«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМЕЛДІК ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Кемелдік жолы” – журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменовтің қазақ ғылымындағы толағай тұлғалардың бірі академик Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдинмен өзара әңгімеге құрылған екінші кітабы. Бұған дейін жарық көрген “Өмір-өзен” атты танымдық еңбекте Жабайхан Мүбәрәкұлы Қазақстанда философия ғылымының қалыптасып, дамуы, қазақ ғылымы мен мәдениетінің дара тұлғалары Мұхтар Әуезовпен, Сәбит Мұқановпен, Әлкей Марғұланмен, Ермахан Бекмахановпен жүздесулері, Ұлы Даланың Мәңгілік Ел болуға ұмтылысы туралы ой-толғамдарын ортаға салса, бұл еңбекте ұлы Абай, ғұламаның қазақ қоғамындағы орны туралы әңгіме желісін тарқатады. Бүгін сіздердің назарларыңызға осы кітаптан үзінді ұсынып отырмыз.

Құбылмалы ой әлемі

– Абайдың “Толық адам” идеясы ту­ралы әңгімемізді одан әрі жалғастырмас бұрын заманауи философия ғылымы­ның дамуына қатысты сауал қойғалы отырмын. Ғылыми анықтамалықта “фило­софия – адамзат баласының сонау ықылым заманнан басталған білімі, қоғамдық сананың формасы, болмыс пен танымның жалпы заңдылықтары тура­лы ілім” делінген. Грек тілінен аударғанда даналыққа деген сүйіспеншілдікті білдіреді екен. Бұл ұғымның қолданысқа енгеніне талай ғасыр өтті. Осы кезеңде, сөз жоқ, философияның мәні мен функциясы бірталай өзгерістерге ұшырады. Осы жайға қатысты сіздің ойыңызды білгім келеді.

– Сіздің сұрағыңыз, әсіресе әлемде төр­тінші өнеркәсіптік революция, сандық экономика, ақпараттық идеялар дамып отырған бүгінгі кезеңде, аса маңызды деп ойлаймын. Бүгінгі күні дамыған елдерде роботтардың, киберроботтардың соңғы үлгілері қолданыла бастады. Жапония мен АҚШ сияқты елдерде қазірдің өзінде көптеген зауыттар мен фабрикаларда, ірі сауда орындарында барлық жұмысты роботтар атқарады. Олар арнайы салаларда жұмысшылар мен мамандарды жылдам қарқынмен алмастырып келеді. Таяу кезеңде кассирді, есепшіні, лаборантты, дәрігердің көмекшісін, техникалық қызметкерлерді, мұғалімдерді, инженерлерді және басқаларын киберроботтар сенімді түрде алмастыра алатын болады.

Ғалымдардың пікірінше, бүгінгі әлемде ғылыми ақпарат тез ескіруде. Тіпті жоғары оқу орнының бірінші курсында алған біліміңіз бесінші курста ескіріп кетуі мүмкін. Осыдан да адамдардың алдында бір мамандықтан екінші мамандыққа тез ауысып бейімделу қажеттілігі сияқты көптеген мәселелер туындайды. Міне, осы тұста философияның қоғамда атқарар қызметі мен маңызы арта түседі. Өйткені философиялық диалектика негізінен сана, ақыл-ой, зерделеу жүйесін зерттейтін ғылым ғой. Идеяларды байыптап саралаудың да маңызы ерекше артып отыр. Зерделеудің ең басты атқарар қызметі қандай да бір мәселені шешудің жолын табу. Жалпы алғанда, философтардың анықтамасы бойынша, идеяның өзі өмірдің күрделі қарама-қайшы түйіндерін шешуге бағытталған ойлау жүйесінің бір түрі болып табылады. Сондықтан да ойлауға, зерделеуге бейім адамдар философияға, Сократтың, Платонның еңбектеріне ерекше ден қоя бастады.

Жалпы алғанда, Сократ, Платон өнер, білім биігінің ұлы тұлғалары ретінде философияның маңызын ерекше бағалаған. Сократ философия туралы шынайы болмысты жалған болмыстан ажыратуға үйрететін өмір туралы ғылым деп жазған. Сок­раттың осы ойын жалғастыра отырып, Платон нағыз ақиқат деп идеяны атайды. Оның пікірінше, пайымдау, саралау арқылы шынайы, нағыз білімді өзгеріп тұратын сезім-түйсіктің әсерінен тазартатын нақ осы философия. Ол сонымен қатар философия басқа жекелеген бағыттардай емес, ізгілік ұғымын бөліп қарастырады деген ойды бірнеше рет қайталайды. Философия адамға нағыз құндылық ұғымын түсіндіріп, шынайы бақытқа жетуіне жол ашады деген пікірде болған Эпикур адамдарды философияға құлшылық етуге шақырды. Эпикур “ақшасы аз адам кедей емес, дүниеге тоймайтын адам кедей” деген ойды жиі айтқан. Яғни, қолдағы бары өзіне үнемі аз көрінетін байлар кедей.

Философияны Гегель “ой құрсауындағы дәуір” деп атаса, Маркс философияны “мәдениеттің рухани нәрі” деп бейнеледі. Жалпы айтқанда, қоғамды самарқаулық меңдеп, уақыт бірқалыпты баяу өтіп жатқан ты­ныш кезеңде философияға деген қажеттілік туындамайды. Философия ұлы ойшылдарға, дарынды сөз зергерлеріне қажет. Ұлы жазушылар қоғамда оларға сұраныс қажет болған кезеңдерде ғана дүниеге келген. Басқаша айтсақ, философия да, философтар да қиыншылық, дағдарыс, шиеленіс кезеңдерінде, ескі идеялар маңызын жоғалтқан, ал жаңалары әлі пайда болмаған кезеңдерде қажет. Сол уақытта қоғамда “не істеу керек?”, “мына тұйықтан қалай шыға­мыз?” деген сұрақтар туындайды. Міне, ұлы философтардың, ойшылдардың, көрнекті мәдениет қайраткерлерінің сахнаға шығатын сәті де осы кез. Мысалы, Сократ та, Платон да Грекияда, көне Антикада өркендеу кезеңі аяқталған дәуірде дүниеге келді.

Гректердің байлыққа кенелуімен қатар жемқорлық та тамыр жайып, ауыр дағдарыс пайда болды. Өркендеу дәуірінде де солай болды. Өркендеу дәуірінің ірі тұлғалары қо­ғамда қарама-қайшылықтар туып, феодалдық жүйе дағдарысқа ұшырап, адамдар ға­лам, адам, құдай төңірегінде сұрақтар қоя бастаған кезде пайда болды. Осы кезде Эразм Роттердамский, Джордано Бруно сияқты ұлы философтар, көркем өнер, мә­дениет қайраткерлері шықты. Соңынан, ка­питалистік жүйе қалыптаса бастағанда, үшін­ші тап пен феодалдық өндірістік-қоғамдық қатынастар арасында қарама-қайшы­лықтар шиеленісіп кетті. Фрэнсис Бэкон, То­мас Гоббс, Дж. Локк сияқты көрнекті ағыл­шын философтарының, көркем шығарма­шылыққа жаңаша көзқарас әкелген ұлы көркемсөз шебері Шекспирдің еңбектері де осы кезеңге тұспа-тұс келеді. Бір жағынан үшінші таптың феодалдық жүйемен, екінші жағынан феодалдық ақсүйектер қоғамы­ның дінмен қақтығысы Францияда да туын­дады. Сол кезеңде осындай қарама-қай­­шы­лықтардың бастауында Дени Дидро, Клод Адриан Гельвеций, Поль Анри Голь­бах, Вальтер, Руссо, Монтескье және басқа­лары сияқты ұлы француз философтары мен ағартушылары тұрды. Германия тура­лы да соны айтуға болады. Бұл елде де елеу­лі шиеленістер болды. Алайда неміс­тер саяси әрекетке келгенде баяу болатын. Сол кезде Германияда Кант, Гегель, Фихте, Гёте, Шиллер сынды ірі ойшылдар мен өнер қайраткерлері шықты. Бұл орайда Маркс “Гегельдің хұқық философиясына сын” атты еңбегінде немістер қазіргі әлем­нің замадастары емес, тек философиялық тұрғыдан ғана замандастар деген ойын білдірді.

Ресей самодержавиесі ішіндегі қарама-қайшылықтар Белинский, Герцен, Чернышев­ский, Добролюбов, А.С.Пушкин, Ф.М.Достоевский, Л.Н.Толстой, А.П.Чехов және М.Горький сияқты философтар мен төңкерісшіл демократтарды әкелді. Қа­зақ­станда да осындай жағдай болды. 19 ға­сырдың 20-40 жылдары Ресей империясы Қазақстанды түгелдей жаулап алды да пат­шайым Анна Иоановна 1731 жылы қол қойған келісімнің шарттарын бұза бастады. Бұл келісім бойынша Ресей хандық жүйеге, қазақ жеріне тиіспей, қазақтарды әскерге алмауға міндеттенген болатын. Алайда Ресей империясы хандық жүйені жоюға кі­рісті. Қазақстанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ ете түсті. Қазақтардың сан ғасырлық дәстүрінің, өмір салтының тамырына балта шабу әрекеті Шортанбай, Мұрат, Дулат сынды ұлттық өнер алыптарының жүрегіне улы жебедей қадалды. Шортанбайдың ашына жырлай­тыны да осы кез:

Қилы-қилы заман болар,

Қарағай басын шортан шалар,

Сиыры пұл болар,

Қатыны би болар.

Зар заманды болжаған Мұрат Мөңкеұлы да халық қайғысына күңірене үн қосты:

Еділді келіп алғаны,

Етекке қолды салғаны,

Жайықты келіп алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Ой жүгіртіп қарасақ, бұл кез қазақ қо­ғамының өмір үшін күресте тұйықтан жол таппай, қиналған шағы екен. Сол уақытта қазаққа жол көрсеткен дана Абай, ағартушы Ыбырай Алтынсарин болатын. Абай бұдан былай қазақ қоғамы бұрынғы дәстүрлі сүрлеумен жүре алмайтынын, өмір салтын, уақыты өткен дүниетаным мен идеяларды, құндылықтарды түбегейлі өзгерістер күтіп тұрғанын терең сезінді. Қазақтың дәуірі өткен ескі өмір салтын сынай отырып, Абай өміршең, жасампаз тың идеяларды, жаңа қағидаларды ұсынды. Абай қазақтар қиын­дықтан жол табу үшін Батыстың және Ре­сейдің алдыңғы лектегі өлкелерінің қатары­на қосылуы керек деген ой түйді. Бұл үшін қазақ ғылым мен білімді игеруі тиіс. Абай алға дамудың түпқазығы қажырлы еңбек, талап, рақым екеніне берік сенді. Абайдың “талап, енбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой” дейтіні де осыдан. Ыбырай Ал­тынсарин де өз заманыда ұрпаққа ұлағатты сөз қалдырды:

Өнер-білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды.

– Жаке, менің ойыма тағыда бір кө­кейкесті, жұрттың бәрін ойландыратын, толғандыратын мәселе келіп отыр. Өзі­ңіз айтқандай, 21-ші ғасырда өндіріс қар­қынды дамып жатыр, алдыңғы қатар­дағы елдерде, Жапонияда, Америкада киберроботтар қолданылуда. Кейбіреу­лер осы жағдайлар 2030-2050-ші жыл­дары біздің елде де болады деген бол­жам жасап отыр. Бірақ адамзаттың бар­шасын алаңдататын бір мәселе бар. Әлі де болса ядролық қақтығыс, ядролық соғыс қаупі сейілген жоқ. Екінші бір қа­уіп, ол экологиялық мәселе, күннен күн­ге атмосфераны бүлдіріп жатырмыз, турасын айтқанда, жер де, аспан да қоқысқа толып кетті. Үшінші қауіп, киббе­роботтарды пайдалануға байланысты әйелдер, жасы 50-ден асқан адамдар, тар ауқымды мамандық иелері жұмыс­сыз қалуы мүмкін. Осы қауіптерді қалай орап өтуге болады?

– Мені де осы жайлар алаңдатады. Жал­пы әрбір саналы, жауапты, адамды бұл құбылыс шын мәнінде ойландырады, толғандырады. Осыған байланысты қазір әлемде әртүрлі жобалар мен ұсыныстар жасалуда. Айталық, капитал мүддесіне қызмет ететін ғалымдар мен инженерлердің біразы өз шешімдерін ұсынып отыр. Бұл туралы из­раильдік тарихшы, жазушы, ғалым Харари жақсы жазған болатын. Кейбір оқымысты­лардың, инженерлердің пікірі қазіргі адам дамып жетілмеген, сондықтан физика, хи­мия, биологияның жетістіктеріне сүйене оты­рып, миллиардтаған нейрондардан тұ­ратын үлкен миы бар, дене құрылысы мін­сіз, кемел жасанды адам жасап шығару қа­жет дегенге саяды. Мұндай кемел адам осы күнгі шынайы адамға біз хайуандарға қа­лай қарасақ, солай қарайтын болады. Менің ойымша, мұндай ұсыныс та, жоба да адамгершілік қағидасына қайшы келуімен қатар теориялық тұрғыдан да негізсіз. Маркстің жазғанындай, адам болмысы абстрактілі ұғым емес. Бұл адамға тән әр­түрлі қимыл, әрекетті орындауға қабілетсіз­дік дегенді де білдірмейді. Адам болмысы барлық қоғамдық қарым-қатынастардың жиынтығынан тұрады. Қазіргі адамның болмысы бүкіл адамзат тарихының бары­сын­да қалыптасты. Сан дәуірлерге жалғасқан ұзақ тарихи даму барысында адами зерде, сана, тіл, мәдениет, адамгершілік құндылықтар, діни дүниетаным, жанашырлық сезімдері және басқа қасиеттер пайда болды.

Адам бойындағы адами қасиеттердің бәрі де қиындыққа толы тарихи дамудың нәтижесі. Ал ғалымдар мен инженерлердің ұсынып отырғандары шынайы адами қасиет­терге жат. Киберроботтар адамның іс-қимылының нәтижесін қайталаумен ғана шектеледі. Олар нағыз адамды алмастыра алмайды. Тіпті олар жер бетіндегі адамды да, жанды мақұлықтардың бәрін де жойып жіберетін зұлым күшке айналып кетуі мүмкін. Осы тұста қазақ халқының бір әфсанасы ойыма келіп отыр. “Бір жолаушы келе жатып еменнің түбінде дем алуға отырады, қараса бір сандықтың шеті көрінеді. Ол көп ойланбастан сандықты ашады, ішінен үлкен жылан (кобра) шығады, ол дереу адам­ға, “мен сені шағамын” – дейді, оған адам: – Мен саған жақсылық жасадым, сан­дықтан шығардым, сен неге мені шағасың, – дейді. Оған жылан: – Адам ылғи да жақ­сылыққа жамандық жасайды, – дейді. Мәселені шешу үшін үш хайуаннан сұрайық. Ең алдымен, кетіп бара жатқан итті әңгімеге тартады. Ит: – Адам жақсылыққа жамандық жасайды, – деп жауап береді. “Мен ылғида адамға жұмыс істедім, малын қорғадым, үйін қорғадым, қазір мен қартайдым, мені қожайын қуып жатыр”. Бір кезде сиыр өтеді. Олар жаңағы сұрақты сиырға қояды. Сиыр да “адам жақсылыққа жамандық жасайды” дейді. “Мен адамға өмір бойы жақсылық әкелдім, сүт бердім одан олар қаймақ, май жасады, жылда бұзау бердім, оны керегіне жаратты, қазір мен қартайдым, енді мені қожайыным сойып тастамақшы”. Үшінші, бұлардың қасынан түлкі өтіп бара жатады. Ол да “адам жақсылыққа жамандық жасай­ды” деп қысқа қайырады. Осыдан кейін жылан “ал енді шағамын сені” дейді. Осы сөзді естіген түлкі жыланға: – Сен сондай үлкенсің, кішкентай сандыққа қалай сый­дың, – дейді. Сонда жылан: – Көрсетейін, – деп иіріліп сандықтың ішіне жата қалады. Осы кезде қу түлкі сандықтың қақпағын жаба қояды. Содан кейін түлкі: “Сандықтың ішінде не жатқанын білмесең, онда оны ашпа”, – деп жөніне кете барады. Міне, дәл осылай ғалымдар мен инженер мамандар адам болмысын жете түсіне алмай отыр. Демек, олар не жасап шығаратындарын өз­дері де білмейді. Олардың адам баласына қауіпті, жер бетінен адамды тірі жаратылыс­тың бәрімен қоса жұтып жіберетін бір тажалды өмірге әкелуі әбден мүмкін.

Әлемде осы түйткілді шешудің басқа да жолдары, адамгершілік қағидаларына сай келетін баламалы жобалар да бар. Капитал әлемі, тіпті демократияны ту еткен капита­листік елдердің өзі заманымыздың осы сынына жауап бере алмай отыруының бір себебі – капиталистік өндірістің басты мақсаты табыс табуға бағытталуында. Өз заманында Маркс: “Капиталистер 100 пайыз пайда түсетінін сезсе, жандана түседі, 200 пайыз пайда түсетін болса, қуаныштан секіріп кетеді, ал 300 пайыз пайданың шеті көрінгенде осы пайда үшін олар қандай қылмысқа болсын барады”, – деп жазған еді. Осы себептен де капиталистік қоғам за­манның бұл талабына жауап бере алмайды.

Әрбір капиталистік ел күшті, әлемдік бәсекелестікке қабілетті болуға ұмтылады. Қазақстан Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін өзінің ядролық қуатынан бас тартып, әлемді осы бастаманы қолдауға, ядролық қарудан біржолата құтылуға немесе оның көлемін қысқартуға шақырған болатын. Бұл үндеу Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапқанымен, содан бері отыз жылға жуық уақыт өтсе де, ядролық қаруы бар ал­пауыт елдер алапат қарудан бас тарта қойған жоқ. Оның басты себебі жоғарыда айтқанымыздай, жиырма бірінші ғасырда да бәсекелестік қызып тұр.

Әлемде дүние жүзіне төнген қауіпті сейілтудің адамгершілік қағидаларына сүйенген басқа жолдары да бар. Бұл жолды кезінде Маркс ұсынған еді. Маркстің түсінігінде адамгершілікке негізделген коммунизм дәуірі қоғамында пайда табу немесе өндіріс көлемін ұлғайту үшін тауар өндіру емес, әр адамның өзіндік қабілеттерін дамытып, оны жан-жақты жетілдіру басты мақсатқа айналуы керек. Бұл тұжырым бойынша, адамгершілікке негізделген қоғамда адамның жасампаздық қабілеті дамып, дарыны мен сана-түйсігі, өзін-өзі бағалау сезімі жетіледі. Маркс адамгершілік қағидаларына сүйен­ген коммунистік қоғамда әр адамның дара­лық қасиеттері ашылады деген сенімде болған. Адамның даралығын менмендік деген ұғыммен шатастырмау керек. Адамның өзіндік, даралық қасиеттері дамыған қоғамдық қатынастар жағдайында ашылады.

Коммунистік қоғамда ең басты, ең бағалы құндылық адам болғандықтан да адамға қауіп төндіруі мүмкін делінген барлық ғылыми зерттеулерге тыйым салынады. Бұл қо­ғамда адамды шыны сауыттың ішінде өсіру сияқты тәжірибелер туралы сөз болуы да мүмкін емес. Сондай-ақ ядролық қаруға, қоршаған ортаны ластауға тыйым салынып, әйел адамдардың, қарттардың әлеуметтік мәселелерін ұтымды түрде шешу көзделеді. Адами құндылықтар қоғамында кибер­ро­боттар алаңдаушылық туғызбайды. Өйткені мұндай қоғамда әркім өзінің қабілеті мен дарынына сүйеніп жұмыс істейді, олар ақыл-санаға бағынбайтын мәңгүрттерге айналмайды. Сондықтан шығармашылықпен, шабытпен еңбек ететін, үнемі ізденіс үс­тінде жүретін жандар тек қана нақты адам­ның іс-қимылының нәтижесін меңгеруден әрі аса алмайтын киберроботтардан бар­лық жағынан озық тұрады. Біз бүгін ұшақтар мен пойыздарға көлік ретінде қалай қарасақ, ой өрісі үнемі кеңейіп отыратын адам киберроботтарға да жай ғана машина ретінде қарайды.

Өмір мұраты — ізгілік

– Даналыққа деген сүйіспеншілік әле­мінің былайғы жұртқа беймәлім біраз тұстарын сөз еттік. Енді Абайдың кемел адам идеясына ойыссақ. Абай өзінің белгілі өлеңінде былай дейді:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

“Мені” мен “менікінің” айрылғанын

“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

 

Осы өлеңде Абай қалың елге қандай ой тастап отыр?

– Түсінген адамға Абайдың бұл өлеңінің мағынасы өте терең. Байқайсыз ба, оның өлімге деген көзқарасы да өзгеше. Біз бел­гілі біреу қайтыс болғанда ол не істеді, артына қандай жақсы іс қалдырды ол жағын ойлай бермейміз, жүрегі тоқтап, демі таусылғаннан кейін бақиға аттанды деп санаймыз. Абай олай ойламайды. Платон да өлген, Сократ та өлген, бірақ оларды адам ретінде өлді деп айту қиын. Сол сияқты Абай дүниеден 1904 жылы өтті, жеке тұлға ретінде Абдрахманның, Мағауияның әкесі, Ділдәнің, Әйгерімнің жұбайы ретінде өмір­ден озды, бірақ ол данышпан, ағартушы және хәкім ретінде өлген жоқ. Күнде бір нәрсені шешкенде біз Абайға, оның артында қалған мұрасына жүгінеміз, Абайды үлгі етеміз, онымен ақылдасамыз. Сондықтанда Абай өлген жоқ, ол адам баласының мәдениетінен, рухани өмірінен өз орнын алған ұлы тұлға, ғұлама.

– Абайдың ханзада мен Қызырдың кез­десуі туралы өлеңінің астарында да екінің бірі аңғара бермейтін ой жатқан сияқты.

– Далада келе жатқан ханзада бір шалды ұрып жатқан төрт жігіттің үстінен шығады ғой. Ол дереу қаруын, қамшысын ала са­лып, шалға ара түседі, жігіттерді қуып жі­береді. Оның қорғап қалған шалы тегін адам емес, Қызыр екен. Қазақ халқының ұғым-түсінігінде Қызыр ата – сәттілік пен бақ беруші, бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелу­ші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Есін жиғаннан кейін әлгі шал: “Сен әділ, рақымы мол жігіт екенсің”, – деп ханзадаға ризашылығын білдіреді. “Менен не сұ­райсың, бәрін орындаймын”, – дейді. Сосын жігітке үш алманы ұсынады. “Егер ағын алсаң, сен бұл дүниедегі ең ақылды адам бо­ласың. Егер сары алманы таңдасаң, байлыққа батасың, бұл жағынан сенің алдыңа ешкім түспейді, ал қызыл алмаға қызықсаң, сені барлық әйел атаулы жақсы көретін бо­лады” – дейді. Ханзада қызыл алмаға қол созады. Бұл өлеңнің астарында екі мағыналы ой жатыр. Бірінші ой, жұрттың бәрі бақытты болғысы келеді. Тілектерінің орын­далғанын қалайды, бірақ олардың көбіне Қызыр кездесе бермейді. Қызырмен кезде­су үшін ол адам тумысынан әділ, мейірімді, кімге де болса көмектесуге дайын болуы керек. “Көңілі түссе көлдей, көңілі түспесе шөл­дей” мінезі аумалы-төкпелі адамдарға Қызыр атамен кездесу бақыты бұйырмаған. Айталық, біреу адамдарға жақсылық жасап жүріп бір күні өзінің көңіл-күйі немесе жағдайы болмай, салтынан жаңылды делік, ондай адамға Қызыр жолықпайды. Жалпы қатыгез адамдарға, жақсылық жасамайтын, өзімшіл, кісілерге Қызыр еш уақытта кездеспейді. Қызырмен кездесу үшін Абайдың ойынша, адамды жақсы көріп, оған қандай жағдайда болмасын көмек көрсетуді мәңгілік борышы санау керек. Біздің арамызда біреу қиналып тұрса, қол ұшын созбайтын, не болмаса бір қаріп адамға біреулер зорлық жасап жатса, көрсе де көрмеген болып, осылардың бәлесі маған тиіп кетуі мүмкін деп ара түспей, өз жайына кететін жандар аз емес қой. Олар Қызыр көрсететін жақсылықтан мәңгілік күдерін үзулері керек.

– Жәке, Абайдың тағы да бір күрделі толғауы бар. Алла тағала хан мен уәзіріне түсінде аян береді. Жуырда жынды жаңбыр жауады, оның суын ішкен халық ақыл-есінен айырылады, сендер алдын ала таза суды алып қойыңдар дейді. Осы жөнінде сіз не ойлайсыз?

– Айтқандай, расында да жынды жауын жауады. Түстеріне сенген хан мен оның уә­зірі таза су ішіп аман қалады. Бірақ олар жынданған халықты басқара алмай қатты қиналады. Билік пен халық бірін-бірі түсінуден қалады. Ондай жерде береке бола ма, тіпті бұқара халық хан мен уәзірді жынданды деп өлтіре жаздайды. Жағдай күннен-күнге ушыға береді. Енді не істеу керек? Хан мен уәзір ақылдаса келіп, жынды суды ішуге ұйғарады. Ақыры солай істейді. Сөйтіп, олар да жынданып кетеді. Міне, ғажап! Осыдан кейін халықпен екі арадағы түсініспеушілік жойылады. Бұл арада Абай не айтқалы отыр? Халықпен санасу, тіл табысу, олардан оқшауланбау керек. Абай қозғап отырған ой бұрын да, қазір де аса ма­ңызды. Билік пен халықтың арасында алшақтық өте жоғары болмауы керек. Егер билік, байлар дүние қуып, халықты ұмытатын, жүдететін болса, оның аяғы жақсы болмайды. Мұндай жағдайда қоғамда үлкен қайшылықтар туындайды. Осы жайға Платон да назар аударған. Ол өзінің мемлекет туралы еңбегінің 8-ші тарауында билік (байлар) пен бұқара халықтың жайына талдау жасай келіп, мынадай ойға тоқтайды. Ел басқарып отырғандар тек өздерін ғана ойлап, байлыққа құнықса, халықты ұмытса, оларға қалыпты өмір сүруге жағдай жасамаса, өздеріне өздері көр қазған болып шығады. Өйткені халық соқыр, саңырау-мылқау емес, бәрін көреді, түсінеді, әділетсіздікке ашынады. Қолында билігі барлардың қиянаты олардың жүрегіне кек болып қата­ды. Олар айдағанға жүре беретін мал емес қой, күндердің күнінде жағдай мүлде ушығып, ашық қақтығыстар басталады. Оған ағылшынның ұлы жазушысы Чарльз Диккенстің “Лондон-Париж” деген шығармасындағы француздың ұлы көтерілісін мысал ретінде келтіруге болады. Людовик ХVI-ның тұсында графтар, князьдар, барондар өте бай тұрады. Осылай байлықтың буына піскен олар халықтың жағдайын ойлаудан қалады. Оның үстіне қол астындағыларға қиянат жасайды. Ақыры не болды? 1789 жылы француздың ұлы революциясы басталып кетеді. Ашынған халық көшеге шығып, билікті, байларды ешқандай сотсыз өлтіре бастайды. Франциядан Лондонға қаш­қан байлар, аристократтар олардың ұрпақтары өз қателіктерін түсініп, одан сабақ алудың орнына барған жерлерінде революцияны, онда болып жатқан диктатураны шамасы келгенше жамандап, ақты қара етіп көр­сетуге тырысады. Жазушы олар қолдарында билік болғанда, өздерінің не істегенін мүлдем ұмытып кетті дейді. Сол сияқты Қазан төңкерісінен кейін большевиктер байларды, капиталистерді қудалап, олардың зауыт, фабрикаларын мемлекет меншігіне ала бастады. Талай байларды, капиталистерді түрмеге отырғызды, өлім жазасына кесті. Олар да шет елге, әсіресе Франция, Англияға қашып, өздері билік пен байлық қолдарында болғанда бұқара халыққа не істегендерін мүлдем ұмытып, сүттен ақ, судан таза болуға тырысқан. Кезінде Гоголь, Чехов, Горький сияқты белгілі жазушылар басыбайлы шаруаға байлардың қандай зорлық-зомбылық жасағанын жазған болатын. Бірақ олардың ескертуін еле­ген жан болған жоқ. Байлық пен билікке қолдары жетіп, кеуделеріне нан піскен қанаушы тап өкілдері халықты адам деп санаған жоқ. Айта берсек, тарихта мұндай мысалдар өте көп. Бұдан туатын қорытынды қандай? Билік пен бұқара шаруаның арасының алшақтығы, осыдан туған қоғамдағы қайшылық барлық көтерілістердің негізгі себебі болған. Осы мәселенің мәні қазір де өте жо­ғары. Шыны сол, жаңа тәуелсіз елдерде байлар мен қарапайым халықтың арасындағы алшақтық өте жоғары. Бұндай жағдай менің ойымша жақсы емес. Тұрмысы нашар, тапқан табысы ішіп-жеуге жетпейтін отбасылары, зейнеткерлер, мүгедектер өте бай адамдарды жақсы көре бермейді. Түбінде мұның аяғы жақсылыққа әкеп соқпайды, сондықтан да осы мәселені жан-жақты ойлаған жөн. Билік пен байлар халықтың тұрмысын жақсартуды ойлаулары керек. Байлар мен кедейдің арасындағы өте үлкен алшақтықты азайтуға тырысу керек. Халықтың ой-пікірін естіп, терең біліп отырған абзал.

– Абайдың гуманистік көзқарасын тереңірек танытатын тағы бір еңбегі – “Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?” деп басталатын “Ескендір” поэмасы. Шығыс­та Ескендір Зұлқарнайын деген атпен белгілі, ежелгі грек қолбасшысы Александр Македонскийдің өмірі арқау болған бұл шығармасында Абай өзіне дейін Ескендірді жырлаған Батыс пен Шығыстың ақындарының жолымен жүрмей, оның дүние жүзін жаулап алмақ болған шапқыншылық саясатын сынайды. Ақын Ескендірді ұстазына бағындырып, жауыздықты әділеттікке жеңгі­зеді. Ескендірді Абайға дейін жырлаған ақындар да осал емес еді ғой. Абайдың басқа жолды таңдауында не сыр бар екен?

– Иә, Абай басқалар сияқты Ескендірді мақтамайды, керісінше, оның келеңсіз қасиеттерін ашып көрсетеді. Бұл шығармада екі үлкен терең ой жатыр. Бірінші, Абай соғысты, қиянатты мүлдем жек көрген. Ол біреудің жерін тартып алу, жаулап алу ешқандай әділетке жатпайды деп түсінеді. Оның түсінігінде соғысқұмарлық, қиянатшы­лық – ең жаман адамның жасайтын қылығы. Абай не нәрсені болсын күшпен шешуге, зорлық, қиянат жасайтындарға мүлде қарсы. Ол ізгілік, рақым жасау, нағыз адамның қасиеті деп білген. 20-шы ғасырда екі дүниежүзілік соғыс болды, миллиондаған адамдар қырылды. Тіпті 21-ші ғасырда да қиянат пен зорлықтың тауы шағылып тұрған жоқ. Қиянатқа қарсы Л.Н. Толстой да, Ганди да өздерінің ойларын айтқан. Тіпті тарихта соғысқа қарсы пацефистер де бар. Бірақ қазір 21-ші ғасырда төртінші индустриалдық революция кезінде, жақандану заманында дүниеде жаңа гуманистік құрылыс пайда болды. Дүниежүзінде аттары белгілі әлеуметтанушылар, тарихшылар, философтар, жазушылар жаңа идеяны ұсынып отыр. Ол – баламалы және прагматикалық идея. Олардың ойынша, соғысқа, қиянат-зорлыққа қарсы баламалы прагматикалық көзқараспен қозғалысты бастау керек. Қазіргі заманда бұрынғыдай емес, халық білімді, өзін-өзі таниды. Дүниеде адам өмірінен асқан құндылық жоқ екенін түсінеді. Ұлы Абайдың қиянатқа қарсы ойы 21-ші ғасырда жүзеге асуы мүмкін. Әлемде рақым жасау кең етек алған жағдай болуы мүмкін.

Біз сөз етіп отырған поэманың тағы бір те­рең қыры бар. Ескендір әскерімен Индияға келген соң, бір үлкен қақпаға тіреледі. Қақ­паны аш десе, ешкім ашпайды. “Мен Ескендір Зұлқарнайынмын!” – деп айғайлайды, сонда да ашпайды. Бір кезде қақпаның ар жағынан біреу орамалға түйген бір затты лақтырып жібереді, ашып қараса, ол адамның көз сүйегі екен. Оны көрген Ескендір бұл не мазағы деп қатты ашуланады, Сол кезде Ескендірдің жанындағы Аристотель қолбасшыны ақылға шақырып, “бұл сүйекте бір сыр болуы керек”, – дейді. Ол кірдің бір жағына көз сүйегін қояды да, басқа жағына ауыр заттарды салады. Бірақ кішкентай сүйек басып кетеді. Бұл не ғажап деп, Ескендір қару-жарақтарын салып жібереді. Бірақ ол заттардың салмағы да кішкентай көз сүйегіне жетпейді. Сол кезде Аристотель көз сүйегінің үстіне бір уыс құмды салып жі­береді, сол-ақ екен гірдің көз сүйек жағы кө­теріліп кетеді. Абай араны ашылған, қанағаты жоқ адамның тойымсыздығын осылай түсіндіреді. Ескендір бүкіл Грецияны, Египетті, Вавилонияны, Персияны, Орта Азияны жаулап алды. Енді үлкен қиыншылықтармен Индияға келді. Бірақ өзі тойса да, көзі тоймайды. Наполеон да, Шыңғыс хан да Ескендірдің жолын құшты. Сол сияқты қа­зір “қалтасы” 1 миллиард долларға қампиған байлар бар, олардың өздері тойса да көздері тоймайды, байлығын еселеп, он миллиард, жиырма, отыз миллиард долларға жеткізгісі келеді. Олар осыншама көп ақша болашақта өзіне, ұрпақтарына бақыт әкеле ме, ол жағын ойлап бас қатырмайды. Ал қазір Батыстың кейбір байлары өздері өліп-өшіп жинаған дәулеттің ұрпақтарына, балаларына бақыт әкелмейтінін түсініп жатыр. Өздері тер төгіп, енбектеніп таппаған ақша, байлық, құнсыз болады. Олардың көбі көп ақшаны көтере алмай, маскүнем, нашақор болуы ықтимал. Батыстың кейбір ірі байларының жиған-тергенін түгел балаларына қалдырмай денін жетім балаларды тәрбиелейтін мекемелерге, қарттар, мүгедектер үйлеріне өткізуінің бір сыры осында жатыр деп ойлаймын.

– Абайдың қай еңбегін алсақ та аста­рында философиялық түйін жатқанын аңғарамыз. Ғұлама кей шығармаларына қоғамдық, ғаламдық мәселелерді арқау етсе, жеке адамдар, ұрпақ арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне арналған шығармалары да аз емес. Мәселен, 1896 жылы жазған “Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында” деген өлеңін алсақ, әдебиет­та­нушы ғалымдар бұл өлеңнің өз заманы үшін зор жаңалық болғанын, қазақ әйелі басындағы теңсіздік күйді дәл осы үлгіде, осы идеяда, осындай көркемдік шешіммен Абайға дейін ешкімнің жырламағанын жазады.

– Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында,

Хан да жанын қияды қыз жолында.

Алтын-күміс кигені, қамқа, торғын,

Күтуші қыз келіншек жүр соңында.

Деген сөз: “Бұқа буға, азбан дуға”,

Хан қарық боп түсіп жүр айғай-шуға.

Етімді шал сипаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға.

Абай небәрі он шумақтан тұратын бұл өлеңінде өзі өмір сүрген заманның тағы бір ке­селін алға тартып отыр. Абайдың зама­нында қазақ даласында жасы 50, 60, 70-тен асқан шалдар төсек жаңартамыз деп, мал беріп, біреудің 15, 16-дағы қызына үйленіп жатты. Тіпті Абайдың өз әкесі Құнанбай да жасы 60-тан асқан кезде жас қыз Нұр­ға­нымға үйленеді. Абай осыған қарсы. Абай­дың ойынша мұнда екі мәселе бар. Бірінші, дене жағы, шал қанша мықты болғанымен, бетін әжім басқан, денесі суынған кісі. Қыз болса, әлі үлбіреп тұр. Әр ұрпақтың өз заманы, өз құндылықтары, өз көзқарастары болады. Сондықтан олар бірін-бірі түсін­бей­ді, ішінара үндестікте болмайды. Бірін-бірі түсінбейтін адамдардың ерлі-байлы ре­тінде бір үйде тұруы, бастарының бір жас­тықта түйісуі Абайдың ойынша қиянат, зор­лық. “Кімде-кім үлкен болса екі мүшел, мал беріп алғанменен қатын емес”, “Екі көңіл арасы – жылшылық жер, оны қайтып қо­сады ол ант атқан” деген жолдар бәрін ай­тып тұр.

– Абайдың әлеуметтік тақырыптағы өлеңдерінде де, қара сөздерінде де алтын желі болып тартылған негізгі ой – қалың бұқараның “көзін қойып, көңілін ашу”, қа­раңғы қауымды еңбекке, білімге, өнерге, адалдық пен адамгершілікке баулу, аза­маттыққа тәрбиелеу, бір сөзбен айтқанда, жақсылыққа бастау. “Моласындай бақсы­ның, Жалғыз қалдым – тап шыным!..” деп күйзелгеніне қарағанда, ақын тыңдаушы­сын таппаған-ау деп қаласың.

– Жоғарыда біз бұл мәселеге тиіп-қа­шып тоқталғанбыз. Расында да, ақыл сөзді қарапайым адамдардың қабылдауы қиын. Олар бізді қайтесің, бұл сөзіңді игі жақсы­ларға айт дейді. Ал өздерінің бар мақсаты – шамасы келгенше шаруасын жақсартып, малын көбейту. Абайдың “Малға достың мұңы жоқ малдан басқа…” деуінің мәні осында. Өмір бойы тірнектеп жинағаны, тапқаны қапқанына жетпейтін олар тұрмы­сының нашарлығын, кедейлігін көбінесе қоғамнан, биліктен көреді. Федор Достоев­скийдің “Ағайынды Карамазовтар” деген енбегінде “Ұлы жендет” деген тарау бар. Сол аңызда Христосқа даланың ұлы рухы кездесіп: “Сендер дұрыс жасамадыңдар, адамға ақыл бердіңдер, жан бердіңдер, сондықтан адам үнемі өз өміріне риза емес. Оның орнына адамды тойдырсаң­дар, тасты нанға айналдырып, суды шарап­қа айналдырсаңдар, тамағы тойған адамға ештеңенің қажеті болмас еді, барлық бәле ойдан, ақылдан, жан дүниеден шығады”, – дейді. Христос даланың рухымен келіспейді. “Егер адамнан терең ойды, ақылды, жанды алып тастасаң, оның малдан айырмашылығы болмай қалады”, – дейді ол. Абай да осы ойды дәттейді.

– Абайдың айтуынша, ірі байдың, не қолында шексіз билігі бар адамның ғана сөзі өтімді.

– Осылай іс-әрекет жасау, орысқа, қа­заққа, өзбекке, тағы басқа шығыс халықтарына тән. Бұл біздің батыстан айырмашылығымыз. Орыстың ұлы жазушысы И.Тургенев өзінің “Дым” деген шығарма­сында Потугин деген кейіпкердің атынан мынадай сөз айтады: “Біздің, орыстардың, батыстың адамдарынан айырмашылығымыз, біз жігерсізбіз. Сол себептен бізде кім қолына таяқ алса, сол капрал. Біз бүгін Иван­ға бас иеміз, ертең Петрдің алдында, одан кейін Петрді тыңдаудан қалып, Сидордың алдында жалбалақтап жүреміз”. Байқайсыз ба, Тургенев өміршең ой айтқан. Кезінде біз Сталинді құдайдан кем көрмедік, Сталин ұлының ұлысы, жалғыз жарыл­қаушымыз дедік. Сталин өмірден озғаннан кейін барлық кінәні соған жаптық. Осыдан кейін ел тізгінін қолына алған Никита Хру­щев жақсы адам болып шыға келді. Оны бірінші коммунист деп төбемізге көтердік. Хрущев қызметінен кетіп еді, істен алғысыз қылып жамандауға көштік. Брежневті мейілінше мақтадық. Осы үрдіс Ресей бүгінге дейін жалғасуда. Сол сияқты билік пен байлардың алдында қазақтардың да тізесі бүгіліп тұрады. “Аузы қисық болса да бай­дың ұлы сөйлесіннің” кері, жұрт солардың сөздерін тыңдайды. Керісінше, былайғы жұрт ғұлама адамды, жазушы болмаса ға­лымды тыңдай бермейді. Тіпті ол тың ой білдірсе де елең етпейді. Ал енді осы ой биліктің аузынан шықса, барлық газеттер, журналдар, бұқаралық ақпарат құралдары іліп әкетеді, ғалымдар, жазушылар, журна­листер бірімен бірі жарысып мақалалар жазады. Осы арада бір оқиға ойыма келіп отыр. Сырым Батыр Әсет батырдан бата ала­мын деп іздеп келеді. Келіп аттан түс­кен соң бір жас әйелден: – Әсет батыр үйде ме? – деп сұрайды. Сөйтсе, әлгі жас әйел кү­ліп: – “Батыр” дейді, одан да “қатын” де­сеңізші, үйдің сыртында жатыр, – депті. Сы­рым батыр қылышын жұлып алып батырға тілін тигізді деп әйелге тұра ұмтылады, соны естіп жатқан Әсет батыр: – Араша, ашуыңды маған бер, – дейді. Сонда Әсет Сырым батырға: – Батырдың өмірі түзде, соғыс майданында өтеді, оны ауылы сыйла­майды – күнде көреді, қатыны сыйламайды, түнде көреді, – депті.

– Абай “Әсемпаз болма әр неге” дей­ді. Осы бір ауыз сөзді әрі қарай тарқатып көрсек.

– Абайдың әр өлеңін, әр өлеңінің жалғыз жолын талдай берсек, үлкен әңгімеге ұла­сады. Әр адам бақытты болғысы келеді. Бақытты болу деген – осы өмірден өз орныңды табу, қабілетіңе қарай мамандық табу. Бірақ ол оңай шешілетін нәрсе емес. Кей азаматтарға әртүрлі мамандықтар ұнайды. Біреулері жеңіл нәрсені қалайды, мақсатына қиналмай жеткісі келеді. Бұл қазақ айтқан “ауырдың астымен, жеңілдің үстімен” жүргісі келетіндердің таңдауы. Мы­салға жүгінсек, осы күндері кейбір ма­гистранттар, докторанттар оңай шешілетін, мақсатына жеңіл жететін тақырыптарды таңдайды. Кейбіреулері тіпті ешнәрсеге табан тірей алмайды. Анаған да ұмтылады, мынаған да ұмтылады. Абай айтқандай, әсемпаздар бұлар. Осы туралы немістің ұлы философы Гегель де айтқан: дүниеде әдемі нәрсе көп, Испанияның поэзиясы, немістің музыкасы, Италияның сурет өнері, француздардың прозасы… Кімде-кім осы­ның бәрін қаласа, ол шын мәнінде, ешқай­сысын терең қаламағаны. Сол сияқты гректің философы Диоген Сократпен кездесуге келеді. Сократ бір биік дөңде болады, басқалар оған даңғыл жолмен барады. Ал Диоген болса, қиындығы мол бір сүрлеумен барады. Осы қылығын Сократқа айтқанда, Сократ оның қиын жолмен келгенін құптайды. Себебі даңғыл жолмен келе жатқандар ешқандай қиындықты жаңа бір нәрсені көрмеген. Диоген болса қиын жолмен келе жатып, талай ойлы қырлы қиындығы мол жерлерді көрген. Қарап отырсаң, Абайдың ойы осы ғұламалардың ойларымен ұштасады. Абайдың ойынша, әр адамның қабілеті бар. Соған қарай ол орнын тауып бақытты болуы керек.

Қоғамның әрбір мүшесінің өмірден өз ор­нын табуы, әсіресе қазіргі заманда өте көкейкесті. Байқап отырсаңыз, қазір орта жолда мамандығын өзгертетіндер көп. Мұны біз дұрыс түсінуіміз керек. Оларды мамандықтарын өзгертуге әсемпаздығы емес, заманның, өмірдің талабы итерме­леп отыр. Сондықтанда өмірде өзінің орнын табу, дүниеге керек кірпіш болып қалану, ол оңай нәрсе емес. Осы ретте, қазіргі заманда ақылдың, ойдың, шығармашылық идеяның, философияның мәні өте жоғары екенін баса айтуымыз керек. Дүниедегі барлық қиындықты, қайшылықты шешетін адамның ақылы. Осыған орай мектепте, әсіресе жоғары оқу орындарында ақылды, ойды қалыптастыруды алдыңғы қатардағы қажет­тілік деп түсінген дұрыс. Жастарды ойға, ойлануға үйрету керек деп көп айтылады, бірақ оқытушылардың бәрі бірдей оның мәнін терең біле бермейді. Содан да олар студенттерге дайын ақпарат ұсынуға бейім. Ал дайын білімді, ақпаратты киберроботтар тіпті адамдардан артық жасауы мүмкін. Демек, уақыты келгенде киберроботтар ондай ұстаздардың орнын басып жатса, таңғалмаймыз.

– Қалам ұстаған қауым, біз, Абайды әлі толық танып болған жоқпыз дегенді жиі жазады. Осыған не айтасыз?

– Абай өзі мен бір жұмбақ адаммын де­мей ме, оның жүрегінен төгілген жырды түсі­нуді екінің бірінің маңдайына жазбаған. Бұл арада инемен құдық қазғандай еңбек керек. Мысалы Абай:

Дүние – айдын үлкен көл,

Заман – соққан жел,

Алдыңғы толқын – ағалар,

Кейінгі толқын – інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер, – дейді. Бұл өлеңінде Абай оқырманға үлкен диалектикалық ой ұсынып отыр. Диалектиканың бүкіл адамзат тарихындағы атасы грек ғұламасы Гераклит. Ол өзінің “Табиғат” деген еңбегінде дүниенің мәңгілік өзгерісте екенін жазады. Ол адамның дүниетанымына, философияға “мәңгілік қалыптасу” деп аталатын жаңа ұғым, жаңа категория әкелген ғалым. Гераклиттің диалектикасын, дүниетанудағы жаңа ойын халық бірден қабылдаған жоқ. Сол сияқты біздің Абай да қазақ дүниетанымына жаңа диалектикалық ой әкелді. Оның ойынша, дүние – бірін-бірі қуған толқын сияқты, бәрі өзгеріп жатады. Бірақ адамдар оны байқай бермейді. Расында да, біз Тәуелсіздік алғалы үлкен өзгерістер болды. Бірақ сырттан қарасаң, бәрі баяғыдай сияқты. Егер елу жылды алсақ, өзгеріс үлкен, мысалы менімен оқыған студенттерден, оқушылардан төрт-бес адам ғана қалды. Бірақ өмір, дүние сол орында тұрған сияқты.

Абайдың “… болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғұлама көрсеңіз. Ондай болма қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз” деген тағы бір та­маша өлеңі бар. Бұл өлеңінде Абай екі үл­кен мәселені көтеріп отыр. Бірінші, “…Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз…” Егер философия, мәдениет, ғылым тарихына көз жүгіртсеңіз, ұлы адамдар өздеріне лайықты шәкірттер тәрбиелеген. Мысалы, Платон Сократтың оқушысы болса, оның жолын Аристотель жалғастырған, одан көп нәрсені үйренген, оның ілімін, философиясын әрі қарай дамытқан. Ғұламалар көп нәрсені жаза бермейді, олармен тікелей араласқан оқушы ұстазын жан-жақты толық біледі. Тағы да бір мысал: ағылшынның Гоббс деген үлкен философы Ф.Бэконның тікелей хатшысы болған, оның философиялық ойларын әрі қарай дамытқан. Квант механикасының теориясын жасаған Гейзенберг және Дирак Н.Боррдың тікелей оқушылары болып, онымен бірге жұмыс істеген. Сондықтан да ғұламаларға ұқсау, солардан тәрбие алу, солардай болсам деу, әрбір келешегі бар жастың мұратына айналуы керек.

Мен өз өмірімнен бір мысал айтайын. Жетінші сыныпта окып жүргенде әкем үйге “Социалистік Қазақстан” газетін алып келді. Сонда Қ.Сәтпаев туралы үлкен мақала жазылған екен. Әкем маған мақаланы оқышы деді. Мен оқыдым, әкем тыңдап отыр. Мақаланы оқып болғаннан кейін әкем: “Орындалған арман. Қаныш Сәтпаев қазақ халқының мақтанышы”, – деді. Әкемнің осы сөзі менің жүрегімнен үлкен орын алды. Геолог болмасам да ғалым болуды армандай бастадым. Әрине, біз мектепте жүргенде Ньютон, Менделеев, Дарвин туралы оқығанбыз. Бірақ ауылдың баласына Ньютон сияқты болсам деген ой келе қоймайды. Ол ағылшын, біртуар адам шығар?! Ал Қаныш Сәтпаев болса, ол біздің үйден жетпіс шақырым жерде ғана дүниеге келіпті. Неге Сәтпаев сияқты ғалым болам деп ұмтылмасқа.

Жаңағы өлеңнің екінші қыры, Абай: “Он­дай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүй­сеңіз”, – дейді ғой. Абайдың ойынша, талап­танбау, алға ұмтылмау ол ынжық, жалқау адамның қылығы. Дүниеде өз орынын алғысы келген адам, келешегіне ой жүгірткен адам талаптануы керек. Абайдың айтары кейбір бұрынғы ескірген, кері тартпа ойлардан мүлде бөлек. Қазақта “таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер” деген сөз бар. Олардың ойынша, бақ – жақсы өмір сүру, ол бір көктен түскен құбылыс сияқты. Абайдың жаңа ойынша бақтың, нағыз жақсы өмірдің қайнар көзі – ол талап, еңбек, терең ой. Адам баласы өзінің бар­лық жетістігін ақыл-оймен, қайратпен, ғылыммен тапқан.

Сұхбаттасқан

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp