Биылғы қуаңшылықтың салдарынан елімізде мал азығы тапшы болып жатқаны соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Мәселен, республиканың оңтүстік және батыс облыстарында жұрт төрт түлігін қыстан аман алып шыға алмайтынын айтып дабыл қағуда. Теріскейде де шабындық тарылып, халыққа шөп қымбатқа сатылып жатыр деген ақпарат тарады. Мәселенің анық-қанығын білу үшін біз Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевты сөзге тартқан едік.
– Мейрам Жақсылықұлы, облыста мал азығын дайындау барысы қалай жүріп жатқаны жайлы айтып берсеңіз. Ауылдағы ағайынның алдағы қыста малын асырайтын шөбі бар ма? Мал азығы қаншадан сатылып жатыр?
– Шынында да, облыста мал азығын дайындау мәселесі өзекті. Құрғақшылықтың салдарынан биыл ауыл тұрғындары мен шаруашылықтар бірқатар қиыншылықтарға тап болды. Дегенмен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан материалдар шындыққа аса жанаспайды. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарына да, тұрғындар үшін де жемшөп қоры баршылық. Шаруашылықтар өз жұмысшыларына шөпті арзандатып, бір орамасын 3,5-4 мың теңгеден сатып жатыр. Сонымен қатар агроқұрылым басшылары өздері шөп шабамын деген тұрғындарға техникасын береді. Бұған ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бастаған мониторингтік топтың өкілдері аудандарға барған сапарда көз жеткіздік. Топ мүшелері агроқұрылым басшыларымен кездесіп, тұрғындармен көзбе-көз сөйлесті. Шөп шабатын шабындықтар мен мал азығының тапшылығы жоқ.
– Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы биліктің тарапынан қандай істер тындырылып жатыр? Төрт түлікті жемшөппен қамту үшін қандай көмек көрсетілуде?
– Біз қоғамның әлжуаз тобына кіретін тұрғындарды мал азығымен қамту мәселесін ерекше бақылауда ұстаймыз. Ол үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырып, қолжетімді бағамен шөп, жем, кебек сатамыз. Мәселен, шөптің тоннасы 10-15 мың теңгеден, кебек 20 мың мен 45 мыңның аралығында, бидай қалдықтарының тоннасы 40 мың мен 50 мың теңгенің аралығында өткізіледі. Мал азығын әзірлеу жұмыстарын жүргізу үшін 5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бүгінде ұн үгу кәсіпорындарымен де тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олардан биыл қанша ұн үгіліп, қандай көлемде кебек алынатыны туралы ақпаратты сұраттық.
– Жемшөп дайындау жұмыстарының қарқыны қалай?
– Облыс бойынша малды қыстан алып шығу үшін 850 мың тонна жемшөп қажет. Бүгінгі таңда шөптің 612 мың тоннасы немесе жоспардың 72 пайызы дайындалды. Оның ішінде агроқұрылымдардың шөппен қамтамасыз етілуі 88 пайызды (358 мың тоннаның 315 мың тоннасы) құрады, ал тұрғындардың 60,4 пайызы (492 мың тоннаның 297 мың тоннасы) қысқа қажет мал азығы қорымен қамтамасыз етілген. 193,7 мың тонна пішендеме қажет болса, бүгінде 84 мың тоннасы дайындалды. Бұл – жоспардың 43,4 пайызы. Сүрлем тамыз айының екінші жартысынан кейін әзірлене бастайды.
Қысқы мал азығын дайындауға ауылдардағы жұмысшылардың барлығы жұмылдырылған. Қазір облыс бойынша жем-шөп әзірлейтін 1163 бригада жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың шөп шабатын техникасы да, оны таситын тракторлары да баршылық. Жұмыс қызу жүруде. Қазір шаруашылықтармен сабанды тұрғындарға беру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни, биыл шабылған астықтың сабанын бұрынғыдай тыңайтқыш ретінде үгітіп тастамай, мал азығына пайдалану қажет. Тіпті батпақты жерлердегі өсімдіктерді, ормандардың маңындағы шөпті де шауып алу жоспарда бар. Абырой болғанда, шілде айының соңы мен тамыздың басында молынан түскен жауын-шашыннан көпжылдық және орманды жерлердегі шөптерді екінші қайтара шабу мүмкіндігі туып отыр.
– Облыс аудандарын мониторингтік топ құрамында аралағаныңызды айтып өттіңіз. Сол сапарыңызда егіннің жайын да байқаған боларсыз. Биылғы астық шығымдылығы туралы не айта аласыз?
– Аптап ыстық біздің өңірді де айналып өткен жоқ. Сондықтан қазір облыстың диқандары қолда бар өнімді шашау шығармай жинап алудың қамымен жүр. Соңғы жауындар жағдайды біршама жақсартты. Жаздың ыстығына қарамастан, орташа есеппен гектарынан 12-13 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз. Барлық агротехнологиялық шараларды қолданудың арқасында кей шаруашылықтар гектар басы 20 центнердің үстінде өнім алады. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы “Тұқым” ЖШС-де дәнді дақылдардың шығымдылығы 25 центнерді құрайды деп күтілуде. Орақтың уақытылы әрі сапалы өтуі шаруашылықтардың техникалық жарақтандырылуына да байланысты. Қуатты тракторлар, заманауи орақ кешендері мен сапалы астық кептіргіштер болса, мол өнім жинауға болады. Облыста бұл жағынан қиындық туындамауы тиіс. Өйткені бүгінде жергілікті агроқұрылымдардың машина-трактор паркінің 92 пайызы орақ науқанына сақадай-сай тұр.
Сұхбаттасқан
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.