Жалған терроризм – қауіпті қылмыстың бірі. Бұған негізінен телефон, мессенджерлер арқылы немесе кез келген басқа жолмен террорлық шабуыл туралы жалған хабарлама тарату жағдайы жатады. Ешқандай жарылыс орын алмаса да, бұндай хабарламалар жұртты дүрліктіреді. Оқиға орнына арнайы қызметтер тартылып, азаматтарды эвакуациялау жүргізіледі. Кейін түпкілікті тексеру шаралары ұйымдастырылады.
Елімізде аталған қылмыс түріне барған азаматтарға қатаң жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес терроризм актісі туралы жалған хабарлау бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылықты көздейді. Мұндай ауыр жаза 14 жастан асқандардың бәріне қолданылады. Бұдан бөлек, сот шешіміне сәйкес, айыпты деп танылған адам жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын өтеуге міндеттеледі.
Көп жағдайда жалған террористер халық көп шоғырланатын қоғамдық орындар – сауда үйлері, базарлар, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындарына, әкімшілік ғимараттар мен білім беру мекемелеріне, тұрғын үй кешендеріне, вокзалдар, әуежайларға жарылғыш зат қойылғанын хабарлап, телефон шалады. Бұндай жалған ақпарат аталған мекемелердің қалыпты қызметін бірнеше сағатқа тоқтатып, экономикалық залал келтіреді. Мәселен, ірі қалалардағы бір теміржол вокзалын эвакуациялаудың шығыны 1 млн. теңгеден, ал ірі сауда орталықтарының шығындары бірнеше миллион теңгеден асып түсуі мүмкін.
Мұндай қарбаласта кей адамдардың денсаулықтары сыр беріп, жүректеріне салмақ түсіп, инфаркт алулары да мүмкін. Қылмыскерге жаза тағайындауда сот бұл жағдайлардың барлығын есепке алады.
Осындай ауыр жазаға қарамастан кей адамдар терроризм актісі туралы жалған хабарламаларды қалжыңдағысы келгеннен немесе біреуді қорқыту мақсатында тарататыны белгілі. Бұған дейін аталған қылмысты жасағандардың арасында жасөспірімдер, мастар, психикалық ауытқулары бар жандар, жұмыссыздар, діни экстремистер, бизнес серіктестерінен, не жұбайларынан кек алғысы келген азаматтар жиі кездескен. Заманауи технологиялардың арқасында мұндай қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған адамды анықтау еш қиындық туғызбайды.
Кей жағдайда азаматтар ойламаған жерден жалған террорист атануы мүмкін. Мысалы, әуежайларда жеке заттарды тексеру кезінде инспектордың: “Қол сөмкеңде не бар?” деген сұрағына “Бомба” деп әзілдеп жауап беруінің арты жаппай эвакуациялауға, рейстерді кейінге шегеруге, әуежай мен теміржол вокзалдарының жұмысын тоқтатуға әкеліп соқтыратынын естен шығармаған жөн.
Дегенмен кез келген адам қоғамдық орындарда күдікті затты байқаған жағдайда ол туралы міндетті түрде полицияға хабарлауы тиіс. Мұндай қоңыраулар терроризм актісі туралы жалған хабарлама болып саналмайды. Керісінше, олардың қырағылығы мен қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамайтындығын көрсетеді. Бірақ телефон шалушы мән-жайды анық түсіндіріп, өзін таныстырып, полицейлерге қажетті ақпараттың бәрін бергені абзал.
Олег СИНЯКОВ,
“Қоғамдық даму және ақпарат орталығы” КММ-нің дінтанушысы.