«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТУ – ҚЫЛМЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жалған терроризм – қауіпті қылмыстың бірі. Бұған негізінен телефон, мессенджер­лер арқылы немесе кез келген басқа жолмен террорлық шабуыл туралы жалған хабарла­ма тарату жағдайы жатады. Ешқандай жары­лыс орын алмаса да, бұндай хабарламалар жұртты дүрліктіреді. Оқиға орнына арнайы қызметтер тартылып, азаматтарды эвакуация­лау жүргізіледі. Кейін түпкілікті тексеру шаралары ұйымдастырылады.

Елімізде аталған қылмыс түріне барған азаматтарға қатаң жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес терроризм актісі туралы жалған хабарлау бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөл­шерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мер­зімге бас бостандығын шектеу, не сол мер­зімге бас бостандығынан айыру түріндегі қыл­мыстық жауаптылықты көздейді. Мұндай ауыр жаза 14 жастан асқандардың бәріне қолданылады. Бұдан бөлек, сот шешіміне сәйкес, айыпты деп танылған адам жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығында­рын өтеуге міндеттеледі.

Көп жағдайда жалған террористер халық көп шоғырланатын қоғамдық орындар – сау­да үйлері, базарлар, дүкендер, қоғамдық та­мақтану орындарына, әкімшілік ғимараттар мен білім беру мекемелеріне, тұрғын үй ке­шендеріне, вокзалдар, әуежайларға жарыл­ғыш зат қойылғанын хабарлап, телефон ша­лады. Бұндай жалған ақпарат аталған меке­мелердің қалыпты қызметін бірнеше сағатқа тоқтатып, экономикалық залал келтіреді. Мә­селен, ірі қалалардағы бір теміржол вокза­лын эвакуациялаудың шығыны 1 млн. теңге­ден, ал ірі сауда орталықтарының шығын­дары бірнеше миллион теңгеден асып түсуі мүмкін.

Мұндай қарбаласта кей адам­дардың денсаулықтары сыр беріп, жү­ректеріне салмақ түсіп, инфаркт алулары да мүмкін. Қылмыскерге жаза тағайындауда сот бұл жағдайлардың барлығын есепке алады.

Осындай ауыр жазаға қарамастан кей адамдар терроризм актісі туралы жалған хабарламаларды қалжыңдағысы келгеннен немесе біреуді қорқыту мақсатында тара­татыны белгілі. Бұған дейін аталған қылмысты жасағандардың арасында жасөспірімдер, мастар, психикалық ауытқулары бар жандар, жұмыссыздар, діни экстремистер, бизнес серіктестерінен, не жұбайларынан кек алғысы келген азаматтар жиі кездескен. Заманауи технологиялардың арқасында мұн­дай қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған адамды анықтау еш қиындық туғызбайды.

Кей жағдайда азаматтар ойламаған жер­ден жалған террорист атануы мүмкін. Мыса­лы, әуежайларда жеке заттарды тексеру ке­зінде инспектордың: “Қол сөмкеңде не бар?” деген сұрағына “Бомба” деп әзілдеп жауап бе­руінің арты жаппай эвакуациялауға, рейс­терді кейінге шегеруге, әуежай мен теміржол вокзалдарының жұмысын тоқтатуға әкеліп соқтыратынын естен шығармаған жөн.

Дегенмен кез келген адам қоғамдық орындарда күдікті затты байқаған жағдайда ол туралы міндетті түрде полицияға хабарлауы тиіс. Мұндай қоңыраулар терроризм актісі туралы жалған хабарлама болып саналмайды. Керісінше, олардың қырағылығы мен қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қара­май­тындығын көрсетеді. Бірақ телефон шалушы мән-жайды анық түсіндіріп, өзін таныстырып, полицейлерге қажетті ақпараттың бәрін бергені абзал.

Олег СИНЯКОВ,

“Қоғамдық даму және ақпарат орталығы” КММ-нің дінтанушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp