«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Абай күні – даналықтың мейрамы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Абай күні мерекесіне орай Қызылжардың орталық алаңындағы “Абай-Пушкин” ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов пен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаев – халқымыздың ұлы тұлғасы. Өткен жылы ақынның 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Пандемияға қарамастан бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Абай атамыздың шығармалары халқымыздың мәңгілік рухани мұрасы. Сондықтан Абай күні мерекесінде ақынды еске алып қана қоймай, оның шығармаларымен жете танысып, өскелең ұрпаққа дәріптеуге мүмкіндік туып отыр. Ұлы ойшылдың даналығы қай кезде де маңызын жойған жоқ. Осындай дарынды тұлғаның өмірі мен өнерінен кейінгі буын үлгі алып, оның “толық адам” ілімін көкейге түйсе ғанибет болар еді, – деген Ғани Сақтағанұлы жерлестерімізді аталмыш мейраммен құттықтап, қоғамға адамгершілікті, әділдікті насихаттап, жастарды ғылым мен білімге ұмтылуға шақырған ойшылдың әр сөзі философияға тұнып тұрғанын жеткізді.

Ұлтымыздың тарихында ерекше орын алатын ұлы тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында Үкімет қаулысымен бекітілген Абай күні мерекесі биыл екінші мәрте аталып өтті. Қызылжардағы еңселі ескерткіш маңына жиналған қауым ұлылар үндестігін сөз етіп, мерекенің маңызына тоқталды. М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева ақынның мұрасы әлемдік мәдениет тарихындағы ерекше құбылыс болып саналатынын жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp