«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұстазға ізденіс қажет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2019 жылы 27 желтоқсанда “Педа­гог мәртебесі туралы” Заңға қол қойылып, мұ­ғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағыт­талған нақты шаралар қабылданды. 21 баптан тұратын Заңда елі­міздегі жарты миллионға жуық пе­дагогтың мүдделері жан-жақты ес­керіліп, құқықтары мен міндеттері, педагогикалық қызметке рұқсат беру, сондай-ақ жосықсыз тексерулерден қорғау, ынталандыру, басқа да мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу қарастырылған.

Заңның 15-ші бабында былай деп жазылған: “Педагог өз қызметі саласында тиісті кәсіби құзырет­терді меңгеруге, оқыту мен тәрбиелеудің педагогикалық қағидаттарын сақтауға, оқыту мен тәр­биелеудің сапасын мемлекеттік жалпы міндетті білім беру стандарттарында көзделген талаптардан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге, өзінің кәсіби ше­берлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге, оның ішінде біліктілік санатының деңгейін бес жылда кемінде бір рет арттыруға/рас­тауға міндетті”. Өкінішке қарай, кей мектеп басшылары бұл та­лапты сақтай бермейді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 27 мектепте жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша үш мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мекемесінде және 6 мектепте оқытылатын пән бойынша біліктілік санатын кемінде бес жылда бір рет көтеру туралы талаптарының бұзылғаны анықталды.

“Білім туралы” Заңның 37-бабының 4 тармақшасында: “Бiлiм беру ұйымдары басшы кадрларының, педагогтарының және ғылы­ми қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру бес жылда кемiнде бiр рет жүзеге асырылады”, – деп атап көрсетілген. Алайда 8 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымының тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдерінің біліктілікті арттыру курстарынан уақытында өту қағидаттары орындалмаған.

Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №160 бұйрығымен тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары және тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға қойылатын талаптар қабылданған болатын. Заңға сәйкес бір оқу жылы кезеңінде орта білім беру ұйымына педагог лауазымына алғаш рет қабылданған педагогқа оның кәсіби бейімделуіне практика­лық көмек көрсететін тәлімгер бекітіледі. Жас педагогтарға тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға қойылатын талаптарды, тәлімгерлікті ұйымдастыру тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындап, біліктілік санаттары беріледі. Тәлімгер педагогтарға қойылатын талаптар төмендегідей:

– “педагог-зерттеуші” не “педагог-шебер” біліктілік санаты;

– педагогикалық этиканың негізгі қағидаттары мен нормаларын сақтауы;

– соңғы үш жыл ішінде оқытатын пән бойынша білім алушылардың білім сапасының кемінде 60-70 пайыз болуы.

Шағын жинақты мектептегі тәлімгерге қойылатын өзіндік талаптар бар. Олар:

– “педагог-зерттеуші” не “педагог-ше­бер” біліктілік санаты;

– педагогикалық этиканың не­гізгі қағи­даттары мен нормаларын сақтауы;

– соңғы үш жыл ішінде оқытатын пән бойынша білім сапасының кемінде 50-60 пайыз болуы.

Профилактикалық бақылау барысында тәлімгерлікті ұйымдастыру жұмысы зерделеніп, бірқатар кемшіліктер анықталды. 4 мектепте оқу бітіргеннен кейін сабақ бере бастаған жас мұғалімдерге тәлімгерлік ұйымдастырылмаған. Тексеру нәтижелері бойын­ша мектеп әкімшіліктері пән мұғалімдеріне нормативтік-құқықтық актілер негізінде түсіндіру жұмыс­тары жүргізіліп, ұсыныстар берілді.

Бүгінде педагогтар қауымы бірыңғай мәртебеге ие және өзара кәсіби қызмет ерекшеліктерімен өзгешеленеді. Білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарын сақтау жағдайында педагогикалық қызметті ұйымдастырудың тәсілдері мен нысандарын еркін таңдау, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті жүзеге асыру, педагогикалық практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізу, оқу құралдарын, материалдарды және білім беру бағдарламасына сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің өзге де құралдарын таңдау, білім беру бағдарламаларын, оқу жоспарларын, әдістемелік және білім беру қызметінің өзге де құрауыштарын, сондай-ақ оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді және оқу құралдарын әзірлеуге қатысу сияқты сан-салалы құқықтар мен шығармашылық еркіндік берілген. Басқа да әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Олай болса, мектеп директорлары мен пән мұғалімдері білім мен біліктілікті ұштастыра отырып, кәсіби шеберлік, оқудың сапалық жағына барынша назар аударғандары абзал.

Күлзира НҰРТАЕВА,

білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp