылайша автор Қазақстанда биліктің ауысуын былайша қорытындылайды. “Қа­зақстан посткеңестік мемлекеттерге билік транзиті бойынша мастер-класс берді…”. Біздің ойымызша, бұл бағаға тағы да мынадай тұжырымдарды қоссақ артық болмас. Қазақ халқы өзінің бірнеше мыңжылдық тарихы арқылы өзінің мемлекетшіл халық екендігін іс жүзінде тағы да дәлелдеп шықты.

Қазақта “тегіне тартады” деген сөз бар. Тайыр Мансұров Қазақстанның екінші пре­зиденті туралы жаза отырып, оның әкесі туралы еңбегіндегі тебіреністеріне назар аударады. 1923 жылы туған Кемел отбасымен бірге XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы қиыншылықтарды басынан өткереді, бар туысынан айырылып, туған ағасы Қасым екеуі жетімдер үйінде тәрбиеленеді. Одан кейін 1941-1945 жылдардағы соғыс, ағасының қаза табуы, өзінің жараланып елге оралуы, жоғары білім алып, жұмысқа тұруы, отбасылы болуы, Қасым-Жомарттың дүниеге келуі, неге ондай есімнің қойылуы және отбасылық тәрбие баяндалады. Автордың жазғанына қарап, екінші президенттің қалыптасуына әкенің істері мен болмысы әсер еткен деп ой түйесіз. Әке бойындағы адалдық, шыншылдық, тазалық, қарапайымдылық, ең­бекқорлық, алға ұмтылушылық сияқты қасиеттерді зерек бала өз бойына сіңірген, өзіне аманат ретінде қабылдаған.

Кітаптың соңғы тарауында Қасым-Жомарт Тоқаев билігінің екі жылдық мер­зіміне қысқаша болса да сипаттама жаса­лып, бағалар беріледі. Әлемді жайлаған пандемияның кері әсерлері мен оған қарсы үкімет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды бағалай келе, Президенттің соңғы Жолдауындағы бағыттарға тоқталады. Мемлекетті басқару жүйесіндегі жасалар рефомалардың негізгі өзегі – “жауапты мем­лекет – жауапты қоғам – жауапты адам” жүйесін енгізу арқылы мықты жүйені қалыптастыруды көздейтініне баса назар аударады.

Жалпы алғанда, Тайыр Мансұровтың ғылыми-танымдық маңызы зор бұл еңбегінде қазақстандық билік “транзитінің” артықшылықтары жарқырай көрінген. Осыған дейін оқырмандарға жиырмадан астам еңбек ұсынып, талай күрделі мәселелердің түйінін тарқатқан автор бұл жолы да тыңға түрен салып, транзиттің қазақстандық тәжірибесінің басқа мемлекеттер үшін үлгі екендігін дәлелдеп шыққан. Демек, бұл кітап билік ауыстырудың әлемдік тарихын жазуға қосылған сүбелі үлес десек қате­леспейміз.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp